spot_img
Сәрсенбі, Мамыр 15, 2024
6.8 C
Kokshetau

Президенттік жастар кадрлық резервін құру — жастарға жаңа мүмкіндік

Сондай-ақ...оқыңыз

​Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде түрлі қоғамдық және жастар ұйымдарының қызметін дамыту, оларды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын, ауқымды жобаларды іске асыру ісіне белсенді тарту бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде. Бұл Президент ұсынған әділетті қоғам құру жолындағы атқарылуы тиіс маңызды істің бірі екені анық.

Оның ішінде ерекше тоқталып, кеңінен сөз еткіміз келетіні жастарды қолдау мен жастар ұйымдарының қызметін жетілдіру ісі. Президенттің дарынды жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік саты құру туралы идеясы, мемлекеттің ертеңі саналатын жас буын өкілдерінің арасында қолдау тауып, жастардың жан-жақты дамуы, білім алуы, кәсіп бастап түрлі салада жетістікке жетуі үшін бірнеше бағдарлама мен жобалар іске қосылды, ал кейбір жемісті жобалардың жүзеге асырылу мерзімі ұзартылды.
​Президент мемлекеттік қызмет саласына жаңа буын керек екенін ешқашан естен шығарған емес. Жас мамандарды басшылық қызметке көтеру бойынша жүйелі жұмыстың керек екенін әр сөзінде айтып жүр. Қазіргі кезде еліміздің ең маңызды салаларында, атап айтқанда өңдеу, жаңа технология, денсаулық сақтау, биотехнология, энергетика, цифрландыру және білім беру бағытында жұмыс істейтін жас мамандардың санын көбейту маңызды болып отыр.

​Осы орайда, жастар үшін жақсы мүмкіндік саналатын Президенттік жастар кадрлық резервін құру және оның қызметін әртараптандыру қолға алынды. Бұл дегеніміз қазіргі министрлер, облыс, аудан, қала әкімдері, ұлттық компания басшыларының ізін басқан, билік басына солардан кейін келетін жастар буынына үлкен үміт артып, мемлекеттің тағдырын сеніп тапсыру.

​Президент бастамасымен атап өтуге тұрарлық тағы бір бағыт бұл – қоғамда халықтың, еліміздің болашағына бейжай қарамайтын, ұйымшылдығы мығым еріктілер қозғалыстары және жастар бірлестіктерін құру ісі. Ерікті болу – уақытты текке өткізу емес, бұл тұлғалық дамуға құйылған ең қымбат инвестиция екені сөзсіз. Сондықтан да мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялаған болатын.
​Еріктілік – жастардың өз белсенділігін көрсетіп қана қоймай, адамдарға көмек беру арқылы тәжірибе жинауға, өмірлік маңызды дағдыларды дамытып, айналадағы орын алып жатқан маңызды жайттар дұрыс ұғынуға, қоршаған ортаны жаңа қырынан тануға мүмкіндік береді.
​Елімізде белсенді қызмет атқарып келе жатқан жастар ұйымдарының бірі ол Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі десек артық айтпас едік. Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің 2021 жылғы қазандағы кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы — ҚХА Төрағасы Қ.К.Тоқаев Ассамблеяның жастар құрылымдарын «Ассамблея жастары» бірыңғай республикалық жастар ұйымы етіп қайта құру туралы тапсырма берді.

Аталған ұйымның республикамыздың әр өңірінде өкілдіктері жұмыс жасайды. Ұйымның басты мақсаты мен міндеттері — жастар бастамаларын дамыту, жастар ортасында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, қазақстандық жастардың әлеуметтік деңгейін арттыру. «Ассамблея жастары» ұйымын кешенді дамыту үшін алты басым бағыт анықталды: 1) «Social Assembly» — жастарды әлеуметтік қолдау, білім деңгейін арттыру және жұмысқа орналасуға көмек көрсету; 2) «Бірлік тілі» — мемлекеттік тілді үйрену; 3) «Ел мұрасы» — тарихи-мәдени мұраны сақтау; 4) «Таза орта» — экология мен қоршаған ортаны қорғау; 5) «Қасиетті парыз» — әскери-патриоттық тәрбие; 6) «Jastar media» — медиа-жобаларды дамыту және медиа-сауаттылықты арттыру.

Көріп отырғанымыздай, жастардың ел болашығы үшін жауапкершілігін арттыра түсетін маңызды бастамалар мен әркімге мол тәжірибе жинап, өмірден өз орнын табуға, елі мен жеріне қызмет етуге мүмкіндік беретін жобалар аз емес. Бастысы аталған бағыттардағы жұмысты дұрыс әрі сапалы ұйымдастыра білу. Бірлігіміз бен біліктілігімізді бір арнаға тоғыстыру. Осылайша, Президент бастау беріп, жұрт қолдау жасаған, жастар жұмыла атқарған мақсаттарға жету маңызды. Ол үшін біздің бейбітсүйгіш мемлекетімізде зор мүмкіндіктер бар.

Айнұр Әнуарбек,
«Ассамблея жастары» РҚБ
Ақмола облысындағы өкілдігінің төрайымы

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Бұландылық оқушы ядролық реактордың моделін әзірледі

Бұланды ауданының үш оқушысы Бішкек қаласында өткен «Біз – ХХІ ғасыр интеллектуалдарымыз» халықаралық байқауында ел намысын қорғап, жақсы нәтижемен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img