Құрылтай депутаттарын сайлау күні Ақкөл қаласындағы сайлау учаскелерінің бірінде ерекше әрі әсерлі акция ұйымдастырылды. Мұнда тұрғындар тек өз таңдауын жасап қана қоймай, символикалық «Тілек ағашына» өз арманы мен ақ тілегін қалдыра алады, деп хабарлайды Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы.
Таңертеңнен бері сайлаушылар өз тілектері мен жүрекжарды сөздерін түрлі түсті қағаздарға жазып, ағаштың бұтақтарына іліп жатыр. Дауыс беру басталғанына небәрі бір сағаттан астам уақыт өтсе де, ағаш тұрғындардың ізгі тілектеріне толып, бірте-бірте құлпыра түсті.
Акцияға әртүрлі жастағы және түрлі мамандық иелері белсенді қатысуда. Олардың қатарында жастар мен аға буын өкілдері, кәсіпкерлер, түрлі саланың мамандары және қоғам белсенділері бар. Әркімнің тілегі әртүрлі болғанымен, барлығын ортақ үміт пен жақсы болашаққа деген сенім біріктіреді.
Акцияға қатысушылардың бірі — қоғамдық жұмыстарда үлкен тәжірибесі бар, кәсіпкер, бұрын депутат болып сайланған Валерий Николаевич Симчук. Ол «Тілек ағашына» ең маңызды құндылықтарға қатысты жүрекжарды тілегін жазды.
> «Мен ең қарапайым әрі ең маңызды нәрсені тіледім — елімізде әрдайым бейбітшілік пен тыныштық болсын, әрбір отбасында денсаулық, береке және болашаққа деген сенім болсын деп жаздым. Біреу отбасы үшін, енді бірі балалары немесе бүкіл ел үшін тілек қалдырып жатыр. Бірақ олардың әрқайсысында мейірім бар. Бұл акция бәрімізге жақсы көңіл күй сыйлап, әр адамның өз арманы мен үміті бар екенін еске салды. Осы тілектердің барлығы орындалып, кешке қарай ағашымыз ізгі ойлар мен ортақ үміттің символына айналса екен», — дейді Валерий Симчук.
Әсіресе жастар өз армандарымен бөлісуге белсенді. Олардың тілектерінде бейбіт өмір, жақындарының амандығы, отбасының бақыты, оқу мен жұмыстағы жетістіктер, өз мақсаттарын жүзеге асырып, лайықты болашақ құруға деген ұмтылыс бар. Бірі саяхаттауды армандаса, енді бірі мансаптық жетістікке, бақытты отбасы құруға және өзін дамытуға тілек білдірген.
Күн соңына қарай «Тілек ағашы» түрлі түсті тілектерге толып, ерекше кейіпке енеді. Ондағы әрбір жапырақша сайлау күні өз ойы мен арманын бөліскен адамдардың үмітін сақтап қалады.
Осылайша, қарапайым ғана стенд сайлау күнінің ерекше символына айналуда. Сан түрлі тілектердің ішінде барлығын біріктіретін ортақ құндылық бар — бейбіт өмір сүру, бала тәрбиелеу, болашаққа жоспар құру және жақсы күндерге сену.



