Кәсібіне адал маман: Ұмсын Мұқашеваның санитариялық қызметтегі жолы

0
64

Қоғам денсаулығы – ел қауіпсіздігінің берік қалқаны. Ал сол қалқанның мығым болуына өмірін арнаған жандардың бірі – Ұмсын Қаменқызы Мұқашева, Ақмола облысы Бурабай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы.

Қырық жылдан астам еңбек жолы бар білікті маманның ғұмыры санитариялық қызметпен тығыз өрілген. 1965 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының Севастополь ауылында дүниеге келген Ұмсын Қаменқызы еңбекқорлық пен жауапкершілікті жастайынан бойына сіңіріп өсті. Алғашқы еңбек жолын Көкшетау қаласындағы «Сәуле» бөбекжай-бақшасында бастаған жас қыздың жүрегінде медицинаға деген ерекше ықылас оянды.

1986 жылы Көкшетау медициналық училищесін тәмамдап, санитарлық фельдшер мамандығын игерді. Кейін білімін тереңдету мақсатында Қарағанды мемлекеттік медицина институтында «медициналық-профилактикалық іс» мамандығы бойынша жоғары білім алды. Бұл таңдау оның болашақтағы кәсіби бағытын айқындап берді.

Еңбек жолының алғашқы кезеңінде эпидемиолог көмекшісі, зертханашы, санитариялық дәрігер болып қызмет атқарды. 1990-жылдардан бастап аудандық санитариялық-эпидемиологиялық станцияларда дәрігер-эпидемиолог ретінде халық денсаулығын қорғау ісіне белсене араласты. Инфекциялық аурулардың алдын алу, санитариялық талаптардың сақталуын бақылау, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу оның күнделікті жауапкершілігіне айналды.

2004 жылы мемлекеттік қызметшінің антын қабылдап, саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнады. Содан бері Бурабай ауданындағы санитариялық-эпидемиологиялық құрылымдардың түрлі кезеңдегі реформаларына куә болып қана қоймай, сол өзгерістердің бел ортасында еңбек етті. Оның кәсіби шеберлігі мен адал еңбегі 2017 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталуымен жоғары бағаланды. Бұл марапат – көп жылғы табанды еңбектің, мінсіз қызметтің және халық денсаулығын қорғаудағы өлшеусіз үлестің айқын дәлелі.

Жалпы еңбек өтілі 42 жылдан асатын, оның ішінде 32 жылдан астамы мемлекеттік қызметке арналған Ұмсын Қаменқызы – тәжірибесі терең, ұстанымы берік, талапшыл әрі әділ басшы. Әріптестері оны сабырлы мінезі, кәсіби сауаттылығы және ұжымға деген жанашырлығы үшін ерекше құрметтейді.

«Эпидемиология – жай ғана мамандық емес. Бұл – адамдардың амандығы үшін күн сайын жауапкершілік арқалау. Біз көрінбейтін қауіптердің алдын аламыз. Соның өзі ең үлкен мотивация», – дейді ол.

Шынында да, оның қызметі – көзге көрінбейтін, бірақ қоғам үшін аса маңызды еңбек. Аурудың алдын алу, қауіптің бетін қайтару, санитариялық тәртіпті сақтау – мұның бәрі табандылық пен төзімділікті талап етеді.

Отбасында аяулы жар, ана бола жүріп, кәсіби биігінен түспей, мемлекеттік қызметтің абыройын асқақтатып келе жатқан Ұмсын Қаменқызы – өңірдің санитариялық-эпидемиологиялық жүйесіндегі беделді тұлғалардың бірі.

Оның еңбек жолы – жауапкершілік пен адалдықтың, табандылық пен кәсібиліктің жарқын үлгісі. Ал мұндай жандар барда халық денсаулығын қорғау ісі сенімді қолда екені анық.

 

Ақмола облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі