spot_img
Дүйсенбі, Қазан 14, 2024
1.2 C
Kokshetau

Ақмола – азат елдің астыққа толы «қамбасы»

Сондай-ақ...оқыңыз

Елорданың жан-жағын айналдыра қоршай орын тепкен Ақмола облысы бейресми болса да «астаналық облыс» мәр­тебесіне ие. Негізінен, астық, ауыл және мал шаруашылығы, сондай-ақ туризм саласы дамыған облыстар қатарында. Та­рихта алтын әріптермен қалатын Тәуелсіздіктің алғашқы 30 жылында Ақмола облысының да ауыз толтырып айта алатын іргелі жетістіктері баршылық. Елбасы да өңірдің дамуын назарынан тыс қалдырған емес, деп хабарлайды «Aqmola News» Aikyn.kz порталына сілтеме жасап.

Облыс территориясы екі есеге жуық кеңейді

Ақмола облысы – 17 аудан мен екі ірі қаласы бар іргелі облыстардың бірі. Облыста 600 елді мекен, оның ішінде облыстық маңызға ие – Көкшетау қаласы, 1 моноқала – Степногорск және 8 шағын қала бар. Жалпы, облыс аумағы сонау 1991 жылы Көкшетау облысы болып тұр­ған кезінде 78,1 мың шаршы шақырым болған. Кейіннен 1999 жылдары Солтүстік Қазақстан облысымен және Торғай облысымен аудандарды бөлісу кезінде территориялық көлемі біршама ұлғайып, 146,2 мың шаршы шақырымға жеткен.

Халық саны 31 пайызға қысқарған

Сонау 1939 жылы құрылған облыста Статистикалық департаменттің 2021 жылдың 1 қаңтарындағы деректері бойынша 735 566 адам тұрып жатыр. Өкінішке қарай, тәуел­сіздік жылдарында облыстағы халық саны 31 пайызға дейін азайған. Мамандардың пікірінше, халық санының осынша көлемде азайып кетуіне ішкі және сыртқы миграция­мен қоса, табиғи өсімнің төмендеуі едәуір әсер еткен. Дегенмен соңғы жылдары туу көрсеткіші айтарлықтай көтеріле бастағаны байқалыпты.

«Тәуелсіздік жылдарындағы халық санының осынша көлемде өзгеруіне табиғи өсім санының төмендеуі мен халықтың басқа аймақтар мен алыс-жақын шетелдерге миграциялық қоныс аударуы себеп болды.

Санмен айтқанда, халықтың табиғи өсімі шамамен 54 пайызға азайса, миграциялық шығындар 30 пайызға дейін қысқарған. Ал халықтың этникалық құрамына кел­сек, мемлекет құраушы қазақ­тардың саны 384 604 адамға жеткен. Ал 1999 жылғы дерек бойынша, қазақтардың саны 313 488 болған. Яғни, 23 пайыз­ға табиғи өсім бол­ған. Керісінше, өзге ұлт өкілдерінің үлес салмағы біршама төмендегені байқалды. Мә­селен, орыстар – 237 294 болып, шамамен 28 пайызға қысқарса, украин­дар – 30 411 адам, немістер 25 555-ке дейін кеміп, 51 пайызға дейін азайған», – дейді Ақмола облысы Статистика департаментінің басшысы Ербол Бақытжанұлы.

Өңір қалай ел туризмінің орталығы атанды?

Көкшетау, Ақмола десе жұрттың көз алдына бірден сұлу табиғат пен туризм елестейтіні ақиқат. Бұл орай­да, әсіресе тәуелсіздік жылдарында аталған салада айтарлықтай алға жылжу бар екенін көпшілік мойындайды. Өйткені Бурабай туристік кластерін дамыту мақсатында елімізде тұңғыш «Астана–Бурабай» ақылы автобаны пайда болғаны жұртшылық есінде.

«Бүгінде облыста 500-ден астам туристік саладағы кәсіпорын қызмет етуде. «Көкшетау», «Бурабай», «Бұйратау» деген үш бірдей мемлекеттік ұлттық табиғи паркіміз бар. Оған қоса, өңірде Щучинск–Бурабай, Зеренді, Қорғалжын биосфералық резервтері мен Астана маңы туризмі қызмет етуде. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шетелден өңірге келген туристер тіркелмегенімен, 2003 жылдан бері қарай облыс туризмі шетелдік туристермен қоржыны біршама қалыңдағанын атап өткім келеді», – дейді Ақ­мола облысы Туризм басқармасының өкілі.

30 жылда 35 кәсіпорын!

Өңір тәуелсіздік жылдарында өнеркәсіп саласында зор серпіліс жасаған. Сөйтіп, аграрлы аймақтан аграрлы-өнеркәсіпті облысқа айналған. 30 жыл ішінде жүргізілген түрлі индустриялық-инновациялық жоба шеңберінде аймақта 35 бірдей ірі және орта өнеркәсіптік кәсіп­орын құрылған. Олардың арасында халықаралық стандарттарға сай ке­летін заманауи технологиялармен жұмыс істейтін зауыт-фабрикалар бар.

