Ақмола облысында тұрғындарды жұмыспен қамту және кәсіби дамуына қолдау көрсетуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелері оң динамиканы көрсетіп келеді. Әсіресе оқыту, қайта даярлау және жастар практикасына ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бастамалар тұрақты жұмыспен қамтудың берік негізіне айналуда. Жарқайың ауданының мысалында аталған шаралардың адамдарға жаңа мамандық меңгеріп, алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауға және болашаққа сеніммен қарауға қалай көмектесіп жатқанын көруге болады.
Сәтті еңбекке орналасудың жарқын мысалдарының бірі – аудан тұрғыны Гүлнар Сабырхановнаның өмір жолы. Өткен жылдың тамыз айында жұмыс табуда қиындықтарға тап болған ол жергілікті Мансап орталығына жүгінген. Орталық мамандары жеке кеңес өткізіп, еңбек нарығында сұранысқа ие «аспаз» мамандығы бойынша кәсіби оқудан өтуді ұсынды.
Оқу Ақкөл ауданына қарасты «Ақкөл оқу орталығы» оқу орталығында онлайн форматта өтіп, үш айға созылды. Осы уақыт ішінде Гүлнар тағам дайындау технологиясын, санитарлық нормалар мен ережелерді меңгеріп, асханада жұмыс істеудің практикалық дағдыларын игерді. Курсты аяқтаған соң оған біліктілігін растайтын куәлік берілді.
Алған білімінің арқасында Гүлнар бірден еңбек қызметіне кірісіп, жеке кәсіпкер «Хасенова» мекемесіне тұрақты негізде аспаз болып жұмысқа орналасты.
«Көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін Мансап орталығына өте ризамын. Оқудың арқасында жаңа мамандықты меңгеріп, өзіме деген сенім пайда болды. Қазір тұрақты жұмысым бар, бұл мен және отбасым үшін үлкен қолдау», – дейді Гүлнар Сабырхановна.
Өңірдегі жұмыспен қамтуды қолдаудың тағы бір маңызды тетігі – Қазақстан Республикасының 2024–2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатқан жастар практикасы. Бұл бағдарлама жас мамандарға алғашқы кәсіби тәжірибе жинақтап, еңбек нарығында өз орнын табуға мүмкіндік береді.
Мәселен, Есіл қаласындағы агротехникалық колледждің бухгалтер мамандығы бойынша түлегі Тамара Безгина еңбек жолын жастар практикасынан бастауға шешім қабылдаған.
Жарқайың аудандық Мансап орталығының жолдамасымен ол «Үш Қарасу» ЖШС-де бір жыл мерзімге практикадан өтті. Осы уақыт ішінде Тамара тәлімгердің жетекшілігімен бастапқы құжаттармен жұмыс істеуді, есептілік жасауды, арнайы бухгалтерлік бағдарламаларды пайдалануды және қолданыстағы заңнаманы меңгерді. Мұндай тәжірибе оған теориялық білімін бекітіп қана қоймай, кәсіби ортада өзіне деген сенімділікті арттыруға мүмкіндік берді.
Жастар практикасын сәтті аяқтаудың нәтижесінде Тамара бағдарламаны мерзімінен бұрын тәмамдап, тұрақты жұмысқа орналасу туралы ұсыныс алды. Қазіргі таңда ол Державинск қаласы әкімі аппаратының бас экономисі қызметін атқарып, жергілікті басқару мен қаржылық жоспарлау саласының дамуына өз үлесін қосуда.
Бұл оқиғалар – Ақмола облысында мемлекеттік жұмыспен қамту қызметтері атқарып жатқан ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана. Өңірде жастар мен оқу орындарының түлектерінен бастап, жаңа мүмкіндіктер іздеген мамандарға дейін халықтың әртүрлі санаттарын қолдауға, біліктілікті арттыруға және қайта даярлауға бағытталған кешенді шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.



