spot_img
Бейсенбі, Мамыр 2, 2024
6.2 C
Kokshetau

Тағы да су тасқыны. Өткеннен сабақ ала алмай келеміз…

Сондай-ақ...оқыңыз

Бүгінгі таңда елімізді әбігерге салған су тасқыны әлі сейілер емес. БАҚ, әлеуметтік желілер төтенше жағдайдағы елді мекендерді, су басу қаупіндегі ауылдарды жіпке тізуде. Бұл ақпараттарды ескерсек, елімізде бұрын қалың қар жауып, қыс болмаған ба деп қаласың?

Әсілі олай емес, дүние жаралғалы бұл дала бұндай қарлы, қаһарлы қыстың неше түрін көрді. Бұлай әбігерге түсіп, шулауымыздың себебі неде, көктемгі еріген қар суы неге сонша әуреледі? Осы сұрақтарға жауап беру үшін облысыздың су басу қаупі ықтимал бірнеше ауылына іссапармен барып, мән-жайды көзбен көріп қайттық. Олардың қатарында Целиноград ауданына қарасты Қоянды, Қараөткел, Аршалы ауданындағы Жібек жолы ауылы мен елорда іргесіндегі Қосшы қаласы бар.

Қоянды ауылына кіргенде-ақ, көше толы үйілген қарлар мен қар суының көлшіктері көзге түсе бастады. Осы сәтте қар шығару жұмыстары жүргізілмеген бе деген сұрақ туындады. Ауылда бұған дейін 5 үйді су алса, оның екеуі уақытша баспана болған. Біз барған уақытта аталған үйлерден су толығымен шығарылса да, далаға жайылған қар суы тұрғындарды әлі де үрейде ұстап отыр. 110-ға жуық көшесі бар ауылдың қарын шығаруға 55 миллион теңге бөлінгені белгілі болды. Көше арасы қарының шығарылмай, үйіліп жатуына бірден бір себеп, осы қаржы мәселесі. Жауапты тұлғалардың айтуынша, ауылды қардан тазартуға кемінде 500 миллион теңге бөлінуі керек. Бірақ, мәртебесіне байланысты Қояндыға қаржы ауылдық деңгеймен өлшеніп, қарастырылады. Аты ауыл болғанымен, мұнда қазір тұрақты тіркелген 30 мыңға жуық халық тұрып келеді. Үйлердің су астында қалуына тағы бір себеп 2018 жылға дейін ауылдағы үйлердің стандартсыз салынуы. Қалай болса, солай салынып, су тасқынына қарсы шаралар сақталмаған.

– Ауылдың көптеген үйінде іргетас жоқ десе де болады. Құрылыс дұрыс жүргізілмеген. Бұрынғы суағарлардың орнына да үй салынып кеткен. Кейін ауылішілік жолдарға асфальт төселсе де су ағар, арық қарастырылмаған, – дейді ауыл тұрғыны, жеке кәсіпкер Бақыт Алуай. Үй салып, өркендегеннің жөні осы деп, бұл жерге 2004 жылдан бері 5000 үй салынып үлгерген екен.

– Жедел штабқа түскен өтініштерге құлақ асып, су сорғызу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін 80-ге жуық өтініш түсті. Десе де, «қашан өтініш түседі екен» деп күтпей, ауылдың барлық көшелері бақылауға алынған. Бүгінде 100-дей ауланы су басты, – деді жағдайды түсіндірген Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Серік Оспанов. Және де аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Сәбит Кенжебектің мәліметінше, су тасқынының алдын алуға 21 техника және 33 мотопомпа жұмылдырылған. «Ауыр техникалар арқылы судың арнасын бұрып, мотопомпамен су сору жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Жеке құрамнан 92 маман тартылды. Осы уақытқа дейін 80 мың текше метр қар суы сыртқа шығарылды. Су кірген үйлер қаппен қоршалды. Қар суынан әлі қауіп бар. Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз, – дейді ол.

Сондай-ақ, Қараөткел ауылынан 125 мың текше метр қар шығарылған. 35 мың халық тұратын ауылдағы жағдай тұрақталған. Үйлерге қауіп төнбеген, тек ғана аулаға су кіру жағдайы орын алған.

–Облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 17 адам, 10 мотопомпа, Астана қаласы төтенше жағдай департаментінен 20 адам, 15 мотопомпа келді. Су сорғызу жұмыстары күндіз-түні тоқтамай жүргізілуде, – деп ауылдық округ әкімі Талаптан Дауылтаев жағдайды баяндады. Ауылға су тасқыны кезеңіне 50 миллион теңге бөлініп, ол жұмыстарға толығымен жеткен. Оның сыртында ауыл кәсіпкерлерінің көмегімен 6 көше мен ауладан қар шығарылған. Осындай нәтижелі жұмыстың арқасында ауыл қауіпті кезеңді өткеріп жатыр. Аңғарғанымыз, ауыл көшелерінде үюлі қар, жайылған көлемді қар суы байқалмады.

