Зеренді ауданында «CHANGEMAKER CAMP: «Өзгеріс өзіңнен басталады» атты Ақмола облысы волонтерлерінің лагері өтті. «Парус» демалыс базасында облыстың қала-аудандарынан келген белсенді жастар, үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ республикалық және халықаралық волонтерлік ұйымдардың өкілдері бас қосты.
Лагерь бағдарламасы танымдық кездесулерді, шеберлік сабақтарын, командалық ойындар мен бейресми қарым-қатынасты қамтыды. Қатысушылар өзара танысып, тәжірибе алмасып, түрлі байқаулар мен интерактивті бағдарламаларға қатысты.
Лагерьдің ашылуында Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова мен Ұлттық волонтерлік желінің атқарушы директоры Татьяна Миронюк волонтерлерге ізгі тілектерін білдірді.
Гүлмира Кәрімова волонтерлердің қоғам өміріне қосып жүрген үлесін жоғары бағалап, олардың еңбегін нақты көрсеткіштермен өлшеу мүмкін емес екенін атап өтті.
«Патриотизм туралы үлкен сөз айтқым да келмейді. Сіздердің волонтер болуыңыздың өзі – патриот екендеріңіздің белгісі. Адамдар үшін, ел үшін, мемлекеттің дамуы үшін атқарып жүрген істеріңіз баға жетпес. Сіздердің үлестеріңізді қандай да бір санмен өлшеу мүмкін емес. Мұның барлығы – жүректегі мейірімнен», – деді Гүлмира Кәрімова.
Татьяна Миронюк Қазақстанның БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында Тұрақты даму жолындағы халықаралық волонтерлер жылын жариялау бастамасын көтергенін атап өтті. Бүгінде бұл бастаманы әлемнің 130-дан астам елі қолдап отыр.
Лагерь аясында қатысушылар «Өзгеріс өзіңнен басталады» тақырыбындағы шеберлік сабағына қатысып, жеке бастамашылдық пен жауапкершіліктің маңызын талқылады. Сонымен қатар «Мейірім-Зеренді» қоғамдық қорының әлеуметтік-шығармашылық шеберлік сабағы ұйымдастырылды.
Лагерьдің негізгі тақырыптарының бірі «Заң және тәртіп» идеологемасына арналды. Ақмола облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Ержан Қошқарбаев жол қауіпсіздігі, жол қозғалысы ережелерін сақтау, сондай-ақ мопедтер мен электрмопедтерді пайдалану кезіндегі жауапкершілік туралы айтты.
Зеренді ауданы прокуратурасының прокуроры Асқар Дастан заңның қоғамдағы орны, адам құқықтары және жеке жауапкершілік мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар қатысушыларға интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері туралы бейнероликтер көрсетіліп, түрлі жағдайлар талқыланды.
Лагерьге қатысушылардың бірі – Зеренді ауылының 18 жастағы тұрғыны Ескендір Серік. Ол үш жылдан бері волонтерлік қызметпен айналысады. Осы уақыт ішінде қарт адамдарға көмек көрсетіп, экологиялық акциялар мен сенбіліктерге қатысып келеді.
«Мұндай шаралар жастар үшін өте пайдалы. Мұнда басқа аудандардан келген жастармен танысып, тәжірибе алмасуға, жаңа дүниелерді үйренуге мүмкіндік бар. Мен волонтерлікпен үш жылдан бері айналысамын және адамдарға көмектесу маңызды деп санаймын», – дейді Ескендір Серік.
Лагерь командалық ойындар мен бейресми кездесулерге ұласты. «CHANGEMAKER CAMP» аясында Ақмола облысының әр өңірінен келген волонтерлер өзара танысып, тәжірибе алмасып, бастамалары мен жобаларын талқылады.



