Бүгін Ақмола облысы «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесі мен «Ауыл» ХДПП Ақмола облысы бойынша өңірлік филиалының ұйымдастыруымен «Қоғамдық келісім» КММ ғимаратында «Ұлттық құндылықтарды дамыту тұжырымдамасы» тақырыбында зиялы қауым өкілдерімен дөңгелек үстел өтті, – деп хабарлайды «Aqmola News» Ақмола облысының «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесіне сілтеме жасап.
Аталмыш шараға Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі, Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы, өңіріміздің танымал ақындары Қуаныш Оспан мен Мерген Тоқсанбай, Ақмола облысы «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің қызметкерлері мен «Ауыл» ХДПП мүшелері қатысты.
Іс-шараның тізгінін ұстаған Ақмола облысы «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Марал Жақыпова өңірімізде қолға алынған ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған жұмыстарға шолу жасап, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында іске асырылып жатқан шараларға тоқталып өтті. Сөз соңында биылғы жылы жарық көрген «Абылай ханның қара жолы» ғылыми жинағы мен өңір қаламгерлерінің жыр жинақтарын, «Рухани Aqmola» журналының жаңа санын іс-шара қонақтарына сыйға тартты.
Іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген ақын, әдебиеттанушы Дәулеткерей Кәпұлы ұлттық құндылықтарды насихаттау туралы өз ой-тұжырымдарымен бөлісті, ақын Қуаныш Оспан өзінің ауыл туралы жырларын ортаға салды.
«Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ермек Бекенұлы өңірлердегі әлеуметтік ахуалға тоқталып, ауылдық елді-мекендерді дамытудың өзектілігін сөз етті.
Биология ғылымдарының докторы, профессор, академик, «Ауыл» ХДПП мүшесі Әбілжан Тоқанұлы партияның өңірлерді дамытуға және ұлт руханиятын кемелдендіруге бағытталған бағдарламасын көпшілікке таныстырды.