Іссапарда келесі ауыл Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылы болды. Мұнда қазіргі уақытта жағдай толық бақылауда екен. Жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар департаменті, полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік орнатып, қауіптің алдын алуда. Су алған үй мен зардап шеккендер жоқ. Аудан әкімінің орынбасары Ержан Жолымбетов айтқанындай, жалпы аймақта су тасқыны орын алуы мүмкін 13 ауылдық округ бар.

– Бүгінде, бізде Жібек жолы, Жалтыркөл, Константиновка сияқты ауылдарда су тасқыны қаупі бар. Жібек жолы ауылындағы халық саны 11 мың 200 адам, яғни, екі мың үй. Тәуекел аймағында 20 үй бар. тиісті жұмысты атқарып жатырмыз, аулаларды су баспаған. Қазір су тасқыны басылуда, – деді әкімнің орынбасары. Мұнда су тасқыны жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізіледі. Оған 18 кәріз көлігі, жеті мотопомпа және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 25 қызметкері, жергілікті атқарушы органдардың 11 өкілі жұмылдырыған.

Сонымен бірге, сапардың екінші күні жас қала – Қосшының жағдайымен таныстық. Қала мәртебесін алып, қазынадан бөлінетін қаражат ұлғайса да, қосшылықтарда су тасқыны кезеңінен ың-шыңсыз өте алмаған. Әбігерге түсіп, қар суымен күрескен қызметкерлер, жұмысшылар. Қала көшелерінің әр жерінде үйілген қар, жолдар мен аулаларға, шұңқыр, ойдымдарға құйылған көлшік, қар сулары. Тапқан-таянғанымен салған баспанасына төнген қауіптен алаңдаған тұрғындар. Су тасқыны кезеңінің алдын алуға бөлінген 370 миллион теңгеге, бүгінгі таңда қала аумағынан 161 мың текше метр қар, 72 мың текше метр еріген қар сулары шығарылған. Уақытша тосқауылдарды орналастыру үшін 270 тонна инертті материал, қыстан бері 40-тан астам қар таситын және 20 су таситын автокөлік, инженерлік техникалар дайындалған. Белгілі болғанындай, биыл 28 ақпанда қала әкімінің өкімімен су тасқынының алдын алу бойынша жедел штаб құрылған. Ал, 20 наурыздан бастап күннің жылып, қардың күрт еруіне байланысты аталған штаб тәулік бойы жұмыс режиміне көшкен. Қазіргі таңда штаб құрамында 61 адам тасқын судың алдын алу жұмыстарын жалғастыруда.

– Су жайылған көшелерде жұмыстар жүріп жатыр. Қазір суды бұру жұмысы жартылай аяқталды. Енді 1-2 күнде жағдай толығымен тұрақталады. Себебі, тасқын судың деңгейі төмендеді, – деді өз сөзінде қала әкімінің орынбасары Әсет Мұқанов. Су сору жұмыстары аяқталып, қала қалыпқа келгеннен соң көше жолдарын ретке келтіру де маңызды. Себебі ойдым-ойдым, шұрық-тесік жолдар аз емес.

«Қыстың қамын, жазда ойла» дегендей, көктемде келетін бұл қауіпке қыс айы басталып, жерге ақ үлпек қар түсісімен-ақ дайындалу керек еді. Алайда, бізде керісінше. Жедел штабтар ақпан айында ғана құрылып, жұмыстарын бастайды. Бұны сапар аясында ашынған тұрғындардан да естідік. Қосшы қаласы мен Қоянды ауылының кейбір тұрғындары жергілікті биліктің тасқын салдарын жою жұмыстарына риза емес екенін ашық айтады. Халық «әкімдік қыстай жауған қарды уақытылы шығармады, су арнасын бұруға техника жеткіліксіз» десе, бекер айтпағаны. Ал, әкімдіктегілер сынға келіспей, қар уақытылы шығарылғанын алға тартады. Енді, талас-тартыстан мәселе шешілмейді. Биыл да өткен жылдардан толық сабақ алып үлгермегенімізді тағы бір дәлелдедік.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Марат Ахметжанов: «ЕЛ БІРЛІГІ- ТАСҚЫНДЫ ЖЕҢДІ!»

Жазушы-драматург, қоғам және мемлекет қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиевтің Фейсбук парақшасынан алынды. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халқымыз өте ауыр сынаққа тап болды. Қазақстан...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img