spot_img
Жұма, Сәуір 19, 2024
24.2 C
Kokshetau

Облыс орталығында Хакімтай Әміровке мемориалдық тақта орнатылды

Сондай-ақ...оқыңыз

Көкшетауда  облыстық «Көкшетау правдасы» газеті редакторының орынбасары, КСРО Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі, қоғам қайраткері Хакімтай Қасымұлы Әміров тұрған үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды. Осыған орай өткен жиынға Хакеңнің 1956 жылдан бергі өмірлік серігі, асыл жары Күләндаш Омарқызы мен балалары, туған-туыстары мен қаламдас әріптестері қатысты. Жиында ардагер журналист жайлы естеліктер айтылып, оның кәсіби біліктілігі мен адами қасиеттері тілге тиек етілді.

Хақымтай Әміров 1930 жылы 5 желтоқсанда Көкшетау облысының «Жамантұз» кеңшарында дүниеге келген. Ол атасы Жұманов Әмір мен әжесі Жұманова Асылдың қолында өсіп, тәрбиеленген. Әкесі Әміров Қасым ауқаттыларды тәркілеу кезінде, 1932 жылы жазықсыз жаланың салдарынан Ташкент қаласына жер аударылып, сонда жазасын еңбекпен өтейді. Ал анасы Үндеш екі жасар баланы ата-енесінің қарауына қалдырып, төркініне кетуге мәжбүр болған. Тумысынан дарынды Хакімтай жеті жылдық мектептің бір жыл ішінде екі сыныбын  бітірген. 1948 жылы Көкшетау Қазақ педагогикалық училищесін тәмамдап, Бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек еткен.

1956 жылы Белгібаева Күләндаш Омарқызымен отау құрып, шаңырақтарында Асқар, Алмажан, Алтай, Жұлдыз, Миуагүл, Бақыт, Қарагөз және Еркебұлан атты ұл-қыз дүниеге келеді. Қазір он тоғыз немересі мен он жеті шөбересі бар.

1958 жылы шілде айында Көкшетау аудандық партия комитетінің ұйғарымымен аудандық «Коммунизм үшін» газетіне жұмысқа жіберіледі. Мұнда ол секретариатбөлімінің қызметкері, бұдан кейін ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып істеді. Ал 1961 жылдан бастап 1962 жылдың шілде айына дейін газеттің жауапты хатшысы қызметін атқарды. Осы кезеңде, журналист Хакімтай Әміров өз туған өлкесінің патриоты бола жүріп, ауданның түрлі кәсіпорындары жауапты қызметкерлерінің өз міндеттеріне салғырт қарауы мен іске қырсыздығы фактілерін әшкерелеп, бұл туралы газет беттерінде сыни очерктер жариялап тұрды. Осындай өткір де көкейкесті материалдардың нәтижесінде аудандық атқару комитеті кінәлі адамдарға қатаң шаралар қолданып, халық шаруашылығы саласындағы көптеген кемшіліктерді жолға қойды. 1959 жылы КСРО Журналистер одағына мүшелікке өтті.

Ал 1969 жылғы тамыз айында осы ауданның Климовка мектебінің директоры болып тағайындалды. 1970 жылы тамыз айында Щучье қазақ мектеп-интернатына директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне жіберілді.

1966 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тіл және әдебиет факультетін сырттай бітірді.

1971 жылы баспасөз саласына қайтып оралып, сол жылғы желтоқсан айында облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің Щучье және Еңбекшілдер аудандарындағы меншікті тілшісі болып тағайындалды. Үш жылдан кейін, 1974 жылғы 20 тамызда облыстық партия комитеті бюросының шешімімен облыстық газет редакторыныңорынбасары және редколлегия мүшесі болып тағайындалған ол бұл ұжымда өмірінің соңына дейін қызмет істеді.

«X. Әміров редакцияда істеген жылдары өзін тек жақсы жағынан көрсете білді. Оның өзіне де, өзгеге де жоғары талап қою білуі – басты қасиеті еді. Ол туралы жиынға қатысқан әріптес інісі, сатирик жазушы Сайлау Көшкенұлы да айтып өтті.

«Бірге қызмет қылдық. Ол кісі рдактор орынбасары болғандықтан мен жетекшілік еткен идеологияның бөліміне тікелей жетекшілік жасады. Өте ұқыпты, елгезек, ақжарқын адам еді. Бізге, жастарға, көп ақылын айтып, нені қалай істеу керектігі туралы үнемі айтып отыратын. Өмірден ерте кеткені өкінішті. Артында қалған ұрпақтары жасасын деймін. Өзі өлгенмен, аты ешқашан өшпейді. Былтырғы жылы Хакең туралы естелік кітап та шықты. Сонда сол кісі туралы бар білгенімізді, бар ойымызды тиянақтап жазып берген болатынбыз»,-деп бөлісті Сайлау Көшкенұлы.

Облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа да ол кісінің еңбектегі адалдығы мен талапшыл қасиеттеріне ерекше тоқталды. Жиынға қатысқан туған-туыстары ұйымдастырушылар тарапына алғыстарын білдіріп, жүрек жарды тілектерін айтты.

«Редакцияда жұмыс істеген жылдары Хакімтай Әміров өзін тек жақсы жағынан көрсетті. Оның өзіне де, басқаларға да жоғары талаптар қоя білуі басты артықшылығы болды. Газет басшыларының бірі ретінде ол журналистік кадрлармен, әсіресе жас қызметкерлермен жұмыс істеуге ерекше назар аударды. Көптеген әріптестері оны мұғалім және тәлімгер деп санады. Ол жастарға журналистік мамандықтың қыр – сырын үйретіп, өзінің бай тәжірибесімен бөлісті», – деген сипаттама берді әріптесі.

Журналистика саласындағы еңбегі аса жемісті болды. 1973 жылы КСРО Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды, 1977 жылы КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс медалімен, 1980 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Ғұмыр жолы қысқа болғанымен, Хакімтай Қасымұлы Әміров үлгі мен өнегеге толы жарқын өмір сүрді, елі менхалқына адал қызмет етіп, артына өшпес із қалдырды. Екі мәрте жүрек талмасына душар болып, денсаулығының әлсірегеніне қарамастан сыр бермей, өмірінің соңғы күніне дейін балалары мен немерелерінің бақыты үшін, туған өлкесінің ойдағыдай дамуына үлес қосу үшін еңбектен қол үзбеді. Оның Қанай бабасы салған ізбен өткен өмір жолы жастарға үлгі етуге, еліктеуге тұрарлық. Хакімтайдай асыл азаматтың бейнесі оның білгендердің жүрегінде мәңгі сақталады.

 

 

Камила Әбделманова

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

«Тіл – ұлттың жаны» , – Біржан Қайыр

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Көкшетау қаласының 1 мектебінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мұғалімі Біржан Қайыр. Ол Ақмола облысы Біржан Сал...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img