spot_img
Сенбі, Мамыр 18, 2024
20.2 C
Kokshetau

21 тамыз: Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Сандықтау ауданында жұмыс сапарымен болды

Сондай-ақ...оқыңыз

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Сандықтау ауданында болып, өңірде мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты, сондай-ақ, «ПЗ Балкашин» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егістік алқаптарын аралап көріп, биылғы орақ науқанындағы міндеттерді пысықтады, деп хабарлайды Aqmola News.

Бүгінде ауданда «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында бірнеше әлеуметтік нысан жөндеуден өткізілуде. Солардың бірі – Сандықтау орта мектебіне 200  миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Мұнда күрделі жөндеу жұмыстары үстіміздегі жылы мамырдың 20-сында басталып, тамыздың 25-інде аяқталуы тиіс болатын. Алайда, жөндеу мерзімінен кешігуде. Мердігер компания «Даяна Сервис» ЖШС-інің өкілі Алтынбек Қожахметов бұған жобаның дұрыс жасалмауы себеп болғанын айтады. Осы орайда, облыс әкімі жөндеу жұмыстарын кешіктірген мердігер компанияны, жағдайды дұрыс қадағаламаған аудан әкімдігі мен мектеп басшылығын қатты сынға алды.

Орыс тілінде білім беретін бұл мектеп ғимараты 270 орынға лайықталған. Мектеп директоры Еркеш Әбдуованың айтуынша, биыл мектепте 1-11 сыныптарда 213 оқушы білім алады. Осылардың ішінен кезекші сыныпта 78 оқушыны оқыту жоспарланған. Мектептің күрделі жөндеуі кешіктіріліп жатқандықтан, бұл сыныптарды штаттық режимде оқыту аудан орталығындағы қиын өмірлік жағдайда қалған балаларды қолдауға арналған облыстық орталықта жүзеге асырылады. Ол жерге оқушыларды арнайы автобус тасымалдайтын болады.

«Даяна Сервис» серіктестігі Балкашин №1 орта мектебіне де жөндеу жұмыстарын жүргізіп, мұнда да мерзімінен кешіктіруде. Облыс әкімі мердігер компанияға жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін 1 қазанға дейін уақыт берді. Соған дейін бітірмесе, қатаң шаралар қолданатынын жеткізді.

Биыл Балкашино селосының өзінде 61,5 шақырым жолға асфальт төселеді. Ермек Маржықпаев ауданда жолдарға мұндай үлкен ауқымда жөндеу жұмыстары алғаш рет жүргізіліп жатқанын, жалпы, мектептерді, мәдениет үйлерін жаңартуға, жолдар салуға Сандықтау ауданына мемлекеттік бюджеттен 3 миллиард 400 миллион теңге қаражат бөлінгенін айтты. Сапар барысында облыс әкімі аудан орталығындағы жаңадан салынған спорттық-ойын, футбол алаңдарын да аралап көрді.

Облыс әкімі осындағы Мәдениет үйіне «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы, сондай-ақ, аудандық аурухана мен «Мирас» балабақшасына «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, ауруханада болғанында ақ халаттылармен сөйлесіп, қал-жағдайларын сұрап, қатерлі індетті тоқтатуға қосып жатқан өлшеусіз үлестері үшін алғыс білдірді.

Қазіргі таңда ауданда коронавирусқа шалдығу көрсеткіші біршама төмендеген. Провизорлық стационар жұмысын әлі де болса жалғастыруда. Аудан бойынша 7 адам үй карантинінде жатыр. Барлығы лабораториялық тексерумен 72 адамда коронавирус расталған екен. Коронавируспен күрес кезінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен аудандық әкімдік тарапынан көп қолдау көрсетілгенін айтады  дәрігерлер. Ауруханаға қоғамдық қорлардың көмегімен 13 оттегі концентраторы сатып алыныпты. Бүгінде мұнда 37 дәрігер еңбек етуде. Биыл ауданға жоғары медициналық білімі бар 5 жас маман жұмысқа келіп, баспанамен қамтамасыз етілген. Осы орайда, Ермек Маржықпаев коронавируспен күрес шараларына жұмылдырылған медициналық қызметкерлердің барлығы мемлекет тарапынан үстемеақыларын алуын жіті қадағалауды  тапсырды.

Сапар соңында облыс әкімі «ПЗ Балкашин» ЖШС-інің егістік алқабына барды. Серіктестік биыл 17 мыңнан астам гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын сепкен. Егін бітік шыққан көрінеді.  Серіктестік басшысы Шарип Докаев жақын күндері егін орағын бастайтындарын айтты. Тек ауа райы қыңыр мінез танытпаса екен деп отыр диқандар.

 

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

 

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Есімдері аңызға айналған атақты дәрігерлер Көкшетауда шеберлік сыныптарын өткізді

Облыс әкімі Марат Ахметжанов Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасында өңірге «Жедел абдоминалды хирургияның өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img