Мемлекет басшысының Жолдауы елдің даму бағытын айқындап қана қоймай, оның әр өңірде қалай іске асатынына жауап іздеуді талап етеді. Ақмола облысы үшін бұл сұрақтың жауабы ауылдағы жұмыс орнының, қолжетімді қызметтің, сапалы инфрақұрылымның және тұрғындар өтінішіне берілетін нақты жауаптың төңірегінде жатыр. Саяси партияның міндеті – осы күнделікті мәселелерді мемлекеттік шешімдермен байланыстыру.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту, агроөнеркәсіптік кешеннің өнімділігін арттыру, су ресурстарын ұтымды пайдалану және мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейту басымдықтары белгіленді.
«Әділет» партиясының ұстанымында әділеттілік, патриотизм, жауапкершілік, еңбекқорлық және прогресс өзара байланысты құндылықтар ретінде қарастырылады. Бұл дегеніміз, әділеттілік – мүмкіндікке тең қолжетімділік, жауапкершілік – берілген уәденің орындалуы, патриотизм -өз ауылың мен қалаңның мәселесіне бейжай қарамау. Осы қағидаттар партия жұмысының негізгі өлшемі болып табылады.
Ақмола облысында партиялық жұмыстың өзегі – тұрғындармен тұрақты әрі ашық байланыс. Ауылдарда, еңбек ұжымдарында, кәсіпкерлермен және жастармен кездесулерде айтылған ұсыныстарды тақырыптар бойынша тіркеп, жауапты мекемелерге жолдау, кейін олардың қаралу барысын тұрғындарға жеткізу маңызды.
Өңір экономикасы үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу айрықша мәнге ие. Бұл бағытты ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға және кооперацияны дамытуға арналған «Ауыл аманаты» жобасы тиімді жүзеге асуда. Жоба шағын шаруашылықтардың өндірісін кеңейтіп, өнімді қайта өңдеуіне және тұрақты табыс көзін қалыптастыруына жол ашады. Біздің міндетіміз – тұрғындарға қолдау тетіктерін түсіндіру, кәсіпкерлердің ұсыныстары мен кездескен кедергілерін жауапты органдарға жеткізу. Мұндай жұмыстың негізгі өлшемі – ауыл тұрғынының тұрақты жұмысы мен табысының артуы.
Су ресурсын үнемдеу мәселесінде де түсіндіру мен бақылау қатар жүруі керек. Тұрғындармен және шаруашылықтармен кездесуде суды ұқыпты пайдалану, қайта қолдану технологиялары, су желілеріндегі шығындар туралы нақты мәселелерді жинақтап, жауапты мекемелердің шешімін сұрау -партиялық жұмыстың практикалық бағыты. Бұл жерде табиғатты аялау ұстанымы күнделікті тәртіп пен ұзақ мерзімді шаруашылық шешімдерінен көрінеді.
Цифрландыру туралы айтқанда қызметтің шынымен қолжетімді болуын ұмытпауымыз керек. Ауыл тұрғындарына, егде жастағы азаматтарға және цифрлық дағдысы жеткіліксіз адамдарға электрондық қызметті пайдалану тәртібін түсіндіру, олар кездескен кедергілерді тіркеу және тиісті мемлекеттік органдарға ұсыну маңызды. Жасанды интеллект пен жаңа сервистер адамның уақытын үнемдеп, шешім қабылдаудың ашықтығын арттырса ғана олардың қоғамдық құндылығы айқындалады.
Партияның идеологиялық жұмысы жастар арасында нақты іс-шаралар арқылы жүйелі жүргізіліп келеді. Құқықтық сауат, адал еңбек, қоғамдық тәртіп, экологиялық жауапкершілік және жалған ақпаратты ажырата білу мәселелері жастармен ашық талқылануда. Колледждермен, жастар ұйымдарымен және қоғамдық бірлестіктермен бірлескен кездесулерде жастардың ұсыныстары тыңдалып, өңірлік жобаларға қатысу мүмкіндіктері түсіндірілуде. Жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.
Жолдауда белгіленген міндеттерді іске асыру – мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі. «Әділет» партиясы тұрғындардың ұсыныстарын нақты бастамаларға айналдыруға және олардың орындалуын қадағалауға басымдық беріп келеді. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жүйелі жалғасады. Біз үшін Әділетті Қазақстан құндылықтары өңір мүддесіне қызмет ететін шешімдерден, адал еңбекке лайықты баға беруден және әр азаматқа құрметпен қараудан көрініс табады.
Ақманат Әлімбетова
«Әділет» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының орынбасары



