Ақмола облысы бойынша 400-ден астам ғаламтор көмегімен жүзеге асырылған алаяқтық әрекет тіркелген. Облыстық полиция департаментінің қабылдаған тиімді шараларының арқасында көрсеткіш 41 %-ға төмендеді. Алайда заманауи ұрылардың саны азаяр емес. Олардың басым бөлігі хабарландыру сайттар мен әлеуметтік желілердің көмегімен халық санасын улап, банк карточкаларының 20 таңбалы номерін және CVV кодын біліп алып, оңайлықпен ақшаларын жымқыра береді. Бұл құйтырқылыққа алданғандар да аз емес. Мысалға, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Жансая Olx хабарландыру сайты арқылы зат сатпақ болады. Тауарды алуға келісіп, бірақ онлайн курьер арқылы жеткізуді талап еткен біреу хабарлама жазған…
-«Olx қосымшасында тоңазытқыш сатпақ болдым. Хабарландыру бердім, бағасын қойдым. Мекен-жайымды көрсеттім. Тек Нұр-Сұлтан қаласынан хабарласады деген ой болды. Бірақ, 2-3 күн өткен соң, What’sApp-қа бір кісі жазды. Тоңазытқыш сатып алатын ойы барын, бірақ басқа қаладан екенін айтты. Сол кезде жаңағы кісі : «Мен сізге казпочтадан өтініш жіберемін. Сол өтнішті толтырсаңыз болды. Ақша карточкаңызға түседі, ал тоңазытқышты пошташылар өздері алып кетеді»-, деді. Мен жіберген өтінішін қарап шықтым. Карточканың артындағы 3 санды енгізіңіз дегенде, шотыңызда қанша сумма барын көрсетіңіз дегенде ойланып қалдым. Сөйтіп не де болса енгіздім. Ештеңе болмады, яғни ақша аударылған жоқ. Сосын әлгі сатып алушыға жаздым. Ол өтінішті қайта толтыруымды сұрады. Тағы енгіздім. Бірер минуттан кейін шотымдағы бар ақшамды шешіп алды»-, дейді интернет-алаяқтардың құрбанына айналған, Жансая.
Бұндай келеңсіздіктердің алдын алу жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінуде. Облыстық полиция департаменті хабарландыру сайттары мен әлеуметтік желілерде 45-тен астам мәтіндік хабарламалар мен 15 бейнероликтер орналастырды. Бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен де халыққа түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізіледі. Айталық, бүгінгі күнге дейін 247 мақала, оның ішінде республикалық БАҚ-тарға 142 материал жарияланды. Сонымен қатар, өткен жылдың сәуір айында облыстық қылмыстық полиция басқармасының жанында кибер-қылмыстық әрекеттермен қарсы күрес бөлімі құрылды. Бүгінде тәртіп сақшылары интернет-алаяқтарына қарсы «Аргус» аппараттық-бағдарламалық кешенін және «Кибер қадағалау» ақпараттық жүйесін қолданады. Ақмола облысының қылмыстық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, Дмитрий Федоровтың айтуынша:
«Қылмыскерлер іздерін жасыру үшін телефон номерін жиі ауыстырады. Сондықтан оларды анықтау қиынға соғады. Оның үстіне жәбірленушілер де полицияға тым кеш хабарласады. Телефон жадындағы алаяқпен алмасқан хаттарын өшіріп тастайтындар да бар. Яғни, бізге дәлел жеткіліксіз».
Жапа шеккендерге жедел іздестіру іс-қимылдарының нәтижесінде 1 млн қаражат қайтарылды. Интернет-алаяқтар ұсталған жағдайда 3-тен 5 жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айрылады.
Камила Әбделманова
Фото: Рамиль Дусумов



