Көкшетау қаласының МҮ-де волонтерлер слеті өткізілді. Слет аясында Алматы облысы «Қазақстан волонтерлер лигасы» қоғамдық қоры мен Ақмола облысы әкімдігі және Ақмола облысы «Атамекен» кәсіпкерлер ұлттық палатасы аймақтық кеңесі арасында ынтымақтастық меморандумдарға қол қойылды,-деп хабарлайды Aqmola News ақпарат агенттігі.
Облыс волонтерлерінің басын біріктірген жиында өңір басшысы өз еркімен қайырымдылық жасап, қоғамдық жұмыстарға ат салысып жүрген 16 белсенді еріктіні алғыс хаттармен марапаттады. Олардың қатарында «Біз біргеміз! Қайырымдылық қорының жетекшісі Қалымтай Шерьязданов те бар.
Бұл ұйым жеті жыл бұрын құрылып, науқасы ауыр балалардың еміне көмек пен қолдау көрсетіп келеді. Көп жылдық еңбек пен қол ұшын созу мақсатындағы игі істері үшін мекеменің жетекшісі «күміс волонтер» атанған.
Ашылу салтанатында сөз алған өңір басшысы азаматтардың жауапкершілігінің арқасында әлемді жақсартуға күш салу волонтерліктің өзегіне айналып отырғанын атап өтті.
Қазіргі уақытта қиын жағдайда қалғандарға көмек қолын созу арқылы қайырымдылыққа бет бұру кең маштабты жобаларға ұласты. Еріктілік – үлкен-кіші мен кәсібі әр түрлі адамдарды бір арнаға тоғыстырып, қайырымдылық жасауға үндеп, қатысушыларды білімге, оқып үйренуге ұмтылдырып, жүрек жылуын тудыруға ықпал етіп отыр,-деді Ермек Маржықпаев.
Еріктілік жолы арқылы алдыға мақсат қоя отырып көптеген жетістікке жетуге болады. Оның дәлелі «Сенім мен мейірім» қоғамдық қорының жетекшісі Татьяна Спиглазованың жақсылық жасаудағы іс-әрекетін көрсетуге болады. Емделушілері мен жақындары емге дәру жақпа май жасайтындығы үшін «Таняның жақпа майы» дейді.
Бұл өткізілген волонтерлер слетіндегі жастардың рухы мен олардың жанарындағы жарқыл біздің командаға одан сайын күш бергендей болды. Мұндай іс-шаралар жылуы мол дәстүрімізге айналады деп ойлаймын,- дейді жастар-ресурстық орталығының жетекшісі Анар Белгібаева.
Айта кетерлігі, жалпы республикада еріктілердің жұмысы жеті ұлттық волонтерлік жобасы бойынша іске асырылуда.
Слет аясында Ақмола облысының басым бағыты «Үміт» жобасына арналатыны белгілі болды. «Үміт» жобасы – екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 75 жылдығына орай отандастарымыз туралы баяндайтын құжаттарды іздеуге бағытталған.