Аудан әкімдігі Атбасар қаласында тұрғын үй беру мәселесін қарастыруда. Демеушілермен сөйлесудеміз, – деді аудан әкімінің орынбасары Абай Бекбаев.

Оқиға орнында аудан әкімі болып жағдайды толықтай бақылауына алған.

«Біз жерлеу рәсімін ұйымдастыруға толықтай көмектесеміз. Отбасы мүшелерімен психолог жұмыс істеуде. Барынша көмек беретін боламыз, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Өкінішке орай, қайтыс болған балалардың 16 жастағы ағасы әлі де болса стационарда жатыр. Еске сала кетсек, өрт кезінде екі бала аман қалған.

«2004 жылы туған баланың жағдайы орташа ауыр. Оның оң жақ қолы мен арқа тұсын күйік шалған. Шамасы өрт кезінде иіс тиіп қалғанға ұқсайды. Ол жұтынудың қиын екенін айтты. Біз инфуззиялық терапия мен антибиотиктер белгіледік. Аздап жағдайы жақсарып келеді», – деді Атбасар аудандық ауруханасының бас дәрігері Зарыққан Шаубаев.

Оның сегіз жасар қарындасы аман-есен.

«Әкесі кіші қызын терезеден алдымен шығарып үлгерген. Анасының айтуынша, қыз қазір Атбасарда әжесінің үйінде орналасқан. Анасы да бізге ауруханаға жүгінді. Оның аяғы жарақаттанған. Алғашқы көмек көрсетілді. Ауруханаға жатқызылған жоқ, – дейді аурухананың бас дәрігері.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін таңертең ертемен Атбасар ауданының Хрящевка селосында тұрғын үй өртке оранды. Шамамен таңғы бестер шамасында ұлдардың үлкені әкесін оятып кіреберіс бөлменің жанып жатқанын айтқан. Ер адам терезені сындырып әйелі мен екі баласын шығарып үлгереді. Үй тез тұтанатын материалдан салынғандықтан, бірден отқа оранған. Үш баланы құтқару мүмкін болмаған. Өрттің шығу себептері анықталу үстінде. Көкшетауға өрт сынамасы жіберілді.

Бұл Ақмола облысында жас балалар қаза болған екінші өрт болып отыр. 13 маусым күні Көкшетау қаласының Сарыарқа шағын ауданында да қайғылы оқиға орын алған. Ата-анасы жерлеу рәсіміне кетіп, үш кішкентай қыз ауруханаға жетпей көз жұмса, апта өткенде  екінші қыз стационарда жантәсілім етті.