spot_img
Сәрсенбі, Мамыр 8, 2024
17.3 C
Kokshetau

Өңірдің бас білім ордасы 60 жылдық мерейтойын атап өтті

Сондай-ақ...оқыңыз
60 жылдық мерейтойын Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті атап өтті. Ақмола облысының жетекші оқу орны ашылған уақыттан бастап 60 мыңнан астам маман шығарды. Бүгінде білім ордасы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында да маңызды рөл атқарады. Мерейтойға арналған салтанатты шараға ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев қатысты.

Ірі және озық ЖОО «Ualikhanov University» биыл тарихи межені еңсерді. Университет ондаған жылдар бойы облыстың экономикасын, мәдениетін, ғылымы мен білімін дамытуға зор үлес қосты, жоғары білікті кадрлар орталығына және зерттеулер мен ғылыми ізденістер орталығына айналды. Мерейтойға орай «Ualikhanov University» вымпелі Қазақстанның барлық жоғары оқу орындары арасында алғаш рет Халықаралық ғарыш станциясына барды, дербес пошта маркасы, университет тарихы туралы жинақ шығарылды. Оқу орнының беделі мен жетекші позициясын мойындай отырып, оның атақты түлектері ғана емес, сонымен қатар елдің басқа да мықты жоғары оқу орындарының басшылары да салтанатты мерейтойға жиналды. Өзінің құттықтау сөзінде «Ualikhanov University» КеАҚ Басқарма төрағасы – ректоры Марат Сырлыбаев университеттің жетістіктерімен бөлісті.

«60 жыл ішінде біздің университет ғылыми зерттеулер мен кадрларды даярлаудың ірі орталығына айналды. Бүгінде біздің түлектер мемлекеттік қызметте және өңірдің ғана емес, бүкіл Қазақстанның ірі кәсіпорындарында еңбек етуде. Айта кетейік, Білім Министрінің төрт орынбасарының үшеуі Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің түлегі. Сондай – ақ, ЖОО үнемі қолдайтын облыс басшылығына жыл сайын оқу гранттары мен атаулы стипендиялар бөледі», – деді Марат Сырлыбаев.

Жыл сайын облыс әкімдігі Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде 150 грант бөледі. 100 грант-педагогикалық мамандықтар бойынша, 50-медициналық мамандықтар бойынша. Үздік студенттерге Ақмола облысы әкімінің атаулы стипендиясы тағайындалады. ЖОО ұжымына арнаған сөзінде өңір басшысы Ермек Маржықпаев оқу орнының маңыздылығын және оның кадр даярлаудағы рөлін атап өтті.

«ЖОО дуальды оқытуға ерекше көңіл бөледі. Көптеген кәсіпорындар мен мекемелердің негізінде университет кафедра филиалдары мен факультеттерін ашты. Бұл «Еуразия групп» ЖШС, «Гормолзавод», Көкшетау минералды сулары, «КАМАЗ-инжинеринг», «Алтынтау Көкшетау» сияқты кәсіпорындар. Өңірде денсаулық сақтау саласында кадрлармен қамтамасыз етуде белгілі бір мәселелер бар. Оларды шешу мақсатында 2018 жылдан бастап университет базасында жоғары Медицина мектебі жұмыс істейді. Профессор-оқытушылар құрамы студенттермен бірге үлкен жұмыс атқарып, өңірдің әлеуметтік, мәдени және қоғамдық өміріне баға жетпес үлес қосып жатыр», – деп атап өтті Ермек Маржықпаев.

Еліміздің ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің сөз сөйлеуі әсерлі әрі жарқын болды. Алғашқы сөздерден бастап-ақ ол көрермен назарын аударып, барлығының білім және ғылым саласындағы өзекті мәселелерге деген қызығушылығын тудырды. Министр өз сөзінде жоғары білім берудегі цифрлық технологияларға, ғылым мен кадрларды даярлаудағы жаңа үрдістерге, тәуекелдер мен менеджментке ерекше назар аударды. Саясат Нұрбек «Ualikhanov University» жаңалықтары мен жасалған жқмыстарна ерекше құрмет көрсетті. Министр жоғары оқу орнының жаңа жобасы – lifelong learning («өмір бойы оқыту») тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатқан «күміс университет» жобасын ерекше атап өтті. Бүгінгі таңда «күміс университетте» зейнет жасына дейінгі және зейнеткерлік жастағы 70-ке жуық студент білімін толықтырып жүр. Бұған дейін жүзден астам адам біліктілігін арттырып, сертификат алған. Зейнеткерлерге қазақ және ағылшын тілдері, цифрлық және компьютерлік сауаттылық, психология, өнер, бау-бақша бойынша тегін сабақ алуға мүмкіндік берілді.

«Мен бүгін университетте болдым, оның қызметімен және жаңа идеяларымен таныстым. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің бір ерекшелігі бар. «Күміс университет» моделі, бүгінде сирек кездесетін үрдіс. Бұл ұғымы бар университеттердің негізгі үш миссиясы бар. Алғашқы екі миссия дәстүрлі білім беру және ғылым. Үшінші миссия-университет өзі орналасқан аймақтың әлеуметтік серіктесі. Ол экономикалық дамуға, әлеуметтік дамуға ықпал етіп, облыс жұртшылығымен әріптестік байланыстарды нығайтады, бизнес субъектілерімен және ірі кәсіпорындармен тығыз жұмыс істейді, әлеуметтік жобаларды іске асыруға белсенді қатысады және жаңа идеялар енгізеді. Дәл осы үшінші миссияны «Ualikhanov University» тамаша орындап келеді», – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Салтанатты шарада Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің еңбек сіңірген және үздік оқытушылары мемлекеттік наградалармен және өңір басшылығының алғыстарымен марапатталды. 60 жылдығына орай облыс әкімі ЖОО-ға жаңа автобус сыйлап, 12 оқытушыға алғыс хат табыс етті. Профессор, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Уәлихан Сағалбековтың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан жанқиярлық еңбегі мен үлесі үшін «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды, ауыл шаруашылығы министрінің алғыс хатымен ғалым-оқытушылар Сансызбай Мемешов, Марден Байдалин, Нұрбол Какабаев, Мирас Сураганов марапатталды. Өз кезегінде, ғылым мен мәдениетті, білім беруді дамытудағы сіңірген еңбегі және белсенді қоғамдық қызметі үшін Шоқан Уалиханов атындағы Көкшетау университетінің ғылыми жұмыс және өңірмен өзара іс-қимыл жөніндегі проректоры Айгүл Жақыпова «Құрмет» орденімен марапатталды және 15 оқытушы жоғары білім және ғылым министрінен алғыс грамоталар алды. Білім және ғылым жүйесін дамытуға қосқан зор үлесі және жоғары білікті мамандарды даярлаудағы сіңірген еңбегі үшін ЖОО-ның еңбек сіңірген оқытушыларының бірі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, ректордың кеңесшісі Аманбай Сейтқасымов Ахмет Байтұрсынов атындағы медальмен марапатталды. Жоғары оқу орындары қауымдастығынан «Үздік ғылыми қызметкер», «Үздік педагог», «Үздік менеджер» құрметті атақтарына Әбілжан Хусаинов, Шынар Дүрмекбаева, Серік Қайырденовтер ие болды. «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін жоғары оқу орнының еңбек сіңірген оқытушылары Кәрім Қанитаева, Гүлнар Фаткиева, Анар Әміржанова, Айсұлу Шаяхметова, Гүлден Тілебердина алды. «Парасат» орденімен және «Бірлік» медалімен тұңғыш проректор Ғалым Байтұқ пен тарих ғылымдарының кандидаты Марат Өтегенов марапатталды.

«Біздің білім беру бағдарламаларымыз үнемі жетілдіріліп, жаңартылып отырады. Мұның бәрі жаңа тенденциялар мен еңбек нарығының талаптарын ескере отырып жасалады. Соңғы жылдары ғана университетте «жаңа мамандықтар атласына»сәйкес жаңа мамандықтар ашылды. Мысалы, қазір тек агроном болу жеткіліксіз, сондықтан цифрлық технологиялардың дамуын ескере отырып, біз «Агрокибернетика»мамандығын аштық. Бізде жаңа технологияларға және дайындалған кадрлардағы жұмыс берушілердің сұранысын қанағаттандыруға бағдар бар», – деп бөлісті тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Марат Өтегенов.

«Ualikhanov University» оқытушылары мен студенттеріне Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы Талғат Жүнісов, мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, ЖОО экс-ректорлары Сағынтай Елубаев, университет түлегі Бақыт Жүнісов, қазіргі білім вице-министрі Шолпан Каринова құттықтау сөз сөйледі.
Бүгінгі таңда «Ualikhanov University» Қазақстанның білім беру қызметтері нарығында лайықты орынға ие болды. Жоғары оқу орындарының Ұлттық рейтингінде университет елдегі 85 жоғары оқу орындарының арасында 9-шы орын алып, ТОП-10-дық қатарына кірді. Қазіргі уақытта бакалавриаттың 56 мамандығы, магистратураның 36 Мамандығы және PhD докторантураның 7 мамандығы бойынша кадрлар даярлау жүзеге асырылып жатыр. 18 кафедрада 400-ден астам оқытушы жұмыс істейді, олардың ішінде 19 доктор, 90 ғылым кандидаты, 26 Phd докторы бар. «Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының 34 иегері және «Болашақ» бағдарламасының 38 түлегі университет айбыройын асқақтата елге қызмет етуде. Бүгін Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті әлемнің 18 елінен 100 шетелдік университеттермен, ұйымдарымен және бағдарламалармен ынтымақтастық пен серіктестік орнатты. Еуропалық, Еуразиялық және Азия университеттері қауымдастығының толыққанды мүшесі болды. Университет ұжымы одан да үлкен жетістіктерге бел буып, университет еліміздің жоғары білім беру саласында көшбасшылық позицияларға ие болуға ниетті.

 

Камила Әбделманова

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Ақмолалықтар отан қорғаушыларына алғыс білдіруде

Отан қорғаушылар күні қарсаңында біздің жүрегіміз мақтаныш пен Еліміз үшін күрескендер үшін алғысқа толы! ҚХП Ақмола облыстық филиалы төрағасының...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img