spot_img
Жексенбі, Маусым 23, 2024
25.2 C
Kokshetau

236 ақмолалық мектеп бітіруші «Алтын белгі» төсбелгісіне ие болды

Сондай-ақ...оқыңыз

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов егеменді еліміздің болашағы, ертеңінен үміт күттірген биылғы мектеп бітіруші «Алтын белгі» иегерінің салтанатты шарасына қатысып,  құттықтау сөз сөйледі. Замандастарынан озып шығып үздік мектеп бітірушілерді аталмыш төсбелгімен марапаттап, 100 мың теңгелік сертификаттар табыс етті.

Биылғы «Алтын белгі-2024» түлектер салтанаты бұрынғыдай облыс орталығының ғана үздіктерінің қатысуымен емес, қала-аудандардың да «Алтын белгі» иегерлерінің келуімен ерекшеленді. «Көкшетау» мәдениет сарайының жарты залын алған жас түлектер  облыс әкімінің ақжолтай тілегін тыңдап, оларға болашақта артылған сенім мен жауапкершілікті жүректерімен сезініп, түйсіне алды деп ойлаймыз. Кеше ғана бүлдіршін болып мектеп табалдырығын алғаш аттаған ұл-қыздарының он бір жыл бойы білім алып, оқуда озат шыққандарын көруге келген ата-аналары мен ұстаздарының жүздеріндегі қуанышы мен жүрек толқынысы кім-кімді де сүйсінтпей қоймасы анық.

Биыл Ақмола облысында биыл жалпы білім беретін орта мектепті 4967 түлек бітірсе, олардың 236-сі оқуды озат аяқтаған «Алтын белгі»,  377-сі үздік аттестат иегерлері атанып отыр.

–Бүгін марапаттарыңыз он бір жыл бойы алған білімнің жемісі, білікті ұстаздар мен ата-аналардың ортақ жеңісі деп санаймын. Сіздердің әрқайсысыларыңыз Қазақстанның болашақта көркеюіне үлес қосасыздар деп сенеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беру керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет» деп айтқан болатын. Сондықтан біз білімді, дарынды, болашағынан зор үміт күттіретін жастарымызға әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз. Ал, түлектер сіздер өз кезектеріңізде білім алып, даму жолдарын жалғастыруларыңыз маңызды, –дей келе облыс әкімі жас ұрпаққа білім алғанда адамгершілік қасиеттер мен тәрбиені де сіңірудің керектігін ерекше атап өтті. Ғұмала ғалым, әлемнің екінші ұстазы атанған Әл-Фарабидің «тәрбиесіз алынған білімнің адамзатқа қас жауы» деген сөзінің мән-мағынасын ұғындырды. Өңіріміздің түрлі халықаралық, республикалық байқау-жобаларында үздік шыққан дарынды оқушыларын ерекше атап өтті. Олар – Көкшетау қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының түлектері Дариға Башарова, Алуа Дулатова, Камила Ким, Атбасар қаласының № 2 және №3  жалпы білім беретін мектептерінің түлектері Нұржан Мұратов пен Артём Каблуков, Степногорск қаласының түлектері Дарья Гомзикова, Мадина Мурсатова және тағы басқалары.

Салтанатты кеш тек мектеп бітірушілер үшін ғана емес, сонымен бірге ата-аналардың да үлкен қуанышы. «Алтын белгі» төсбелгісімен марапаттау сәтінен соң, жүректері елжіреп, балаларының үлкен өмірге қанат қағуына алғаш жасағалы отырған қадамдарына ақжол тілеп отырған барша ата-аналар атынан Айнур Башарова сөз сөйлеп, ұстаздар қауымына ақ алғысын жеткізді.  Сонымен бірге, Көкшетау қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының түлегі, «Алтын белгі» иегері Әділ Дәулетбаев жүрекжарды лебізін білдіріп, 11 жыл бойы білімнің кәусарына кенелтіп, саналы тәрбие берген ұстаздарына, әрқашан жандарынан табылған қамқоршы ата-аналарға, бірге ойнап, бірге күлген қатарластарына ізгі тілек-лебізін айтты. Облыс әкімі Марат Мұратұлына да дара шыққан жастарды қолдап, марапаттау рәсіміне қатысқаны үшін алғыс білдірді.

–Бүгінгі салтанатты шараға қатысып отырған «Алтын белгі» иегерлерін шын жүректен құттықтайтын. Біз алда жоғары білім алып, бір-бір маман иесі атанып, ел дамуына өлшеусіз үлес қосатын азамат болып, бізге артылған үмітті ақтауға тиіспіз, –деді ол.

«Алтын белгі-2024» салтанатты шарасы концерттік бағдарламаға ұласып, ән мен күйден шашу шашылды.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Көкшетау қаласында «MIND»акселератор командаларының Ақмолалықтармен кездесуі өтті

 Іс-шара Қазақстандағы БҰҰДаму бағдарламасының (БҰҰДБ), ҚазақстанРеспубликасы Парламенті Сенатының қоғамдықжобалық кеңсесінің және Maqsut Narikbayev Universityқолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шараға түрлі топтар мен ұйымдар,...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img