Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды заңсыз өткізумен айналысқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, өнімдер әлеуметтік желілердегі интернет-дүкендер арқылы сатылып, тұтынушыларға курьерлік қызмет арқылы жеткізілген.
Қылмыстық топ мүшелері өздерінің заңсыз қызметін жасыру мақсатында конспирация шараларын қолданған. Сондай-ақ ақша қаражатын қабылдау және қолма-қол ақшаға айналдыру үшін дропперлердің қызметін пайдаланған.
Алдын ала есеп бойынша, қылмыстық табыс көлемі 221 миллион теңгеден асқан.
Сот санкциясымен күдіктілерге тиесілі пәтер мен автокөлікке тыйым салынды. Қылмыстық схеманы ұйымдастырушы қамауға алынды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Айта кетейік, жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі вейптерді заңсыз өткізу фактілері бойынша 12 сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Заңсыз айналымнан жалпы саны 717 мың дана өнім тәркіленді.
ҚМА Ақмола облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі



