Жазушы-драматург, қоғам және мемлекет қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиевтің Фейсбук парақшасынан алынды.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов:
«Ел тағдыры үшін жауапкершілік елден басталуы керек!»
*******************************************************************
Бүгін (21 маусым 2024 жыл) Көкшетауда, Ақмола облысының барлық деңгейдегі әкімдерінің форумы болып өтті.
Форумды облыс әкімі Марат Ахметжанов ашып, алда тұрған міндеттерді бүгінгі қойылып отырған талаптарға сай жіктеп те, жіліктеп те айтып берді.
Бұл форумға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов қатысып, сөз сөйледі.
Жай ғана сөйлеп қойған жоқ, өзі әкім болып басқарған Ақтөбе облысының мысалында ауылдық жерлерде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен өндіру және сатуды ұйымдастырудың озық үлгілерін слайд көріністері арқылы баяндап, түсіндіріп отырды.
Және де осы Ақтөбе облысының шалғайдағы ауылдарының шаруа қожалықтарының иелерінің, ауыл әкімдерінің бір шоғырын өзімен бірге ала келіп, олар да өз тәжірибелерімен бөлісті.
Бұл үлкен әрі маңызды жиын болды.
Ақмола облысының барлық аудандары мен қалаларының және барлық ауылдық округтерінің әкімдері, аудандық және қалалық мәслихаттардың хатшылары, облыстық ведомстволардың басшылары, облыс әкімінің орынбасарлары қатысқан мұндай алқалы жиын өтпегелі қай заман. Әрине, бір мерекелік шараларда жиналып, мақтау мен мадақтаудан аса алмайтын қызыл сөзді жиындар болып келгені де бар.
Алайда бүгінгі жиында «ауылды қалай өркендетеміз, ауылды қалай сақтап қаламыз, ауылды жерлерде бизнесті қалай ұйымдастырамыз, ауыл әкімдерінің рөлі мен жауапкершіліктерін қалай көтереміз?» деген бір ғана мәселе сөз болып, алуан пікірлер айтылды.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың ел тағдыры үшін жауапкершілік елден басталатындығын алға тартты.-Ауыл әкімдері ел, сол елде тұратын әр адамның тағдыры үшін жауапты екендіктерін толық сезіне білулері керек. Қазір Президентіміз Қасым –Жомарт Тоқаев ауылды дамыту мен ауыл халқын қолдаудың тамаша және бұрын-соңды болып көрмеген мүмкіндіктерін беріп отыр.
Міне, осы жайды айта келіп облыс әкімі Марат Ахметжанов өңірді дамытудың негізгі міндеттеріне тоқталды.
Әрине, Ақмола облысының ауылдарында да ақтөбеліктер жолға қойған жақсы да игі істердің біразы бар екендігін айтар едік.
Алайда бұл жиын былайша айтқанда Ауыл әкімдері үшін «ауылды жерде істі бүгінгі күннің талабын сай қалай ұйымдастыруға болады?» деген ашық сабақ бәсіне татығаны анық.
Біз бірімізден біріміз үйрене отырып, елге пайдасы тиер әр жақсы істі лезде іліп әкетіп, соны кәдеге жарата білгеніміз абзал! Заман талабы осы!
Форумның пленарлық отырысында сөз сөйлеп, ұлттық құндылықтарымыздың сақталар және дамуының қайнар көзі ауыл екендігін, бүгінгі ауыл әкімдері тек билеуші ғана емес, ол сол ауылдың тәрбиешісі мен өнегелі ел ағасы рөлін атқаруы керек. Қазір Президентіміз жастардың кітап оқуына да мән беріп отыр. Елді мекендердегі бар кітапханаларға да, мәдениет ошақтарына да әкімдер көңіл бөліп отыруға міндетті.
Және де жергілікті газеттердің де елге таралып тұруларына да көңіл бөлгендері абзал!
Кезінде, Биағаң, Бейімбет Майлиннің айтқан «Гүлденсе ауыл, гүлденерміз бәріміз!» дегені бүгінгі күннің ұранына айналса етті.
Және де Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам!» дегені де ендігі арада біздің әрқайсымыздың Тәуелсіздік алдындағы жауапкершілігіміздің басты ұстанымы болса етті!
R.S . Ауыл! Әр қазақтың жерұйығы ауыл десе селт ете түсер жүрегімізбен кәне, бәрміз де ауыл үшін жан аямай еңбек етейік!