spot_img
Жұма, Мамыр 3, 2024
9.8 C
Kokshetau

Ақмола өңірі Алтын Орда дәуірінде

Сондай-ақ...оқыңыз

Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы хан және немересі Бату хан негізін қала­ған, Алтайдан Альпіге, Ертістен Ду­най­ға дейінгі алқапта билік еткен, Дешті-Қыпшақ даласында шаңырақ кө­терген алып мемлекет Ұлық ұлыс деп аталды. Одан кейін бұл атау орыс, славян, батыс жылнамаларында және тарихнамада әртүрлі себептерге байланысты Алтын орда деп аталып кетті. Тамырлы тарихымыздың бедерлі кезеңін қамтитын Ұлық ұлыс Қазақ хан­­дығының бастауы әрі ізашары болып саналады. Оның бай тарихы қазақ даласымен және хал­қы­мыздың негізін құраған ру-тайпа­лар­мен тығыз байланысты. Алайда жұртшылықтың көбі, әсіресе шетелдіктер Ұлыстың атасы Жошы ханның мазары Ұлытауда жатқанын біле бермейді. Бұл ескерткіштің Шыңғыс қаған мен оның әулетінен жер бетінде қалған жал­ғыз белгі екенінен де көбіміз хабарсызбыз. Географиялық, этнографиялық, мәдени тұрғыдан Алтын орданың тікелей мұрагері – қазақ деген пікірді растайтын деректер өте көп. Керек болса, археологиялық қазба жұмыстары мен генетикалық зерттеу жұмыстары да осы пікірді толықтай қуаттап отыр: Ресейлік антрополог Л.Т. Яблонский 30 жыл бойы Алтын Орданың көшпенділерінің бассүйегін, қаңқасын зерттей келе, ортағасырларда өмір сүрген алтынордалықтардың бет-пішініне, қазіргі халықтардың ішінде пошымы жағынан тек қазақтар қатты ұқсайды деген қорытынды жасаған. Баязит Юнусбаев,  Оразақ Ысмағұлов бастаған генетик ғалымдар қазақтарда бар антропологиялық типтің ХІІІ ғасырда қалыптасқанын айтып та, жазып да дәлелдеп келеді. О. Ысмағұловтың айтуынша, қазақтарға тән генетикалық коктейль XIII ғасырда екі популяцияның – жергілікті түркі-қыпшақ және шығыс Азиядан келген моңғол түрік популяциясының  араласуынан пайда болған. Сол секілді қазақтар өздерін Алтын Орда татарларының ұрпақтарымыз деп санайды деген деректерді Шоқан Уәлихановтың естеліктерінен де кездестіруге болады. Яғни бұл бүгін ғана белгілі болып отырған әңгіме емес деген сөз. Яғни, кешегі Алтын Орданың бүгінгі тікелей мұрагері –қазақ деген сөз. Әрі бұл толықтай дәлелденген, талас тудырмайтын ақиқат.

Сарыарқаның төрінен, дәл сүбелі жерінен сұғына орын алған көгілдір әрі кербез сұлу Көкшетау, қазақтың елдігі мен ерлігінің құт ордасы Бурабай, зерделе және зерлі Зеренді, сұлу да сұңғатты Сандықтау, ерке Есіл, осы барлығына Ақмола деген киелі атау ие болып тұр. Ақмола өңірі тереңде жатқан тарихымен, киелі жерлерімен және танымал тарихи тұлғалармен толы және бай. Осы өңірде талай-талай беті ашылмаған сырдың да, жырдың да бұғып жатқанына күмән жоқ. Еске тү­сіріп, көзге елестету қиын емес сан ғасырлар бойы осы өңір Ұлы дала перзенттерінің тал бесік, ыстық ошақ, жылы ұясы­на айналғаны. Ең бір ерекше және ақтаңдақ беттермен толы кезең ол алып Алтын Орда дәуіріндегі Ақмола өңірінің тарихы. Алтын Орда дәуірінде Ақмоланың киелі жері талай-талай  тарихи оқиғаларға куә болып, оның толықтай бір бөлігі болды деген болжау бар. Сарыарқаның төріңдегі Ақмола өңірі географиялық жағынан ыңғайлы жайғасқан. Келесі, ол Қазақстанның солтүстік даласында жылқы қолға үйретіліп, Ботай мәдениеті деген ұғымның пайда болуы. Осы өңірдің тарихына әсер ықпалын тигізген ерекшеліктерінің бірі – ол, әлемдік өркениетте Тигр мен Евфрат, Хуанхэ мен Янцзы секілді, дала өркениетінің орнаған орындарының бірі – ол Есіл мен Нұра өзендері. Осылайша, ХІІІ ғасырда Ақмола өңірі Шығыс Дешті-Қыпшақтың экономикалық және мәдени орталығына айналу үшін барлық жағдай жасалған.

