Ақмола облысының тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы жаңа қаулыға қол қойды. Оған сәйкес Көкшетау қаласында 7 қараша кешкі сағат 00:00-ден бастап қалаға кіріп-шығуға тыйым салынады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстың бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина мәлім етті, – деп хабарлайды «Aqmola News».
Соңғы деректер бойынша облыста 3805 адам коронавирус індетін жұқтырып, 77 адам қайтыс болған.
Бас дәрігердің айтуынша, соңғы екі аптада Ақмола облысы бойынша індеттің таралуы 2,2 есе, ал Көкшетау қаласы бойынша 3,5 есе қскен.
Бұл негізінен халықтың санитарлық талаптарды сақтамауынан болды, – дейді бас санитар.
Қаулыға сәйкес іштей режимде жиналыстар өткізуге, ашық алаңда аттракциондардың жұмыс істеуіне, діни нысандардың қызметінің жұмыс істеуіне, мәдениет нысандарының, кітапханалар мен музейлердің, театрлар мен кинотеатрлардың қызметіне тыйым салынады.
Азық-түлік дүкендері таңғы 9:00-ден кешкі 20:00-ге дейін бекітілген кестеге сәйкес санитарлық күндерді өткізе отырып, жұмыс режиміне шектеу қойылады. Такси қызметіне екі адамнан артық мінуге тыйым салынады, – дейді Ақмола облысының бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина.
Сондай-ақ жаңа шектеу шараларына сәйкес қоғамдық тамақтану нысандары бір мезетте 30 адамнан аспайтын келушілерді қабылдап, таңғы 08:00-ден кешкі 19:00ге дейін шектеу қойылған. Ал демалыс күндері тек осы уақыт аралығында тамақты жеткізуді жүзеге асырушыларға ғана рұқсат етіледі.
Сән салондары, шаштараздар мен косметологиялық қызмет көрсету нысандары санитарлық нормаларға сәйкес актілері болған жағдайда ғана жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Ал демалыс күндері жұмыстары уақытша тоқтатылады.
Ал фитнес-орталықтары, жаттығу залдары мен спорттық-сауықтыру орталықтарына алдын ала жазылу бойынша 15 адамнан аспайтын көлемде таңғы 08:00-ден 19:00- ге дейін жұмыс істеуіне рұқсат берілмек.
Моншалар мен сауналарға көлемінің 50 пайызынан аспайтын мөлшерде таңғы 08:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейді.
Мемлекеттік органдардың кемінде 80 пайыз қызметкерлері жұмыс істеудің қашықтық режиміне көшіріледі.
Көкшетау қаласы әкімдігі полиция департаментімен бірлесіп, Көкшетау қаласының карантин аумғында блокбекеттер орнатуды қамтамасыз етеді, – дейді Айнагүл Мусина.