Мал ұрлығына қарсы іс-қимыл Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл жұмыс «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жүйелі түрде жүргізіліп, азаматтардың мүлкін қорғауға, ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жасалған қылмыс үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері мал ұрлығына қатысы бар 460-қа жуық адамды ұстады, олардың қатарында 107 қылмыстық топтың мүшелері бар. Заңды иелеріне үш мыңнан астам мал қайтарылды.
Мал ұрлығы ауыл тұрғындары үшін өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Себебі көптеген отбасылар үшін мал шаруашылығы негізгі табыс көздерінің бірі саналады. Сондықтан мал ұрлығымен айналысатын қылмыстық топтардың әрекетін анықтауға және жолын кесуге ерекше көңіл бөлінеді.
Тамыз айында Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері жылқы мен ірі қара малын бірнеше рет ұрлады деген күдікпен екі адамды ұстады. Олардың тоғыз қылмыстық эпизодқа қатысы бар екені анықталды. Нәтижесінде 15-тен астам мал ұрланған.
Тергеу нұсқасы бойынша күдіктілер еркін жайылымда жүрген малды ұрлап, оны шалғайдағы елді мекенге айдап әкеткен. Кейін малды сойып, етін одан әрі сату мақсатында Ақтөбе облысына жеткізген. Күдіктілер қамауға алынды.
ІІМ мал ұрлығының алдын алу тек полицияның жүйелі жұмысына ғана емес, мал иелерінің жауапкершілігіне де байланысты екенін атап өтеді. Ауыл тұрғындарына малды қараусыз қалдырмау, бақыланатын жайылым ұйымдастыру, GPS-трекерлерді пайдалану, малды дер кезінде таңбалау, чиптеу және мал басын есепке алу ұсынылады.
Мұндай шаралар мал ұрлығының алдын алуға, ал қылмыс жасалған жағдайда ұрланған малды іздестіру мен сәйкестендіру жұмыстарын едәуір жеделдетуге мүмкіндік береді.
ІІМ мал ұрлығы қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын тағы да еске салады. «Заң және тәртіп» қағидаты қылмыс жасаған әрбір адамның заң алдында жауап беруінің бұлтартпастығын көздейді. Өзгенің мүлкін ұрлауға қатысы бар тұлғалар анықталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Мал ұрлығының алдын алу, мал иелерінің жануарлардың сақталуына жауапкершілікпен қарауы, азаматтардың полициямен өзара іс-қимылы және заң бұзғандар үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығы ауылдық жерлерде заң мен тәртіпті қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Полиция мал ұрлығының алдын алу және оны ашу, азаматтардың мүлкін қорғау және кінәлілерді заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастырады.



