Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев пандемияның салдарынан шығынға ұшыраған кәсіпкерлерді қолдаудың маңыздылығы туралы айтып өтті, деп хабарлайды «Aqmola News».
Карантин шаралары салдарынан бизнесі тұралап қалған кәсіпкерлерге салықтың 2 түрі бірден 3%-ға дейін 2 жылға төмендетілді. Енді корпоративтер үшін 10-20% және жеке табыс салығы бойынша 10% орнына – компаниялар мен жеке кәсіпкерлер 3% ғана балама бөлшек салығын төлеуі керек болады.
Сонымен қатар, пандемия салдарынан шығынға ұшыраған компаниялар қосымша құн салығынан және әлеуметтік салықтан босатылады. Бұл өзгерістер ақша айналымының көлеміне қарамастан барлық кәсіпкерлерге ортақ болады.
«Пандемия кезінде ерекше зардап шеккен секторларға қолдау көрсету үшін шағын және орта бизнеске 2 жылға қосылған құн салығынан және әлеуметтік салықтан босату ұсынылып отыр. Сонымен қатар корпоративтік және табыс салығын есептеудің тәртібі заң жобасында сенаторлармен ұсылынып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен табыстың 3 пайызы көлемінде бөлшек салық режимі енгізіледі. Мұндай қадам пандемиядан зардап шеккен кәсіпкерлер үшін салық жүктемесін азайтуға және олардың жұмысына қолдау көрсетуге бағыталып отыр», – деді Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер жайлы пікір білдіре отырып.
Сенат депутаттары бірнеше мәрте шағын және орта бизнеске қолдауды арнайы салық режимдерін құру түрінде де, салықтық әкімшілендіруді жеңілдету тұрғысынан да ұйымдастыру қажеттілігі туралы талқылады.
Шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мақсатында Салық кодексіне өзге де түзетулер енгізілді. Депутаттар шектеулердің салдарынан табысынан айрылған кәсіпкерлердің қайта қалыпқа келуі үшін бірнеше ай қажет болады деген пікірге сүйеніп отыр. Сондықтан Сенат депутаттары салық жүктемесін азайтып қана қоймай, бизнеске мемлекет тарапынан басқа да қолдау көрсетуді қажет деп санайды.
Ал ең көп шығынға ұшыраған экономикалық секторлардың тізімін Үкімет айқындайтын болды.