Жыл сайын өткізілетін балалардың кітап мерекесі биыл да жалғасын тауып, апталық нәтижелі аяқталуына орай Балалар кітапханасында қорытынды іс- шара өткізілді.
«Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Кітап оқуға деген құштарлық ерте жастан басталуы керек, оған қажет оқулық, шығармалар кітапхана сөрелерінде жеткілікті.
Апталықтың басты мақсатымыз – кітап оқуды насихаттау, өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін арттыру, жастарды кітап оқуға тарту, көркем әдебиетке деген құштарлығын ояту. Осыған орай, балалар мен жасөспірімдер кітабының апталығы аясында оқырмандармен бірлесе отырып, қызыққа толы әртүрлі шаралар өткізілді.
Салтанатты марапаттау рәсіміне Көкшетау қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесінің басшысы, қаламгер, ақын-жазушы Серік Жетпісқалиев қатысты. Ол жас оқырмандарға өзінің жүрекжарды тілегін жеткізіп, кітаппен қалай дос болғанын, оған қызығушылығы қалай артқаны туралы әсерлі әңгімелеп берді. Кітапхана қорындағы өзінің авторлық кітаптарымен, «Балдырған» журналындағы жеке шығармаларымен таныстырып өтті.
Апталық барысында өткізілген кітапханалық шараларға белсене қатысып, кітап пен кітапхана арасында алтын көпір болып жүрген оқырмандарға алғысымыз шексіз. Рухани қазына орталығында кітапты құмарта оқып, біздің тыныс-тіршілігімізбен бірге тыныстап жүрген белсенді оқырмандарымыз бары біз үшін өте қуаныш. Кітап апталығы оқырмандарға жаңа білім, жақсы көңіл күй сыйлайды деп ойлаймыз.
Апталық барысында белсенділік танытқан оқырмандарымыз – «Дарын» мектеп-интернатының оқушысы Дария Әпсалямова, қалалық № 9 мектептің оқушысы Шахназар Бекболат, Сәкен Жүнісов атындағы № 18 мектептің оқушылары Айзере Нұрлан, Айзере Елеусіз, Айбота Еламан, №13 ЭКОС мектеп-гимназиясының оқушылары Жансерік Елубай, Сымбат Сансызбай, Шыңғысхан Юсуп, Малика Есләмбек алғыс хаттармен марапатталды. Осы орайда, оқушыларға жетекшілік жасап, олардың кітапқа деген қызығушылықтарын оятып, біздің кітапханамен ынтымақтаса жұмыс істейтін №13 ЭКОС мектеп-гимназиясының кітапханашысы Наталья Свидерская мен «Әулет» мектептен тыс жұмыстар орталығының клуб жетекшісі Гүлнар Халелованың еңбегін ерекше атап өткіміз келеді. Бала жанын адамгершілікке баулып, рухани азық алуға ұмтылдырғандары, қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларына қызықтырғаны – өз мамандықтарына деген адалдықтары деп білеміз.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқуға шақырамыз» мақаласында айтқан міндеттерді жүзеге асыру аясында алдағы уақытта да кітапхана жұмысын жандандырып, оқырман қауыммен түбегейлі жұмыстар атқаруға атсалысамыз. Рухани білімнің, рухани мәдениеттің ордасы кітапхана ешқашан мәні мен маңыздылығын жоймайды.
Бақытгүл Ғалиева,
Көкшетау қалалық
Балалар кітапханасының меңгерушісі.