Көкшетауда қазақтың дәстүрлі жыршылық өнерін ұлықтаған «Мәлік – ғұмыр, жыр – дастан» республикалық байқауы мәресіне жетті. Мәлік Ғабдуллин музейінің ұйымдастыруымен өткен өнер додасында еліміздің әр өңірінен келген жыршылар бақ сынап, батырлар жырының мәйегін көпшілікке жеткізді.
Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында өткен байқау ұлттық руханиятты дәріптеп, ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан жыршылық дәстүрді жаңғыртуға арналды. Шараның әлқиссасы Абылай хан қойылымымен бастау алды. Сахна төріне шыққан өнерпаздар «Қобыланды батыр», «Қарға», «Парпария», «Алпамыс батыр», «Сырым батыр» және «Батыр Баян» жырларын орындап, тыңдарманға қазақтың бай эпикалық мұрасын танытты. Батырлар жырында көрініс тапқан ерлік, елдік пен отансүйгіштік идеялары дәстүрлі өнердің бүгінгі қоғамдағы маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті.

Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлде Батыс Қазақстан облысының жыршысы Фархат Оразовқа табысталды. Қызылорда облысының өкілі Марат Сүгірбай бірінші орынды иеленді. Жетісу облысынан келген Нүрәли Есхат екінші орынға лайық деп танылса, Ақтөбе облысының намысын қорғаған Бақыт Арыстанғалиева үшінші орынға ие болды. Ал Қостанай облысының жыршысы Абзал Алпыс пен Ақмола облысының өкілі Нүридден Охиттан ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Республикалық байқау дәстүрлі өнер өкілдерінің басын қосып қана қоймай, ұлттық мұраны сақтау мен насихаттаудың маңызын көрсетті. Халқымыздың тарихи жадын, дүниетанымы мен рухани құндылықтарын бойына сіңірген батырлар жыры – кейінгі ұрпаққа аманат болған асыл қазына.

Осындай мәдени бастамалар жыршылық өнердің өрісін кеңейтіп, ұлттық дәстүрдің үзілмей жалғасуына жол ашады. Көкшетаудағы жыр додасы да бабалар мұрасын дәріптеп, қазақ руханиятының алтын арқауын жалғаған тағылымды шара ретінде есте қалды.



