spot_img
Сәрсенбі, Мамыр 15, 2024
12.2 C
Kokshetau

Қазақстанда неге АЭС салу керек? ҰЯО басшысы жауабы

Сондай-ақ...оқыңыз
«ҚР Ұлттық ядролық орталық» РМК бас директоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Батырбеков Қазақстанда АЭС салу жоспарын түсіндірді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ол неліктен АЭС салу керек екенін және неге ЖЭС салуға, пайдалануға болмайтынын айтты.

«Бұл сұраққа жауап беру үшін мәселеге экология мен экономика тұрғысынан қарау керек. Әлемде көмірқышқыл газы мен көмірсутегі шикізатын жағатын жылу станциялары атмосфераға шығаратын зиян заттардың концентрациясы артып келе жатқаны ешкімге құпия емес. Жылу станциясы көмір жағу өнімдерін тазартудың заманауи жүйелерімен жабдықталса да, бір жылда атмосфераға қуатына қарай және түрлі бағалау бойынша 7-ден 120 мың тоннаға дейін күкірт тотығын, 2-ден 20 мың тоннаға дейін азот тотығын, 700-ден 1500 тоннаға дейін күлді (тазартусыз – екі-үш есе көп) шығарады және 3-тен 7 миллион тоннаға дейін көмірқышқыл газын бөледі», – деді Батырбеков.

Оның айтуынша, құрамында жүздеген тонна улы метал (мышьяк, кадмий, қорғасын, сынап және т.б.) бар күл пайда болады.

«Бұл қызық көрінуі мүмкін, бірақ жылу станциясы атом электр станцияларына қарағанда ауаға әлдеқайда көп радиоактивтілік шығарады. Ірі ЖЭС ауданындағы жеке сәулелену мөлшері АЭС маңындағыдан 5-10 есе асып түсетіні тәжірибе жүзінде анықталды. Бұл жылу электр станциялары отыны мен шикізатындағы жану өнімдерімен қатар ауаға шығарылатын табиғи радионуклидтердің болуына байланысты болады», – дейді сарапшы.

2016 жылы Париж келісіміне орай Қазақстан Республикасы парник газ шығарындысын 2030 жылға қарай 15 пайызға қысқарту міндеттемесін қабылдаған еді. Сол кезде Қазақстанда ауаға 386 миллион тоннаға жуық парник газ шығарылды, ал 2018 жылы 402 миллион тонна деңгейінде шығарынды тіркелді және шығарындының негізгі көзі – дәл осы энергетикалық сектор.

Париж келісімі – 196 елді климаттың өзгеруіне қарсы күресте және оған бейімделуде ортақ мақсатқа жету үшін біріктіретін алғашқы заңды құжат. Ол 2015 жылы 12 желтоқсанда Парижде БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенция тараптары конференциясының 21-сессиясында қабылданды. Келісім 2016 жылы 4 қарашада күшіне енді.

«Сонымен бірге, жаһандық экологиялық проблемалар дамыған елдерді «көміртегі салығын» енгізуге мәжбүр етеді. 2023 жылдан бастап ол Қазақстан Республикасына тікелей әсер етеді. Өнімдерімізді шетелге экспорттаған кезде (табиғи ресурстар мен шикізатты қоса алғанда) көмірсутек отынын жағу арқылы елімізде өндірілген энергия үлесіне сәйкес осындай салық төлеуге мәжбүр боламыз. Бұл өніміміздің сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігіне айтарлықтай әсер етіп, үлкен шығынға ұшыратады», – деді Батырбеков.

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына келу міндетін қойған еді.

«Базалық қуатты генерациялау бөлігіндегі бұл міндет экологиялық таза атом энергетикасын пайдалану арқылы ғана шешілуі мүмкін», – деп түйіндеді профессор.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

«Сақ стилі» жаңа сериясына жататын номиналы 5000 теңгелік банкнота туралы

Қазақстан Ұлттық Банкі 2023 жылы 25 желтоқсанда жаңа дизайндағы, 2023 жылғы үлгідегі, номиналы 5 000 теңгелік банкноталарды айналымға шығарды. Бұл...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img