spot_img
Жұма, Сәуір 26, 2024
5.2 C
Kokshetau

Рамазан айында сақтық шараларын сақтауды назарда ұстау керек- облыстың бас имамы

Сондай-ақ...оқыңыз

Мұсылман қауымы үшін басты мейрам – Рамазан айының келуіне орай Ақмола облысының «Науан Хазірет» атындағы облыстық мешітінің бас имамы Қуаныш қажы Жұмабайұлы өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіп, Ораза айының карантин талаптарына сай қалай өткізілетінін баян етті, деп хабарлайды «Aqmola News».

Биылғы Ораза айы 30 күнге межеленіп отыр. Халықаралық астрономиялық зерттеу орталығының мәліметі мен Орта Азия мұсылмандары басқармасымен кеңесе отырып жасалған пәтуаға сәйкес, биылғы Оразаның алғашқы күні 13-сәуірге тура келіп отыр. 8-9 мамырға қарағандағы түн – Қазір түні, 13 мамыр Ораза айты болмақ.

«Ислам күнтізбесіндегі ең айтулы мереке, біз асыға күткен – қасиетті Рамазан айы да келіп жетті. Берекеге толы Қасиетті Рамазан айы мұсылман адамның рухани кемелденуіне жол ашатын ай. Рамазан – жақсылықта жарысатын ай. Оразада әрбір игі амалдың сауабы еселеніп жазылады. Сондықтан сіз бен біз болып,  қасиетті айды игі істерде жарысып, мол сауап жинаумен өткізуіміз қажет. Өкінішке орай, еліміздегі эпидемиологиялық ахуал күрделі болып отыр. Короновирус індетіне шалдыққандар саны күн санап көбейгендіктен, Ақмола облысы қызыл аймаққа енгізілді. Осыған орай, көпшіліктің қатысуымен өткізілетін той-жиындар, мерекелік кештерді уақытша тоқтатып, ауызашар дастархандарын отбасылық ортада өткізуге кеңес береміз, – дейді бас имам Қуаныш Қажы Жұмабайұлы.

Бас имам еліміздегі індеттің таралуына байланысты Рамазан айында мерекелік дастарханды, ауызашар дастарханын жаюда аса сақтық шараларын ұмытпау қажеттігін еске алды.

«Өздеріңіз білесіздер, ауызашар беру – Рамазан айында жайылатын мерекелік дастархан. Мұсылман баласы ораза ұстаған жандарға ауызашар дастарханын жайып, сауапқа кенелгісі келеді. Бірақ коронавурс пандемиясына байланысты көпшілік жиындарды өткізбей, сақтануымыз қажет. Өткен жылы облысымызда ауызашар дастарханының орнына «Ауызашар қоржыны», «Рамазан жұмасы» деген атпен мұқтаж жандарға азық-түлік таратылған болатын. Аталмыш жоба аясында қаншама мұқтаж отбасыларға көмек көрсетілді. Биыл да ауызашар бергісі келетін облыс тұрғындарын «Ауызашар қоржыны» атты акцияға атсалысуға шақырамыз. «Науан Хазірет» мешіті ұйымдастыратын игі іске кез келген азамат өз үлесін қоса алады. Ол үшін «Kaspi bank» қосымшасындағы қайырымдылық бөлімінен Ақмола облыстық «Науан Хазірет» мешітін таңдап, оның ішінде қайырымдылық түрін белгілей отырып садақаға арнаған қаражатыңызды аударуыңызға болады. Аталмыш шара бойынша Nasihat.kz сайтында және әлеуметтік желілерде қанша отбасыға көмек көрсетілгендігі жөнінде есебі жарияланып отырады», – деді Қуаныш қажы Жұмабайұлы.

