spot_img
Сәрсенбі, Мамыр 8, 2024
16 C
Kokshetau

1 наурыз – Алғыс айту күні

Сондай-ақ...оқыңыз

Көрікті көктемнің алғашқы күні елімізде Алғыс айту күні болып белгіленген. Бұл – Қазақстан халқын біріктіруге бағытталған, еліміздің тарихына құрмет көрсетіп, барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын айтулы мереке.

Елімізде Алғыс айту мерекесі 2016 жылдан бері аталып келеді. Мерекенің әуел бастағы мазмұн-сипаты Қазақстан аумағында тұрып жатқан түрлі этнос өкілдерінің, яғни, қиын-қыстау заманда елімізге жан сауғалап, өз еріктерімен және мәжбүрлі түрде келген жандардың қазақтардың дархандығы мен рухани және мәдени әдеп-ғұрыптарының арқасында аман қалғандары үшін ризашылықтарын жеткізіп, алғыс айтуларына арналған болатын. Себебі, Қазақстан сол зобалаң шақтарда күштеп көшірілген өзге ұлт өкілдеріне пана бола білді. Бүгінде олардың ұрпақтарының туған жері мен Отанына айналды. Соңғы уақыттары бұл рухани татулық пен ризашылық мерекесінің сипаты бұрмаланып, адамдардың бір-біріне алғыс айтып, өмірінде сол бір кісінің бар екеніне ризашылықтарын білдіретін күнге ауысып барады. Мерекенің негізгі сипатын ұмыт қалдырмағанымыз абзал.

Жалпы, кез келген мемлекет үшін қоғамдық келісімнің маңыздылығы зор. Халық үшін бейбіт заманда мамыражай өмір сүруден артық бақыт жоқ. Сондықтан, елімізде татулық пен тұрақтылыққа Тәуелсіздік алған жылдан бастап ерекше мән беріліп келеді. Себебі, халық бірлігі – мемлекеттілік негізі.

–Қоғамдық бірлікті ту етіп ұстау арқылы ғана біз алдымызға болашағы мол, өркендеп, дамыған Қазақстан елі туралы ұлы мақсаттар қоя аламыз. Қазақ халқы қашанда бірлік пен татулық мәселесіне ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағзы заманнан бағалап келген. Бірлік пен татулық тәлімі қазіргі көпұлтты Қазақстанда ерекше маңызды. Мемлекет құраушы ұлт, елдің, жердің иесі ретінде қазақ халқы өзге ұлттарға асқан үлгі көрсетіп келеді. Тарихқа көз жүгіртсек, қиын-қыстау кезеңге тап болған өзге ұлт өкілдеріне қашанда қамқор болып, мейірімін аямаған Алаш елі тағдырдың жазуымен жер аударылып келген түрлі ұлттарға төрінен орын беріп, бір үзім нанымен бөлісті. Сол үшін көптеген ұлттардың өткен және бүгінгі буыны қазақ халқына шексіз риза. Қазақ жерінде қазір 100-ден аса ұлт пен ұлыс өмір сүріп жатыр. Оларға Қазақстан азаматтары ретінде тең құқық берілген. Олар білім алу, емделу, жоғары лауазымды қызмет атқару мүмкіндіктеріне ие. Сондай-ақ, елімізде мекен еткен ұлттарға өз мәдениетін дамытып, салт-дәстүрлерін сақтауға лайықты жағдайлар жасалған. Олардың әрқайсысының ұлттық мәдени орталықтары тұрақты жұмыс істейді. Мәдени орталықтар әр халық өкілдерінің өз ұлттық дәстүрлерін сақтауына зор ықпал тигізіп келеді, –дейді «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Ермек Нұғыманов.

Столыпин реформалары кезінде Қазақстанға 1 миллион 150 мың адам, 30-шы жылдары 250 мың крестьян кулактары, сталиндік режим кезінде әр жылдары толықтай халықтар күштеп көшіріліп, соғыс жылдары Қазақстан эвакуацияланған халықтың 350 мың адамын қабылдапты. 50-ші жылдары тың және тыңайған жерлерді игеру үшін 1,5 миллион адам  келіпті. Жалпы, ХХ ғасырдың басынан бері Қазақстанға 5,5 миллионнан астам халық көшіп келген.

Бүгінде Ақмола облысында 734 мыңдай адам тұрса, олардың 52,8 пайызы қазақтар, 32 пайыздайы орыстар, 4 пайызы украиндар, 3,5 пайызы немістер, 1,7 пайызы татарлар, 1,2 пайызы беларустар, 1 пайызға жуығы поляктар, 1 пайыздай ингуштар мен шешендер, басқа этностар да 1,2 пайызды құрайды.

Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының құрамында 108 адам болса, олардың 20-сы республикалық Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі. Облыста 46 этномәдени бірлестік (ЭМБ) тіркелген, оның 19-ы қоғамдық аккредиттеуден өтіп, ҚХА ЭМБ тізіліміне кірді. «Достық үйінің» ғимаратында бүгінде 17 ЭМБ кабинеті орналасқан.

Алғыс айту күніне орай осы бірлестіктермен хабарласып, сол бір зобалаң жылдарды бастарынан өткерген түрлі ұлт өкілдерінің қарияларын іздестіріп, әңгімеге тартып көрдік, көбі бүгінде жастары келіп, денсаулықтары сыр беруіне байланысты ештеңе айта алмады. Дегенмен, сол бір зұлмат кезеңнің көзкөргендерімен сөйлесіп, пікірлесе алмасақ та, олардың ұрпақтарымен әңгімелесіп, ата-әжелерінің, ата-аналарының аузынан естіген естеліктерін тыңдап оралдық.

Алдағы уақытта оларды біздің сайттан оқи аласыздар!

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Ақмолалықтар отан қорғаушыларына алғыс білдіруде

Отан қорғаушылар күні қарсаңында біздің жүрегіміз мақтаныш пен Еліміз үшін күрескендер үшін алғысқа толы! ҚХП Ақмола облыстық филиалы төрағасының...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img