spot_img
Жұма, Мамыр 3, 2024
3.1 C
Kokshetau

Көкшетауда ІІІ аймақтық театрлар фестивалі мәресіне жетті

Сондай-ақ...оқыңыз

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының 25 жылдығына орай 17-20 қыркүйек күндері Көкшетау қаласында өткен Аймақтық театрлар фестивалі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды «Aqmola News» Шахмет Құсайынов атындағы Қазақ музыкалық драма театрының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осымен үшінші мәрте өткізіліп отырған театр фестиваліне Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Петропавл қалаларындағы қазақ театрлары қатысып өзара бақ сынасты.
Кербез Көкшетау баурайын шаттыққа бөлеген театр мерекесі ескірмес естеліктермен, тағылымды һәм тартымды қойылымдармен есте қалып айықпас әсер сыйлады.
Үшкүнге жалғасқан мерекенің алғашқы күні сағат 16:00 – де театр негізін қалаушылар мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз маслихаты өтті. Баспасөз маслихатында сөз алған театр негізін қалаушылар өнер ордасының кешегісі мен бүгіні жайлы сөз қозғап тәтті естеліктерімен бөлісіп, ақ тілектерін жаудырды.
17 – қыркүйек, сағат 17:00 – де театр ғимаратының алдында III- Аймақтық театрлар фестивалінің салтанатты ашылуы болып фестиваль қатысушылары мен театр негізін қалаушы құрметті қонақтар қызыл үстінен жүріп өтті. Салтанатты шара басында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мүсірәлимова Айна Ермекқызы құттықтау сөз сөйлеп өңір басшысының ыстық сәлемін жолдады.
17 –қыркүйек 18:00 – де Аймақтық театрлар фестивалінің ашылуына орай Шахмет Құсайынов театры А. Володиннің «P.S. Мен сені сағындым…» драма-ностальгиясын көрсетті. Режиссері ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісінің иегері Болат Абдрахманов. Отбасылық құндылықтарды арқау еткен ерекше қойылым келген қонақтардың көңілінен шығып зор қошеметке бөленді. Спектакльден соң III – Аймақтық театрлар фестивалі аясында фестивальге қатысушы театрлар арасында команда жасақталып волейболдан жарыс ұйымдастырылды. Волейбол жарысында Ертіс-Баян өңірінің өнерпаздары Жүсіпбек Аймауытов театры жеңіске жетті.


18 қыркүйек сағат 11:00 – де Сәкен Сейфулин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры М.Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясын ойнады. Күлдіре отырып ойландыратын қойылым ерлі-зайыптылар арасындағы жылулықты сақтауға, махаббатқа деген адалдыққа үндейді. Қойылымнан кейін фестиваль қатысушыларына таңғажайып табиғат Бурабай ұлттық паркіне экскурсия жасалды. Экскурсия барысында келген қонақтар түрлі аңыздармен танысып, көрікті жерлерде естелік суреттерге түсті.


18 –қыркүйек 19.00 –де Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры А.Чехов әңгімелерінің негізінде сахналанған «Кішкентай адамның үлкен трагедиясы» қойылымын ұсынды. Режиссері Баатырбек Шамбетов. Чеховтың қысқа әңгімелерінен құрылған бұл қойылым көрерменді өзіне баурап актерлық ойынның нағыз үлгісін көрсетті. Режиссер «Қорғансыз жан», «Жуан мен Жіңішке», «Ынжық», «Хомелеон», «Хористка», «Дипломат» , «Қаскүнем» сынды әңгімелерді бір арнада әдемі тоғыстырып әр кейіпкердің жан-дүниесіне терең үңіле білген. Қойылым адамзатқа ортақ кеселдерді нәзік әрі нанымды бейнелей білген.
19 – қыркүйек сағат 11.00 –де Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театры Б.Нушичтің «Қарапайым адам» комедиясын ұсынды. Режиссері Барзу Абдуразақов. Адам бойындағы ең ізгі қасиет қарапайымдылықты ту еткен қойылым көрермен залын күлкімен көмкерді.
19 – қыркүйек 19.00 –де Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театры Н.Гогольдің «Ревизор» спектаклімен фестиваль нүктесін қойды. Орыс классигі Н.Гоголдің бұл туындысы ашкөздік пен жемқорлықты әшкере етіп қоғамдағы келеңсіз жайыттарды жайып салады. Спектакльден соң III Аймақтық театрлар фестивалінің жабылу салтанаты өтті. Салтанатты шарада Шахмет Құсайынов театры қызметкерлеріне облыс әкімі Мыржақбаев Ермек Боранбайұлының атынан алғыс хаттар табысталса, театр ұжымы атына театр негізін қалаушыларға естелік сыйлықтар табысталды. Үшкүнге жалғасқан театр саңлақтары жарысының сарапшылары құрамында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Ш.Құсайынов театрының басшысы Оспанов Мұратбек Үкібайұлы, ҚР Халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері Бағысова Жібек Есекеқызы, Ақпарат саласының үздігі, ақын-жазушы, «Көкшетау» газетінің бас редакторы Жетпісқалиев Серік Сапарұлы, «Дарын» Мемлкекттік жастар сыйлығының иегері Манарбек Қыдырбай болды. Сарапшылардың шешімімен «Ең үздік қойылым» номинациясымен Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры, «Үздік актерлық ансамбль» номинациясымен Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театры, «Үздік режиссерлық жұмыс» номинациясымен Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық -драма театры, «Үздік сценография» номинациясымен Сәкен Сейфулин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры марапатталды.
Салтанатты шара соңында фестиваль қатысушылары мен құрметті қонақтардың құрметіне театр фойесінде мерекелік фуршет байқауға қатысушы театр басшылары ақ тілектерін жаудырып, Шахмет Құсайынов театрына естелік сыйлықтарын табыстап театр басшысы Оспанов Мұратбек Үкібайұлына шапан жапты.

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Марат Ахметжанов: «ЕЛ БІРЛІГІ- ТАСҚЫНДЫ ЖЕҢДІ!»

Жазушы-драматург, қоғам және мемлекет қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиевтің Фейсбук парақшасынан алынды. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халқымыз өте ауыр сынаққа тап болды. Қазақстан...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img