Бұланды ауданындағы «Нанар» фирмасы» ЖШС еңбек ұжымы алдағы жалпыхалықтық референдумды ашық қолдайтынын мәлімдеді. Өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған агрокешен қызметкерлері отандастарын ауқымды өзгерістерге бағытталған бастамалар төңірегінде бірігуге шақырады.
Кәсіпорын қызметкерлері реформалар ауылдық аумақтардың тұрақты дамуына және еңбек адамдарының мүддесін қорғауға берік негіз болады деп сенеді. Ұжымның пікірінше, дауыс беруге қатысу – әрбір азаматқа құқықтық әрі әділетті мемлекет құру ісіне өз үлесін қосуға берілетін мүмкіндік.
«Нанар фирмасы» ЖШС басшысы Виталий Варданян бұл кезеңнің маңыздылығына ерекше тоқталды:
«Біздің кәсіпорын әрқашан жасампаз еңбек пен туған жерге адалдық қағидаттарына сүйеніп келеді. Біз референдумды қолдаймыз, өйткені оны болашақ ұрпақ үшін тұрақтылық пен тең мүмкіндіктердің кепілі деп білеміз. Бұл – мықты әрі өркендеген Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған жауапты қадам. Бүгінде аграрлық салада еңбек етіп жүрген әрбір адамның дауысы маңызды», – деді Виталий Варданян.
Еңбек ұжымы ел дамуының басты негізі – бірлік пен адал еңбек екенін атап өтті. Бұланды ауданының аграршылары өздерінің азаматтық борышын орындап, дауыс беруге қатысуға толық дайын екендерін білдірді.
Ұжымдық үндеуде ауыл еңбеккерлерінің белсенді ұстанымы өңірдің және жаңарған Қазақстанның өркендеуіне берік негіз болатыны айтылды.



