spot_img
Дүйсенбі, Қазан 7, 2024
11.6 C
Kokshetau

Жаңа жыл қарсаңындағы баға мәселесі

Сондай-ақ...оқыңыз

Халық тұтынатын басты тауарлардың бағасы жаңа жыл қарсаңында шарықтап шыға келетінінен ел хабардар. Ал, қазіргі Көкшетау нарығындағы нарық бағасы қаншалықты өзгерді? Баға тұрақтылығы бар ма, әлде жаңа жылдық алашапқында халықтың жұқа қалтасы одан сайын жұқарып, баға бағынбай тұр ма? Бұл жайтты Aqmola news ақпараттық агенттігі сарапқа салып көрген еді.

Көпшілік жұрт күні бойы тарқамайтын «Орталық базар» маңындағы сауда орындарындағы қарақұрым халықтан аяқ алып жүргісіз. Әрине, барлығы қалта көтерерлік тауарлармен жаңа жылды жақсылап қарсы алғысы келері анық. Сонымен біз жаңа жылға жұрт асыға алатын тауарлардың бағасына көз жүгіртіп, оқырмандарымызға да азды-көпті мәлімет бере кеткенді жөн көрдік.

Сонымен, біз әрбір үйдің төрінен орын тебетін жасыл шырша мен оны безендіретін ойыншықтар мен жарықшақтардың (гирлянда) бағасын байқап көрдік. Шыршалардың бағасы оның бойының ұзындығына қарай есептелінеді. Ең қысқа шыршалардың бағасы 3000-3500 теңгеден басталып, 180см, 210-240 см биік шыршалардың бағасы 10-15 мыңға дейін, ал жеміс-жидектің сувенирлік пішінімен безендірілген шыршалар 23-25 мыңға дейін жеткен. Бұған шыршаға ілетін түрлі-түсті ойыншықтар мен мешуралардың, жарықшақтардың бағасы қазіргі таңда 500 теңгеден басталып, ірі ойыншықтар 2000-2500-ге дейінгі бағаны қалыптастырып отыр. Қалтаңыз көтерсе бұдан да қымбат, үйіңізге алуан түрлі жарық сыйлайтын жарықшақтар бар.

Әрбір ата-ана өз баласының жаңа жылдық ертеңгілігіне шашылып дайындалатыны түсінікті жағдай. Атап айтқанда, жаңа жылдық түрлі тәттілер «кулёк» әзірлеу үшін әр балаға 2100-2500 теңгеге дейін қаражат кетеді. Одан бөлек қағаз-қапшығын 180-350 теңгеге сатып алуға тура келеді. Ертеңгілік үшін аңдар мен кейіпкерлердің жаңа жылдық костюмдерін жалға алу үшін ата-ана 1500-2000 теңге көлемінде шығындалуы тиіс. Әрине, әрбір баланың балалық шағын ұрламас үшін ата-аналар барынша тырысып, қолдарынан келгенше аталған заттарды алуға тырысатыны сөзсіз. Сонымен, екі балалы шағын отбасы үшін жаңа жылдық әзірлікке қанша қаражат кетпек? Орташа есеппен алсақ, әр шағын отбасының өзі осы әзірліктер үшін ғана кемінде 25 мың теңгеге шығындалатыны айқындалады.

Баға демекші, жаңа жылда халық тұтынатын азық-түлік тауарларының бағасы да бірден шарықтап шыға келеді. Бұл туралы біз Ақмола облысының кәсіпкерлік басқармасы арқылы біршама жайға қанықтық. Қазіргі таңда, облыстық кәсіпкерлік және статистикалық басқармаларының деректеріне сенсек халық тұтынатын ең басты 19 азық-түлік тауарларына (ұн, сүт, ет өнімдері, күріш, қант, дәнді дақылдар тағы басқалар) мониторинг жүргізіледі. Кәсіпкерлік басқармасының берген мәліметіне қарағанда 1 сұрыпты бір бөлке нанның құны Көкшетау қаласы бойынша 80-85 теңгені құрайды.

-Біз қазір халық тұтынатын тауарларға мониторинг жасаудамыз. Оның ішінде нан бағасы тұрақты бақыланып отыр. Арнайы жүргізілген мониторингтің нәтижесінде нан бағасы 100 теңгеден 80 теңгеге дейін төмендетуге қол жеткізілді, – дейді Ақмола облысы кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Жаслан Айдарахманов.

Сондай-ақ, басқарма берген мәліметтерге қарағанда халық тұтынатын тауарлардың ішінде жаңа жыл қарсаңында соңғы аптада түтік кеспе (рожки), қарақұмық (гречка) бағасының біршама өскені анықталған. Картоп пен сәбіз, пияз бағасы 95-150 теңге болса, ал алманың бағасы 450-500 теңгені құрайды. Қияр мен қызанақтың жаңа жыл қарсаңындағы бағасы 700-900 теңгеге саудалануда.

 

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

АҚМОЛАЛЫҚ ПЕДАГОГ БАСТАУЫШ СЫНЫПТАРДА МАТЕМАТИКАНЫ ОҚЫТУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІМЕН БӨЛІСТІ

Көкшетау қаласының №19 жалпы орта білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші Муханбетжанова Аксауле бастауыш сыныптарда математиканы оқыту ерекшеліктерін,...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img