Қостанай облысының Арқалық қаласындағы жылына 120 млн дана жұмыртқа шығаратын және 220 тұрақты жұмыс орны бар «Агроинтерптица» ЖШС құс фабрикасы белгісіз мерзімге жұмысын тоқтатады. Бұл туралы кәсіпорынның құрылтайшысы және инвесторы Александр Лоренц мәлімдеді.
Қазақстан Республикасында жоғары патогенді құс тұмауының таралуына байланысты кәсіпорындағы құстар жаппай қырылды. Індет басталғанға дейін кәсіпорында құс басының жалпы мөлшері 502 600 болған. Қолданыстағы нормаларға сәйкес, құс ауруы кезінде алып тастау және жою мәселелесін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті, республикалық эпизоотияға қарсы бөлімімен қарайды. Алайда, уәкілетті органдар әлі күнге дейін әрекет етпей отыр.
«Біз бірде-бір алып тастау актісін де, жою актісін де алған жоқпыз. Ашық ауада әлі де 70 мыңға жуық құс басы бар. Біз құстарды жоюға бар күшімізбен көмектесіп жатырмыз, бірақ жоюды өз бетімізше жүргізуге құқығымыз жоқ. Өкінішке қарай, мемлекеттік органдардан қолданыстағы ережелер шеңберінде уақытылы әрекет етуін, тиісті ресімдеуін, өтемақы мен көмек төлеуін күтудің қажеті жоқ екені түсінікті болып отыр. Сондықтан біз фабриканың жұмысын толығымен тоқтата тұруға және қызметкерлерді қысқартуға мәжбүрміз. Қызметкерлерге қыркүйек айы үшін толық жалақы төледік, кредиторлармен есеп айырысуға, коммуналдық төлемдер мен салықтарды төлеуге ниеттіміз. Өлім-жітімнен туындаған тікелей залал сомасы 554,7 млн теңгені, жұмыртқадан түсетін пайда сомасы 356,0 млн теңгені, банк пен жеткізушілер алдындағы борыштар 500 млн теңгеден астам соманы құрады», – дейді кәсіпорынның құрылтайшысы және инвесторы Александр Лоренц.
Айтуынша, кәсіпорынның қызметін қайта бастауға кемінде бір жыл қажет. Алайда, инвестор өндірісті қайта бастау үшін тәуекелге баруға Ауыл шаруашылығы министрлігінің саясатына күмәнмен қарайды.
Арқалықтағы құс фабрикасы 1970 жылдан бері жұмыс істеп келген. 1992 жылы қызметі тоқтатылған, 2008 жылы неміс инвесторы Александр Лоренцтің күшімен кәсіпорын қалпына келтіріліп, «Агроинтерптица» ЖШС құрылды. 2009 жылы, 20 жылға жуық үзілістен кейін, өндіріс қайта іске қосылды. 2017 жылы фабрика жылына 123 млн дана жұмыртқа шығара бастады.