Араб-парсы және батыс дерекнамаларға сүйенсек, Есіл және Нұра өзендері, Сарыарқа даласының солтүстігі, жалпы айтсақ Ақмола өңірі ХІІІ-XV ғасырлар аралығында Орал мен Сібір және Орта Азияны байланыстырған Ұлы Жібек Жолының солтүстік тармағы болғаны мәлім. Мұнда тайпалардын ордалары орналасып, әр түрлі бағыттарда керуендер өтетін. Жарқын қала өркениетінің жоқтығына қарамастан, Ақмола өңірі сауда және мәдени коммуникациялардың буферлік аймағы ретінде табылған болатын. Соған дәлел, көптеген ортағасырлық дереккөздермен археологиялық жәдігерлер. Соның бірі – ол Бозоқ қалашығы. Нұр-Сұлтан қаласының батыс жағынан 5 ша­қырым жерде, Бозоқ көлінің шығыс жағалауында орналасқан. Академик Кемел Ақышевтің үш жыл бойғы үздіксіз археологиялық қазбаларының жемісті нәтижелерінің түйінді тұжырым­дамалары бойынша Бозоқ қалашығы Қазақстанның бас қаласы –Нұр-Сұлтанның түпқазығы деуге лайық. Тұрмыстық заттар мен қару-жарақтар түрлеріне орай және араб­тың күміс теңгелері мен қытайдың мыс айналарының табылуына бай­ла­нысты археологтар Бозоқ қаласы X-XІ ғасырларда тұрғызылған және Алтын Орда мемлекетіңдегі, Дешті Қыпшақтың көшпелі тайпа­ларынан шыққан әміршінің тұрағы, ордасы болған дейді. Археологиялық қазбалаларының барасында анықталған қабірлердің құрылысы ислам талаптарына сәйкес келеді. 1312 жылы Алтын Орда ресми түрде Өзбек ханның бұйрығымен ислам дінің қабылдаған, сондықтан осы Ақмола өңірі исламды тарату орталықтарының бірі деп болжауға болады. Бозоқпен қатар болған қалалардың бірі – ол Ботағай (Бытығай, Тытығай) қалашығы. Ботағай алғаш рет Ресей картасына 1694 жы­лы түсірілді. Оны Тәуке ханға Ресейден келген елшілер Ф.Скибин мен М.Трошин сызған. Ол 20 парақтан тұратын «Қазақ ордасы» деп аталған. Онда Қорғалжын көлі мен хан ордасы арасында Нұра өзенінің жағалауында Бытығай қаласы орналасқаны туралы айтылған. Ол елсіз жер емес еді. Бұл жерде Ұлы Жібек жолымен жүретін көптеген керуен жолдары түйісетін. 1762 жылы Петерборда «Императорлық ғылым академиясының алқалық кеңесшісі Петр Рычковтың шығармасы» атты кітап жарық көреді. Қазақ жерін аралап өткен орыс ғалымы Бытығай туралы мынадай деректерді келтіреді: «Бытығай – Қорғалжын көліне құятын Нұра өзеніндегі қырғыз-қайсақ ордасындағы ұлы қаланың жұқанасы. Сипаттары бойынша бұл қала он шақырым жерде орналасқан және бұл жердегі сарай түріндегі төрт бұрышты құрылыстардың үлкендігі соншалықты, үш жүз сажындай болады. Бұл жерде бір мешіт бар және көптеген қираған тас құрылыстар бар». Кезінде танымал археолог К.А.Ақышев ортағасырлардағы Ақмола өңіріне байланысты осындай деректер келтірген: «Кеңестен қалған «қазақтың оңтүстігінде ғана шаһарлар болған» деген түсінікті өзгерту керек. Суы тұщы көлдің жағасы – қалың қамыс пен құрақ. Қамыс арасында су құстарынан аққу, қоңыр қаз, үйрек, ақ шағала, балықшы, барқылдақ мекен еткенін қазір де көре аласыздар… Орта ғасырларда Бозоқтың оңтүстік-шығысынан 2 шақырым жерден керуен жолы Омбы-Қызылжар – Көкшетау-Бурабай, одан әрі қарай Есілдің оң тармағы Қайрақты өзенінен – Ақмола, одан Нұра өзені арқылы Бытығайға дейін Құланөтпес, Кеңгір, Сарысуды жағалап Созақ-Сығанақ-Сауран арқылы Түркістанға дейін барған. Осы керуен жолының кейбір тұстарында жолаушылар аялдайтын тұрақтар болған ба деймін…» Осы пікірді дәлелдейтің араб-парсы және батыс саяхатшылардың деректері бойынша біздің өңірден келесі бағыттарда керуендер өтетін: Есіл – Нұра – Қорғалжын – Сарысу – Сырдария – Иран; шығыстан батысқа: Қытай – Моңғолия – Алтай – Дешті Қыпшақ – Хорезм – Бұлғария –Ресей – Византия. Тағы бір тарихи дерек келтірсек, ол 1252-1255 жылдары Франция королі Людвиг ІХ Монғолияға, Дешті-Қыпшақ өлкесі арқылы Гильом де Рубрук деген фламанд саяхатшысын құпия тапсырмамен аттандырады. Оның мақсаты шығысқа баратын жолды айқындап, маңызды елді-мекендерді білу еді. Қайтіп оралғаннан кейін ол Людвиг ІХ-ға жазған өз есебінде Ертіс, Нұра, Есіл, Кеңгір, Сарысу, Қорғалжын, Балқаш суларын сипаттап, Анжатам, Болған-ана  қалаларына тоқталады. Сонымен қатар Марко Поло да 1271-1295 жылдары Қытайға барған жолында қазақ жерін кесіп өткені белгілі. Жоғарыдағы келтірілген деректерге сүйене отырсақ Ақмола өңірі Алтын Орда дәуірінің мәдени жетістіктерінің алмасу және трансфер аумағы болды деген қорытынды жасауға болады.

