spot_img
Дүйсенбі, Маусым 8, 2026
22.6 C
Kokshetau

Жаз мезгілінде жіті ішек инфекцияларынан сақтану жолдары

Сондай-ақ...оқыңыз

Жаз мезгілінің келуімен халықтың табиғат аясында демалуы, жеміс-жидек пен көкөністі молынан тұтынуы артады, сонымен қатар жіті ішек инфекцияларының таралу қаупі де жоғарылайды. Осыған байланысты тұрғындардың санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтауы мен қауіпсіз тамақтану қағидаларын ұстануы ерекше маңызға ие.

Жіті ішек инфекциялары – асқазан-ішек жолдарын зақымдайтын жұқпалы аурулар тобы. Олардың қатарына дизентерия, сальмонеллез, ротавирустық және норовирустық инфекциялар, сондай-ақ басқа да ішек аурулары жатады. Бұл инфекциялар көбіне ластанған тағам өнімдері мен су арқылы, сондай-ақ жеке бас гигиенасы талаптарының сақталмауы салдарынан таралады.

Аурудың негізгі белгілері – жүрек айну, құсу, іштің ауыруы, іш өту, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік және жалпы жағдайдың нашарлауы. Әсіресе балалар, қарт адамдар және созылмалы аурулары бар азаматтар үшін бұл инфекциялар аса қауіпті. Себебі олар ағзаның сусыздануына әкеліп, денсаулыққа елеулі қауіп төндіруі мүмкін.

Ішек инфекцияларының алдын алуда қарапайым санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау шешуші рөл атқарады. Ең алдымен, тамақ ішер алдында, дәретханадан кейін, көшеден келген соң және жануарлармен байланыстан кейін қолды сабынмен мұқият жуу қажет. Ішуге және тағам дайындауға тек сапалы әрі қауіпсіз ауыз суды пайдалану керек. Егер судың қауіпсіздігіне күмән туындаса, оны міндетті түрде қайнатқан жөн.

Сонымен қатар азық-түлік өнімдерін сақтау талаптарын қатаң сақтау маңызды. Әсіресе сүт өнімдері, ет, балық, жұмыртқа және дайын тағамдар секілді тез бұзылатын өнімдердің сақталу мерзімі мен жағдайына ерекше назар аудару қажет. Жарамдылық мерзімі өткен немесе сапасына күмән тудыратын өнімдерді тұтынуға болмайды.

Көкөністер мен жемістерді, жидектер мен көкөніс шөптерін тұтынар алдында ағын сумен мұқият жуу қажет. Ал ет, құс еті, балық және жұмыртқа өнімдерін толық термиялық өңдеуден өткізу инфекциялардың алдын алудың маңызды шарты болып табылады. Тағам дайындау барысында шикі және дайын өнімдердің жанасуына жол бермей, олар үшін бөлек асүй құралдарын пайдаланған дұрыс.

Егер аурудың алғашқы белгілері байқалса, өздігінен ем қабылдамай, дереу медициналық көмекке жүгінген жөн. Әсіресе дәрігердің кеңесінсіз бактерияға қарсы препараттарды қабылдау аурудың нақты себебін анықтауды қиындатып, емдеу үдерісіне кері әсер етуі мүмкін.

Халық денсаулығын сақтау – ортақ жауапкершілік. Сондықтан әрбір азамат жеке бас гигиенасын сақтап, қауіпсіз тамақтану мәдениетін қалыптастыру арқылы өз денсаулығын ғана емес, отбасы мүшелері мен айналасындағы адамдардың саулығын қорғауға үлес қоса алады.

ҒАЛЫМБЕК АЛИН,

Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Елордадағы кітапханада мектепке дейінгі балаларға арналған экосағат өтті

Астанадағы №7 Балалар кітапханасында «Экология – табиғат жүрегі» атты ақпараттық сағат өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты. Іс-шара мектепке...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img
Banner
Яндекс.Метрика