spot_img
Сенбі, Сәуір 20, 2024
18.2 C
Kokshetau

Ауыл шаруашылығында маман тапшы

Сондай-ақ...оқыңыз

Солтүстікте егінге орақ түсуге таяды. Тіпті, кейбір шаруашылықтар күзгі жиын-терімді бастап та кеткен. Дегенмен, ауыл шаруашылығының төңірегінде жүрген агроқұрылым­дарда кадр тапшылығы байқалады. Әсіресе ауыл шаруашылығы тех­никасының тілін білетін маман табу қиын. Тіпті жоғары жалақы ұсынып, тұрғын үймен, әлеуметтік пакетпен қамтамасыз еткенімен жастардың бұл салаға қызығушылығы төмен. Комбайн тізгіндегендердің дені зей­нет жасына жетіп қалған. Ал жас ма­ман­дар олардың ізін басуға құлық­сыз»-, деп хабарлайды Аikyn.kz

Биыл Ақмола облысында 5,2 миллион гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылы егілген. Кейбір шаруашылықтар алтын астықты қамбаға құя бастаған. Десе де кадр тапшылығы шаруашылық басшыларының бас ауруына айналған. Бұл еліміздің барлық аумағындағы шаруаларға ортақ мәселе сияқты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жыл сайын аграрлық сала 2800-ден астам маман тапшылығын сезінеді. Әсіресе, агроном, инженер-технолог, дәнекерлеуші, ветеринар, механизаторларды шаммен іздеп таптырмайды. Жыл сайын мыңдаған жас маман аталған салалар бойынша білім алып шыққанымен олардың басым бөлігі қалада қалып қояды.

Жақсы ауданындағы «Новокиенка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 30 мыңнан астам гектарға егін салған. Бірақ серіктестік иесі кадрлардың жетіспеушілігі өз алдында маман даярлау ісінің сын көтермейтінін айтады.

«Қазіргі кезде барлық шаруашылық механизаторға зәру. Жас мамандар саусақпен санарлық. Ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін маман табыла бермейді.

Маман даярлау ісіне барынша назар аударылғаны жөн болар еді. Өйткені аграрлық салада жоғары білімі бар жастарда тиісті машық болмай жатады. Қазір қажетті кадрлық құрамды толықтай жасақтағандай болдық. Алайда олардың біліктілігі төмен», – дейді «Новокиенка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Павел Казьмин.

Ал Зеренді ауданы Еленовка ауылындағы «Алекс-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Виктор Чмерев те механизатор тапшылығына алаңдаулы.

«Бірнеше жыл бойы механизатор тапшылығын сезіндім. Тіпті, бір маманды бірде тракторға, енді бірде комбайнға отырғызып, кейіннен жүк көлігін айдатып бидай тасытқан кездерім болды. Дегенмен биыл механизаторлар жетіспейді. Алайда, мамандардың 70 пайызы көпшілігі зейнет жасына жетіп қалған. «Енді 5-6 жыл ішінде техникаға отырғызатын адам таппай қаламыз ба?» деген қауіп басым. Әйтпесе жалақының көлемі жеткілікті. Көктемгі егіс пен күзгі егін орағында айлық табысы 700 мың теңгеге дейін жетеді», – дейді шаруашылық директоры Виктор Чмерев.

36 мың гектардан астам алқапқа егін егетін әрі ірі қара мал шаруашылығын өсіруді қолға алған Жақсы ауданындағы «Қаражон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі жағдай да осы. Серіктестік биыл жалақы көлемін 3 есеге көтеріп, әрі келген жас мамандарды үймен қамтамасыз етіп әрі әлеуметтік пакет көлемін де ұлғайтқан. Бірақ жастар ауылдан гөрі қалаға кетуді жөн санайды.

«Қазір бізде егін орағы басталып кетті. Егіннің 20 пайызға жуығын орып алдық. Бірақ барлық еліміздегі сияқты мамандардың тапшылығы бізде де бар. Маман табу үшін аграрлық оқу орындарымен келісім жасағанбыз. Олардан өндірістік тәжірибеге өтуге келген 20 студенттің бір-екеуі ғана жұмыс істеуге қалып жатады. Диплом алғанымен қалада басқа салада жұмыс істеп жүргендері көп. Ал біздің комбайншылар науқан кезінде айына 1-2 миллион теңгеге дейін табыс табады. Сонымен қатар жұмысшыларды баспанамен де қамтамасыз етеміз. Бірақ ауылға келемін деп құлшынып отырған жастарды көрмедім», – дейді Жақсы ауданы «Қаражон» ЖШС-ның басшысы Ұзақбай Шәкеев.

Өңірдегі маман тапшылығы жайын облыс әкімдігінің Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленовтен де сұрап көрдік. Алайда ол облыстағы ауыл шаруашылығы мамандарына деген сұраныс көлемінен хабарсыз екенін айтты.

«Қазіргі таңда мемлекет ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауға гранттар беріп жатыр. Сонда да болса кадр тапшылығы бар. Дегенмен басқарма маман тапшылығы бойынша есеп жүргізбейді. Облыста жалпы 8891 шаруашылық бар. Ауылға шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындары басшыларына жастарды тарту үшін әлеуметтік пакет беру, баспанамен және жалақысын көтеру қажеттігін айтып отырамыз. Сондай-ақ ЖОО және колледждермен мамандарды тартуға тығыз жұмыс жүргізіледі», – дейді Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Аленов.

P.S.

Сонымен экономиканың ең басты драйверінің бірі – ауыл шаруашылығы болғанымен кадр тапшылығы саладағы аса өткір мәселе болып тұр. Ауылды көркейту үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылғанымен диқан жұрттың бұдан өзге де өзекті мәселелері жетерлік. Жас мамандарды ауылға тартумен жергілікті әкімдіктер, шаруа қожалық иелері және маман даярлаушы оқу орындары бірлесіп жұмыс жүргізгені жөн секілді.

 

Ақпарат: aikyn.kz

Фото: Елдар Қаба

 

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

«ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ БҮГІНГІ БАТЫРЫСЫЗДАР!»

  Жазушы, драматург, қоғам қайраткері, сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиевтің Фейсбук парақшасынан алынды. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов шыңдар мен жазықтарды,...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img