Пітір садақасы – оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа. Ханафи мәзһабы бойынша Рамазан айында мұсылман адамның өзі және отбасы үшін пітір садақа беруі – уәжіп. Оны қажеттілігін қоспағанда мал-мүлкі, дүниесі күміс нисабына (595 гр) жеткен адам беруі керек. Бүгінде күміс нисабы шамамен 200 мың теңге деп бекітілді. Тұрмысы нашар, яғни мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпеген кісі пітір садақа беруге міндетті емес. Қайтыс болған адамдарға, ана құрсағындағы балаға пітір садақа берілмейді. Биылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 420 теңге етіп белгіленді. Пітір садақа Рамазан айы кіргеннен бастап, Ораза айт намазына дейін беріледі. Уақытында бере алмаған жағдайда кейін берсе де болады, бірақ оның сауабы азаяды. Ақмола облысының тұрғындары өткен жылдағыдай «Kaspi Bank» және «Халық банк» қосымшалары арқылы өз пітір садақаларын облыстағы мешіттердің кез келгенін таңдап аудара алады.

Осы орайда екпе егу мәселесіне тоқтала кетсем. Аузы берік адамның екпе салдыруына қатысты ҚМДБ мәлімдемесі жарияланды. Мәлімдемеде былай делінген: «Екпе (вакцина) – бактерия, вирус секілді микроорганизмдерден алынып, адам организміне жұқпалы аурулардан алдын ала сақтану және олардың иммундық қасиетін арттыру үшін егілетін препарат. Ол қажетті азық немесе организмге қуат беретін дәрумен емес. Сондықтан адам денесіне (тері астына, бұлшық етке, жамбасқа, көк тамырға) инемен екпе егу оразаны бұзбайды», – делінген. Аузы берік адам екпе алғаннан соң өзін жайсыз сезініп, дәрігерлер оған дәрі қолдануға кеңес берсе, онда оразасын бұзып, ем қабылдайды. Сол күндердің қазасын айттан кейін өтейді.

Рамазан айындағы мешіт қызметі. Рамазан айында өңіріміздегі барлық мешіттер ашық болады. Құран оқыту, неке қию және бес уақыт намаз оқу сынды діни рәсімдер санитарлық талаптарды сақтай отырып орындалады. Жұма және тарауық намаздары оқылмайды. Пандемияға байланысты Рамазан айындағы насихат жұмыстары «Науан Хазірет» мешітінің «nasihat_kz» инстаграм парақшасында онлайн түрде жүргізіледі. Сондай-ақ, «30 күнде 30 хатым» жобасы бойынша әр күн сайын Құран толығымен хатым етіліп, еліміздің бірлігі мен тұтастығы, халқымыздың амандығы үшін дұға жасалады.

Қателікті қайталамау – мүміннің ісі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Шынайы мүмін – бір іннен (жылан немесе улы жәндіктің інінен) екі рет қатарынан шағылмайды», – делінген. Яғни, бұл хадис – мұсылман баласы бір қателікті екінші рет қайталамайды дегенді меңзеп тұр. Өткен жылы індет өршігенде бірі жақын туыстарынан, бірі жора-жолдастарынан айрылғаны белгілі. Ал оның басты себептерінің бірі – санитарлық талаптарға бей-жай қарау. Сол себепті, биыл да осындай жағдайларды туындатпас үшін барынша сақтық шараларын қолға алғанымыз жөн.

Облыс тұрғындарының назарына Ақмола облысы бойынша Оразаға қатысты немесе басқа да сұрақ туындаған жағдайда +7 708 444 52 86 (қалалық 44-52-86)  байланыс нөміріне қоңырау шалу арқылы және Whatsapp желісі арқылы жауап ала алатынын хабарлаймыз.

Сондай-ақ, осы орайда барша ақмолалықтарды ізгі амалдардың сауабы еселенетін Рамазан айымен құттықтаймын! Алла Тағала баршамызды жақсылық пен ізгілікке бастағай. Санитарлық талаптарды сақтай отырып, Рамазан айының берекеті мен шарапатына бөленуді нәсіп етсін. Ықыласпен ұстаған оразаларыңыз бен берген пітір садақаларыңыз қабыл болсын!-деді облыстың бас имамы.

 

 

 

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Мемлекет басшысы: біз үшін ең басты мақсат – азаматтардың амандығы

  «Баршаңыз куә болып отырсыздар, қазір әлемде түрлі табиғат апаты көбейіп барады. Қазақстан да үлкен қатерге тап болды. Еліміздің көптеген...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img