Көкшетаудағы «Қоғамдық келісім» мекемесінде «Чинсон» корей мәдени орталығының 35 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова, Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжо Тэ-ик қатысып, өзінің құттықтау лебізін білдірді.
Бұл айтулы күні ел бірлігі мен этностар арасындағы өзара сыйластық пен сенімнің айқын көрінісі көрінді. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп тұрған мерекеде сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары аймақтағы «Қоғамдық келісім» мекемесі ұжымының және «Чинсон» корей мәдени орталығының татулық пен ынтымақты нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Шара барысында Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжо Тэ-ик бірлестіктің белсенді мүшелеріне елшіліктің Алғыс хаттарын табыс етті. Оның қолынан орталық төрағасы Лян Ольга Мироновна мен төраға орынбасары Юн Федор Георгиевич арнайы алғыс хаттармен қатар, дәстүрлі ұлттық бұйымдар алды. Бұл екі ел арасындағы мәдени байланыстар мен достық қарым-қатынастың айқын дәлелінің тағы бір көрінісі іспетті болды.
Сондай-ақ, мереке барысында Қазақстан корейлері қауымдастығының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Пак Роза Михайловна сөз сөйлеп, орталық ардагерлеріне өз құрметін білдіріп, олардың еңбегін жоғары бағалады. Кештің мерекелік бөлімі әсерлі концертпен жалғасын тауып, қатысушылар назарына «Аманат» би мектебі, Астана қаласынан келген «Самульнори» ансамблі, «Мисон» би тобы, «Балақай» өнер студиясы, «Синегорье» ансамблінің солистері, сондай-ақ, Нұрбек Әбілқасымов, Гүлзада Асылбекова және Ким Василийдің өнері паш етілді. Сонымен қатар, қазақтың әуезді әндері мен корей халық билері бір сахнада тоғысып, мәдениеттер үндескен ерекше кешке айналды.
Салтанатты шара қорытындысында, орталық төрағасы Лян Ольга Мироновна барлық қатысушыларға өз алғысын жеткізе келе, өнер ұжымдарына естелік сыйлықтар табыс етті. Кеш соңында барша қатысушылар сахнаға шығып, ел бірлігінің айқын бейнесін паш еткендей «Сәлем, Қазақстан!» әнін қосыла шырқады. Осылайша, «Чинсон» корей мәдени орталығының 35 жылдық мерейтойы Ақмола өңіріндегі достық пен татулықтың, өзара сыйластық пен мәдени әралуандықтың жарқын мерекесі ретінде есте қалды.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ.