spot_img
Жұма, Қыркүйек 12, 2025
9.2 C
Kokshetau

Тіл тұғырынан түспеуі өз қолымызда

Сондай-ақ...оқыңыз

Көкшетауда «Тіл үйретудегі инновациялық әдістер: теориядан тәжірибеге» атты өңірлік конференция өтті. Оған лингвист ғалымдар, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері,  Солтүстік және Қостанай облыстарынан келген тіл мамандары және жергілікті оқыту орталықтарының басшылары мен қызметкерлері қатысты.

Тіл жанашырларының басын қосқан ауқымды шара Көкшетау қаласы әкімдігі мен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Ақмола облыстық филиалының қолдауымен өткізілді.

Тілді тірі ағза деп қарастырсақ, оның уақыт өткен сайын жетіліп, дамып отыруы шарт. Бірақ өкінішке орай, бүгінде тіл қолданысын молайтуда кедергілер жоқ емес. Тілді өз тұғырынан түсірмеу баршамыздың ортақ парызымыз болғанымен, бұл міндетті толығымен орындап отырмыз деп әрине, айта алмаймыз. Міне, осы себепті де тіл үйретуді мақсат еткен мамандардың талабын шыңдап, қолдау көрсету уақыт сұранысына айналып отыр.

Жиынға қатысқан білімі терең, сөзі байыпты кәсіби мамандар бұл жолы да қазақ тілін оқытудың заманауи әдіс тәсілдерін, тіл үйренудің тиімді әрі оңай жолдарын көрсетіп бақты. Олар әрине, қайтсек тіл көкжиегін кеңейтеміз деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр. Оқытушылар үнемі ізденіп, тіл ұстартудың түрлі тәсілдерін тауып көпшілікке ұсынып жатады. Бірақ, бұдан қазақша сайрап кеткендердің қарасы артып, мемлекеттік тілдің деңгейі көтеріліп кетті деуге келмейді. Бұл әрине, оқытушылардың кінәсі емес.

Осы жолы да олар қазақ тілін үйретудің сапасын жаңа деңгейге көтеру үшін заманауи педагогикалық инновацияларды, интеактивті әдістер мен цифрлық технологияны тиімді пайдаланудың жолдарын ұсынды. Тіл үйренемін деушілерге теориялық білімді тәжірибеге ұштастырарлық тиімді әдістерді ортаға салды.

Жиынның тізгінін өз қолына алған тіл жанашыры Қаратай Төлекеев тіл мәртебесін биіктетуге, оның қолданыс аясын кеңейтуге әрбір Қазақстан азаматы үлес қосуға тиіс екенін айта келіп, тіл үйрену жауапкершілікпен қоса, үздіксіз ізденісті де талап ететінін еске салды.

–Тіл  қай ұлтта, қай елде болсын қастерлі де қасиетті. Ол әрбір адамда ана сүтімен қалыптасады. Біздің тіліміздің байлығы мен сөздік қорымыз таусылмайтын қазынамыз іспетті. Тіл  – ұлттың жаны.  Мемлекеттік тіл, яғни, қазақ тілі әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі  қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал, байлығы мен көркемдігі жағынан алғашқы ондықтар қатарында тұрған тіл болып табылады. Тіл мәртебесін көтеруге ат салысып жүрген бүгінгі жиынға қатысушы әріптестеріме зор алғыс айтамын, – деді ол жиын барысында.

Бір қуантарлығы, соңғы уақытта елімізде халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қызметіне айрықша көңіл бөлініп келеді. Облысымызда қоғам қайраткері Жабал Ерғалиевтың жетекшілігімен осы қоғамның 21 филиалы жұмыс істеп, нәтижесінде мемлекеттік тілдің дамуында жаңа бағыт-бағдарлар пайда болуда. Ал, аталмыш қоғамның қолдауының арқасында өткізілген осы шараға аймақтың тіл мамандарын қатыстырумен қатар, көршілес өзге облыстардан да тіл мамандарын шақыруға мүмкіндік туыпты. Ал, бұл жергілікті орталықта жұмыс істейтін оқытушылар үшін тәжірибе алмасудың бірден-бір жолы болып отыр.

Мәселен, осы жиынға Қостанай облысынан келген Рудный қаласы тілдерді оқыту орталығының басшысы Жанат Досыбаева «Қазақ тілі сабағында заманауи технологияларды тиімді пайдалану» атты сабағын таныстырды. Ол ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «жазылым», «оқылым», «айтылым», «тыңдалым» негізіндегі тіл үйрету әдістерін қазіргі технологиямен ұштастыру жайлы өз ойын ортаға салды. Оның айтуынша, бұл қағиданы ересектерге бейімдеу үшін ЗD модельдері мен цифрлық жазу құралдарын пайдалану қажет.

–Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік қағидалары ұлт ұстазының ұрпаққа қалдырған өшпес мұрасы. Ал, жаңа технологиялар осы қағидаларды тіл үйренушілерге бейімдеп, заманауи деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік беретін құрал. Егер біз дәстүрлі әдістер мен жаңа технологияларды үйлестіре білсек, тыңдаушылар үшін қазақ тілін үйретудің қызықты  әрі тиімді, нәтижелі жолына қол жеткізер едік, – дейді ол өз дәрісінің ұтымды тұстарын түсіндіре келе.

Ал, осы жиында сөз алған Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің оқытушысы, әдебиеттаушы ғалым Қуаныш Қожабайұлы «Жасанды интеллектің білім беру саласындағы орны мен оның тіл үйретудегі мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде қазіргі заман технологияларының біздің өміріміздің барлық саласына дендеп енгенін, соның ішінде бүгінде  білім беру саласы да түбегейлі өзгерістерге ұшырап жатқанын айта келіп, жалпы, жасанды интеллектінің адам миының кейбір мүмкіндіктерін модельдейтін технология екендігін жеткізді.

–Тіл үйретуде жасанды интеллектінің артықшылықтары мол. Мен ол туралы өз дәрісімде толық айтып шықтым. Дәл қазір уақыт тапшылығына орай, оның бәрін сізге қайталай алмаймын. Жасанды интеллект жалпы алғанда ауызекі сөйлеуді жетілдіреді, сөздік қорды молайтады, сөйлесу машығын дамытады. Ол мұғалімді алмастырмайды, бірақ, оны толықтырып, тыңдаушымен жеке жұмыс істеп, интерактивті, қызықты ақпарат ұсына алады. Ендігі мақсатымыз осы мүмкіндікті дұрыс әрі тиімді пайдалану болуы керек, –деді ол бізбен сұхбаттасу барысында.

Жиын соңында өзінің тәжірибесімен бөліскен мамандардың бір шоғыры Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеевтың Алғыс хатымен марапатталса, 50 шақты оқытушыға қала әкімінің орынбасары Айгүл Нүгертаеваның атынан біліктілікті арттыру курстарынан өтуге арналған арнайы сертификаттар табысталды.

Жалпы алғанда, облыс аумағында тілдік мәдениетті көтеруге, ұлттық рухани жаңғыруды насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Атап айтқанда, сәуір айында Ақмола облысы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің қатысуымен Тіл форумы ұйымдастырылса, мамыр айында «Тұран өркениетінің асыл мұрасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ.

 

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жұысшыларымен кездесу әлі де жалғасын табуда

2025 жыл – жұмысшы мамандықтар жылы болғандықтан, жұмысшы мамандықтардың имимджін көтеру мақсатында, облыстық жастар-ресурстық орталығының бастамасымен қаламыздағы  кәсіпорындарда қызмет...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img
Яндекс.Метрика