spot_img
Сәрсенбі, Мамыр 8, 2024
6.8 C
Kokshetau

Ақмола облысында Ұлттық Домбыра күніне орай бірнеше республикалық байқаулар, челлендждер ұйымдастырылды

Сондай-ақ...оқыңыз

Тұңғыш рет Ақмола облысында Ұлттық Домбыра күніне орай Әдебиет және өнер музейі қорындағы танымал тұлғалардың домбыраларынан құралған «Бабамнан қалған мұра сен болмасаң…» атты көрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Aqmola News».
Көрме музей қорындағы Сұлтан Жалмұқанұлы, Көкен Шәкеев, Сәкен Жүнісов, Жұмағали Саин, Кәрім Ілиястегі, Естай Мырзахметов, Мәлік Ғабдуллин тәрізді танымал тұлғалардың домбыраларын көпшілік қауымға таныстыру; бабамыздан мұра болып қалған музыкалық аспаптың құндылығын жас буынның бойына сіңіру; қазақ халқының төл өнеріне деген қызығушылығын ояту; халықты мәдени ошақтарға тарта отырып, эстетикалық талғамын қалыптастыру жастарды бос уақыттарын тиімді пайдалануға дағдыландырып, шығармашылық жолға тарту мақсатында ұйымдастырылды.
Көрме ашылу барысында Ақмола облысы мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасы басшысы Сәбитова Айгүл Баубекқызы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Жабал Ерғалиұлы құттықтау сөздерінде ұлттық өнерді, салт-дәстүрлерді ұлытқау, рухани құндылықтарды сақтау, арттыру, насихаттау маңыздылығын атап өтті.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында Ұлтымыздың ұлы мұрасы Ұлттық домбыра күніне орай Біржанның салдың әнін жалғаған, Ақан серінің сәнін жалғаған, Үкілі Ыбырайдың үкісін таққан, Балуан Шолақтың үмітін жаққан, Иманжүсіптің қаралдысын, Құлтума мен Ғазиздің жоралғысын сақтаған Ақмола өңірінің өнерпаздары өнер челенджін бастады. Домбыра – әншінің қолқанаты, сал-серінің салтанаты, жыршының жарағы, күйшінің пырағы. Домбыраның сағағынан өріліп, шанағынан төгілген ән мен күйдің құдіреті ұлттық болмысымызды сақтап, елдік мерейімізді асқақтата берсін.
Бұл челенджімізді Есілді бойлатып ән атасы- Сегіз сері, Нияз сері туған Қызылжар өңіріне, Ертісті бойлатып Естай мен Иса, Жарылғапберді ізі сайраған Баянауыл өңіріне және Әсет пен Кемпірбай, Манарбек Ержанов, Жәнібек Кәрменов, Мәдениет Ешекеев пен Тұрсынғазы Рахимовтардың үні қалған Семей өңіріне, әрі қарай Нұраны бойлатып Тайжан ақынның, Қали Байжанов пен Жүсіпбек Елебековтың дәстүрін дәріптеген Қарағанды, Жаңарқа өңіріне жолданды.


Аймақтық «Арқаның ән дариясы» дәстүрлі әншілер байқауы ү.ж. 29 маусым күні Степногорск қаласындағы «Горняк» орталықтандырылған мәдениет сарайында өткізілді.
Байқау «Рухани қазына-2021» республикалық фестивалінің «Қазақстанның мәдени астанасы» іс-шаралар жоспары, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Ұлттық Домбыра күніне орай арналды.
Өнер додасына Нұр-Сұлтан қаласы, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола облыстарынан 20 мен 40 жас аралығындағы дәстүрлі әншілер қатысты.
Қазылар алқасының құрамына Біржан сал атындағы музыкалық
колледжінің директоры Саян Мұхамедияр, Президент оркестрінің солисі, халықаралық байқаулардың лауреаты Айзат Қарабекова, ҚР еңбек сіңірген әртісі, дәстүрлі әнші Бисара Макенова енді.
Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған Денислам Жайлаубай (Аршалы ауданы) Бас жүлде иегері атанды.
Айбала Бейсенова (Целиноград ауданы) жүлделі бірінші орынға ие болса, екінші орынды Төлеген Аманов ( Көкшетау қ.) жеңіп алды. Солтүстік Қазақстан облысынан келген Ғалымжан Нурпеисов үшінші орынды иеленді.
Жеңімпаздар диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
2 шілде күні Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет сарайында Ұлттық домбыра күніне және қазақ музыка мәдениетінің көрнекті қайраткері, Қазақ КСР халық әртісі Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына арналған «Бұлбұл» аймақтық  интернет-байқауы өтті.
Музыкалық мұраны сақтау және кеңінен насихаттау, Дина Нұрпейісованың күйлерін дәріптеу, дарынды жастарды анықтау және қолдау көрсету іс-шараның басты мақсаты болып табылды.
Байқау екі кезеңнен тұрды: іріктеу және жеңімпаздарды анықтау. Өнер додасына Қостанай, Ақмола облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының 14 домбырашы қыз-келіншектері қатысты.
Қазылар алқасының құрамына Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің оқытушысы, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Сәкен Біржанов; Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің қазақ халық аспаптар оркестрінің дирижері, Халықаралық «Шабыт» байқауының лауреаты Руслан Қойшыбаев; Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің оқытушысы, республикалық байқаулардың лауреаты Бауыржан Балтин енді.
Қорытындысы бойынша Эльвира Бошымова (Нұр-Сұлтан қ.) Бас жүлде иегері атанды. Жүлделі бірінші орынға Әйгерім Шалхарова (Көкшетау қ.) ие болса, екінші орынды Дильназ Махметова (Қостанай облысы), үшінші орынды Рысты Жанбыршиева (Қорғалжын ауданы) жеңіп алды.
Байқау жеңімпаздары мен қатысушыларына дипломдар, бағалы сыйлықтар мен «Рухани қазына-2021» естелік кәдесыйлары табыс етілді.

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Ақмолалық мектеп бітірушілер «Түлектердің ағаш отырғызуы» республикалық челенджіне қатысты

Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдау мақсатында бүгін «Түлектердің ағаш отырғызуы» челленджі  болып өтті. Бүкіл ел бойынша ұйымдастырылған іс-шара...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img