Енді сандар сыр шертсін… Өндіріс орындарындағы қайнаған тірліктің арқасында 1991 жылы 10 миллион теңгеден әзер асқан тауарлық өнім көлемі 2020 жылы 1,021 триллион теңгеге жетіп, 100 еседен астам өскен. Ал өнімдерді өңдеу саласы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өндірісте небәрі 60 пайызды құраса, бүгінде 80 пайыздан асып жығылған. Мәселен, Степногорск қаласында осыдан тура 30 жыл бұрын мойын­тіректер 30 тонна өндірілсе, 2020 жылы 21 мың тоннаны құраған. Сондай-ақ алтын өндіруші кәсіпорындар 752 келіден 32,6 тоннаға, «Камаз Инжиниринг» компаниясында соңғы 15 жылда автокөлік құрастыру 144 бірліктен 1 200 көлікке дейін өскен. Тау-кен өндірісінде алтын көлемінің ұлғаюына 2010 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың Васильков алтын кен орнында «Алтынтау Көкшетау» АҚ алтын өндіру фаб­рикасының үдемелі индус­триялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске қосылуы ықпал еткен екен.

Жалпы, бүгінде облыстың өнеркәсіп секторында ірілі-ұсақты 1226 кәсіпорын мен өндіріс орнында 48,2 мың адам еңбек етеді.

Елбасының қатысуымен ондаған нысан ашылған

Ақмола облысы әкімдігінің ресми деректеріне жүгінсек, жалпы тәуелсіздік жылдарында Елбасының қатысуымен өткен телекөпір жобасымен өңірде бірнеше іргелі инвестициялық кәсіпорын іске қо­сылыпты. Атап айтқанда, қуаты жылына 180 мың тоннаға дейін күкірт қышқылын өндіретін «СКЗ Қазатомпром» зауыты, жылына 20 мың тоннаға дейін құс етін шығаратын Capital Projects Ltd бройлер құс фабрикасы, қуаты жылына 4,1 тоннаға дейін алтын өндіретін «Қазақалтын Technology» фабрикалары жұмыс істей бастаған.

Сондай-ақ қуаты 500 тоннаға дейін уран кенін өндіретін Семізбай кен орны, жылына 60 миллион данаға дейін керамикалық кірпіш шығаратын ENKI зауыты, жылына 1,5 мың тонна ұжымдық концентраттар шығаратын SARECO ЖШС-нің жобасы, Зеренді ауданында жылына 15,6 миллион литр сүт өңдейтін табиғи антисептикалық зауытты жаң­ғырту, 40 мың тоннаға дейін құрамажем шығаратын «Agro­Trading – 2007» зауыттары Елбасының қатысуымен ашылып, бүгінде жұмысын сәтті жалғастыр­ған.

«Облыста ашылған бірқатар қоғамдық және әлеуметтік нысанның, жалпы Ақмола облысының ашылуы да Елбасының есімімен байланысты. Мәселен, облыс Нұрсұлтан На­зарбаевтың тікелей бас­тамасымен «Жасыл белдеуге» қо­сылған. Үш жүздің басын қосып, Көкше жерінде хандық құрған Абы­лай ханға арнайы ескерткіш ашылған. Облыс орталығында жаңадан Даңқ монументі қайта жаңғыртылып салынды. Елбасының араласуымен Бурабай ауданында «Оқжетпес» санаторийінің жаңа ғимараты, Көкшетау қаласында жаңғыртылған Мәлік Ғабдуллин музейі, Целиноград ауданында «Алжир» мемориалды-музей кешендері, Бурабай ауданында Rixos Lake Borovoe отель-қонақүй кешендері, Көкшетау қаласындағы «Дос­тық үйі» ғимараттары салтанатты жағдайда ашылған. Елбасы «Алтынтау Көкшетау» алтын шығару зауытын іске қосуда, Көкшетау­да Назарбаев зияткерлік мектебінің жүзеге асырылуына, «Нұр Отан» партиясының, «Қазақтелеком» ак­ционерлік қоғамының жаңа ғимараттарының іске қосылуына мұ­рындық бо­лып, ашылу салтанаттарына қатысқан», – дейді Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметіндегілер.

Облыс әкімдігі атап өткен тағы бір маңызды жайт, тәуелсіздік жылдарында облыста кеңестік дәуірден қалған орысша елді мекендерге қазақша атау берілген. Деректерге сенсек, облыс аудандарындағы 152 ауылдың атауы толықтай қазақшаланған.

P.S.

Сонымен… «Тәуелсіздік Ақ­мола облысына не берді?» деген сұраққа осылайша жауап іздеп көрдік. То­лайым табыстар да, өкінішке ұрындырып, тығырыққа тіреген жайлар да болған. Бастысы – ел аман, жұрт тыныш! Тәуелсіздігіміздің одан әрі де баянды болмағы елдің бірлігі мен тұтастығына тікелей байланысты. Қа­теліктер, қиындықтар мен бір қарын майды шірітіп жіберетін «құмалақтардың» болатыны айқын. Дегенмен түптің түбінде елдің ел болып, болашаққа нық сеніммен қадам басуына Ақмола облысы да әзір екенін аңдағандай болдық…

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Қазақстанда 1 млн. астам азамат еңбек шартынсыз жұмыс істеп жүр.

«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры еңбек шартынсыз жұмысқа қабылдау және еңбек құқығын бұзу фактілерін анықтауға кірісті. Ұлттық статистика бюросының мәліметі...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img