spot_img
Бейсенбі, Мамыр 16, 2024
16.2 C
Kokshetau

Былтыр букмекерлік компаниялар 80 млрд теңге олжалаған

Сондай-ақ...оқыңыз

Былтыр букмекерлік компаниялар 80 млрд теңге олжалаған. Бұл алдыңғы жылдан алты есе көп табыс, деп хабарлайды «Aqmola News» «Хабар24»-ке сілтеме жасап.

Өкінішке қарай, араны ашылған бизнесті бұғаттау мүмкін болмай тұр. Пандемия кезінде құмар ойынға қызығушылар саны артқан. Ал құзырлы министрліктен нақты әрекет жоқ.

Есімін жасырған елордалық тұрғын қиын-қыстау кезеңде букмекерлік кеңседен көмек іздеген. Бірде сәтті, бірде сәтсіз, әйтеуір сол бір қызығушылығы қалай дағдыға айналып кеткенін өзі білмей қалды. Онлайн казиноның опық жегізерін кеш те болса, түсінді. Қазір наркологиялық орталықта емделіп жатыр.

 «Проблемаларым бастан емес, таудан асты. Туысқандарым араласпай кетті. Жұмысымнан айырылдым. Үйімнен айырылдым. Көлігімнен айырылдым. Жағдайым жоқ деп айтуға болады. Далада қалған кезім де болды. Баратын жерім болған жоқ. Суицид жасаймын деген ойға дейін келдім. Сондай жағдайға тап болдым», – дейді Наркологиялық орталық емделушісі.

Өкініштен өзегі өртенген келіншектің қазір ойы өзгерген. Жарты жыл бойы мамандардың жіті бақылауында. Бірақ оны толық айықты деуге келмейді. Себебі ойынқұмарлар әдетте өз әлсіздігін дерт деп санамайды.

«Ойынқұмарлықтың бірнеше деңгейі бар. Бәрі құрдымға кеткенін біле тұра, ойнау – ең сұмдығы. Алған несиеде есеп жоқ, туыстарын да қарызға батырғандар көп. Олар қайда барарын білмейді. Ойынды қойғысы келсе де, қоя алмайды. Сол кезде тығырықтан шығар жол өз-өзіне қол сұғу деп түсінеді. Ондай жағдай өте көп», – дейді Наркологиялық орталық психологы Александр Рущук.

Бәс тігіп, көңілі хош болды дегеннен, пәс болдыны көп естиміз. Дегенмен, пандемия да көпшілікті жеңіл ақша, оңай табысқа желіктіріп жіберді. Табысынан айырылғандар букмекерлік кеңселердің тұрақты қонағы болды. Себебі саладағылар жарнамаға ақша аяған жоқ, ал тығырыққа тірелгендер тәуекелге барды. Бірақ ұтқаны шамалы. Ал ойын бизнесіне былтыр 80 млрд теңге түскен.

«Азарттық ойындарды, букмекерлік конторлардың жарнамасына шектеу қою керек. Қазіргі танда, мысалы Министрліктер үйінің қасында, үлкен экранда жарнамалары жүріп жатыр. Мемлекеттік мекеменің тура алдында. Осы тұрғыдан мемлекет тарапынан әлсіз екенін байқаймыз. Менің ойымша, бұл жерде мемлекет ішіндегі кейбір шенеуніктердің оған байланысты жеке қызығушылықтары бар», – дейді психолог Ержан Мырзабаев.

Биыл елімізде ойын бизнесі туралы заң шықты. Онда әр бәсті есепке алатын орталық салу сөз болған. Ұсыныс орындалған жоқ. Есесіне ойын құмарлар санала бастады. Кеш, әрине. Қазір 190 азаматтың құмар ойынға салынып кеткені белгілі.

 «Лудоманияны әлеуметтік тұрғыда зерттейтін боламыз. Бірақ, елімізде нақты осы мәселемен айналысатын ұйымдар жоқ», – деді ҚР МСМ Туризм индустриясы комитетінің ойын бизнесін және лотерея қызметін үйлестіру басқармасының басшысы Руслан Ыдырысов.

Онда санаудан пайда бар ма? Елімізде осы лудоманиядан айығудың өзі арзан емес. Жеке клиникаларда қызмет үшін қыруар қаржы сұралады. Наркологиялық орталықта емделудің бір айы үшін 350 мың теңге. Оны жарты жылға көбейтіп көріңіз. Осылай бола тұра, елде лудомания дерт қатарына жатқызылмайды. Демек, түйткілдің түйіні әлі де күрмеле беретін сияқты.

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Киелі Түркістаннан жеткен «Ұлы дала мұрасы» жылжымалы көрмесі Көкшетау төрінде

18 мамыр – Халықаралық музей күніне орай, киелі Түркістан қаласының «Ұлы дала елі» орталығының қорынан жинақталған «Ұлы дала мұрасы»...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img