spot_img
Бейсенбі, Шілде 23, 2026
20.7 C
Kokshetau

Өрт қаупі жоғары кезеңдегі Бурабай: елемеуге болмайтын қауіпсіздік ережелері

Сондай-ақ...оқыңыз

Найзағайдың түсуі – орман өрттерінің табиғи себептерінің ең кең таралған түрлерінің бірі. Алайда табиғи қауіп-қатерге адамдардың салғырттығы да жиі қосылады. Сөндірілмеген темекі тұқылы, мангалдан ұшқан ұшқын, жағылған от немесе толық өшірілмеген шоқ – адамға болмашы нәрсе болып көрінгенімен, Бурабайда ірі орман өртінің басталуына себеп болуы мүмкін.

Осыған байланысты өрт қаупі жоғары кезеңде «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында ерекше қауіпсіздік талаптары қолданылады. Көпшілік орманда от жағуға болмайтынын біледі. Дегенмен, сырттай қауіпсіз көрінетін кейбір әрекеттердің де табиғатқа үлкен қатер төндіретінін бәрі бірдей ескере бермейді.

Қатаң тыйым салынатын әрекеттер

От жағуға болмайды

Тіпті маңайда ағаш болмаса да, ашық от құрғақ шөпке, қылқан жапырақтарға және орман төсенішіне тез тарап, ауқымды өртке ұласуы мүмкін.

Мангал мен ашық от көздерін пайдалануға тыйым салынады

Тамақ әзірленгеннен кейін де көмір ұзақ уақыт бойы жоғары температурасын сақтайды. Қатты жел соқса, ұшқындар ондаған метрге дейін ұшып, өрттің шығуына себеп болуы ықтимал.

Темекі тұқылын тастауға болмайды

Толық сөнгендей көрінетін темекі тұқылының іші әлі де бықсып жатуы мүмкін. Ол құрғақ шөпке немесе қарағай қылқанына түссе, өрт тұтануы ғажап емес.

Қызуы басылмаған көмірді қалдыруға болмайды

Көпшілік көмірге аз ғана су құйып, оны толық өшті деп ойлап кетіп қалады. Алайда ішкі қызуы сақталса, біраз уақыттан кейін көмір қайта бықсып, өртке ұласуы мүмкін.

Пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға тыйым салынады

Отшашулар, сигналдық зымырандар, петардалар және өзге де пиротехникалық құралдар орман алқаптары үшін аса қауіпті.

Шыны бөтелкелер мен банкаларды қалдыруға болмайды

Шыны күн сәулесін линза секілді шоғырландырып, аптап ыстықта өрт қаупін арттыруы мүмкін. Сонымен қатар орманда қалған шыны сынықтары адамдар мен жануарлардың жарақат алуына себеп болады.

Жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардан тыс жерге автокөлікпен кіруге болмайды

Рұқсат етілмеген жермен жүру орман төсенішін бүлдіріп, өсімдіктерге зиян келтіреді әрі өрт шығу қаупін күшейтеді. Себебі көліктің қатты қызған бөлшектері құрғақ шөппен жанасқанда тұтану көзіне айналуы мүмкін.

Уақытша енгізілген шектеулерді елемеуге болмайды

Өрт қаупі жоғары немесе төтенше деңгей жарияланған кезде ұлттық парк жекелеген туристік бағыттарды, тау шыңдарын және орман аумақтарын уақытша жабуы мүмкін. Мұндай шаралар адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және табиғатты сақтау мақсатында қабылданады.

Неліктен талаптар күшейтіледі?

Бурабай – өрттен кейін қайтадан көшет отырғыза салуға болатын қарапайым қалалық саябақ емес. Мұнда жүздеген жыл бойы қалыптасқан бірегей табиғи экожүйе бар. Сондықтан әрбір ағаш пен орман алқабын сақтау – ортақ міндет.

Ормандағы өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу табиғатқа қауіп төндіріп қана қоймай, заң алдында жауапкершілікке де әкеледі. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 367-бабына сәйкес, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы, соның ішінде «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағындағы өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған жеке тұлғаларға 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады. 2026 жылы бұл сома 432 500 теңгені құрайды.

Ұлттық парк аумағында жыл сайын жүздеген мың жас қарағай көшеті отырғызылады, орман кордондары жаңғыртылып, өрт сөндіру техникасы жаңартылып келеді. Сондай-ақ өртті ерте анықтайтын заманауи жүйелер енгізіліп, мемлекеттік инспекторлар күн сайын орман алқаптарын патрульдеп, полиция қызметкерлерімен бірлескен рейдтер жүргізеді және өрт туралы кез келген хабарламаға жедел әрекет етеді.

Алайда ең заманауи техника мен тиімді бақылау жүйелерінің өзі адамдар қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамаған жағдайда өрттің алдын ала алмайды. Сондықтан табиғатты қорғау – әрбір келушінің жауапкершілігі.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Оңай табыс – ауыр жауапкершілік: дроппер деген кім және алаяқтардың құрбанына айналмаудың жолы

Интернет-алаяқтық бүгінде Қазақстандағы ең кең таралған қылмыстардың біріне айналды. Алаяқтар азаматтардың ақшасын тікелей ұрлаумен ғана шектелмей, қылмыстық жолмен алынған...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img
Banner
Яндекс.Метрика