Есіл – үш жүздің қара шаңырағы деген әпсанаға сенсек, 1790 жылы орыс ғалымы, әс­ке­ри инженер Иван Григорьевич Андреев (1744-1824) қазақ хал­қының шығу тек-төркіні жөнінде «Ресей өлкесіндегі Колыван және Тобыл губернияларының шека­ра­сына іргелес Орта жүздегі қыр­ғыз-қайсақтардың сипаттамасы» атты тарихи-этнографиялық зерттеуін әзірлеген. Бұл сирек кездесетін еңбек қазақстандық ғалымдардың ғы­лы­ми айналымына толық түскен жоқ деуге болады. Әсіресе, Иван Григорьевич Андреев қазақ­тар­дың ұлт болып қалыптасуы мен қазақ тайпаларының үш жүзге таралу тарихында Есіл өзенінің рөлін айрықша қадап айтқан еді. И.Г. Андреев жазып алған ескі аңызда былай делінген: «Бағзы заманда Түркістан қаласының ханы қала тұрғындарының ара­сында дүрдараздық тудырып қантөгіске апарған. Оның аяғы бет-бетімен ыдырауға ұласқан. Он мың халық Түркістаннан қашып, жан-жаққа тарыдай шашылып, батыста жатқан Құбан, Тана, Түркия жерлеріне бет алды. Түркістан шаһарынан шошынып безген халық ұлан даланы кесіп өтіп Есіл өзеніне жетеді. Сөйтіп, құланша жөңкіп жүргенде бір үйір жылқы жоғал­тады. Жылқыларды іздестіруге сайдың тасындай отыз үш жігітті қалдырады. Халық ілгері кетеді, жаңа­ғы жігіттер алдыңғыларды қуып жете алмайды да олар шетсіз-шексіз байтақ далада қалып қояды, қоныс құрады. Сөйтсе бұл мекен – Есіл бойы екен. Негізінде бұлар үш ағайынды кісі екен: Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз. Олар Құбан дала­сынан түрік елінен шығып ізім-қайым жоғалған табынын іздеп жүріп Есіл бойында қоныстанды. Кейін үшеуі көбейіп “Ұлы”, “Орта”, “Кіші” орда атанып тұқымдары жан-жаққа тараған».

Қорытындылай кетсек, Ақмола өңірі Алтын Орда дәуірінде Дешті-Қыпшақтың ерекше және маңызды бір бөлігі болды деп айтсақ артық болмас. Оның бәрін дәлелдейтің жоғарыдағы келтірілген археологиялық жәдігерлер, ортағасырлық деректердегі ақпарат, соның бәрі Алтын Орда дәуіріндегі Ақмола өңірінің тарихы жайлы бір ірі дереккөздер базасын құрады. Еуразиялық кеңістіктің шығыс бөлігінің ортасында орналасқан өңір маңызды геостратегиялық факторға ие болғыны анық, өйткені бұл жерде Алтын Орданы мекендеген халықтардың сауда, көші-қон, экономикалық, дипломатиялық және мәдени жолдары түйіскен жер. Алтын Орда кезеңінде бұл өңірдің саяси және мәдени орталық ретінде одан әрі дамыу үшін әр түрлі алғышарттар қалыптасты. Кейін бұл өңір Әбілқайырдың Өзбек хандығының, Сібір хандығының және Қазақ хандығының тарихында ерекше әрі маңызды орын алып, көптеген тарихи оқиғалардың куәгері болған. Мінекей, бүгін, бірнеше ғасырдан кейін болған оқиға – астананы Ақмола өңірінің дәл ортасына, Нұрсұлтан қаласына көшіру тарихи негізі бар және Қазақстан тарихындағы заңды оқиға болып табылады. Мұның барлығын саралағанда, Ақмола өңірі Алтын Орданың ұлы әрі бай тарихи және мәдени мұрасының ірі бөлігі деп толық сеніммен айтуға болады.

 

Камила Әбделманова

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

«ХАЛЫҚТЫҢ ЖАЙЛЫ ТҰРМЫСЫ ҮШІН БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙЛАР ЖАСАЛАДЫ!»

Жазушы-драматург, қоғам және мемлекет қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиевтің Фейсбук парақшасынан алынды. Бұл қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img