spot_img
Жұма, Маусым 20, 2025
20.2 C
Kokshetau

Ақмолалықтардың құқығы қорғалуда: бес айда тұтынушыларға 19 миллион теңге қайтарылды

Сондай-ақ...оқыңыз

Ақмола облысында 2025 жылдың алғашқы бес айында тұтынушылардың құқықтарын қорғау, сауда саласын бақылау және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшының орынбары Самат Сайдалин мәлім етті.
Биылғы бес айда Департаментке 433 азаматтан өтініш келіп түскен. Шағымдардың 45 пайызы – сапасыз тауарларға, 20 пайызы – қызмет көрсету сапасына, 17 пайызы – электронды коммерцияға байланысты.
«Тұтынушылардың ең көп шағымы сапасыз тауарларға, көрсетілетін қызметтердің төмен сапасына және онлайн саудадағы заңсыз әрекеттерге қатысты болды», – деді департамент өкілі.
Мекеме деректеріне сүйенсек, барлық өтініштің 75 пайызы сотқа дейінгі тәртіппен оң шешімін тапқан. Нәтижесінде тұтынушыларға жалпы сомасы 19 миллион теңгеден астам қаржы қайтарылды. Сонымен қатар, 11 нұсқама беріліп, 11 әкімшілік іс қозғалған.
«Кәсіпкер де, тұтынушы да өз құқықтары мен міндеттерін білуі тиіс. Сондықтан біз тексерумен қатар, түсіндіру және оқыту шараларына да басымдық беріп отырмыз», – деді спикер.
Бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына – ұн, нан, күріш, қант, май, ет, көкөніс және басқа 19 өнім түріне сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы тиіс. Бұл талапты бұзу – әкімшілік құқық бұзушылық болып табылады.
«Біз тексеру барысында сауда үстемесін негізсіз көтерген 146 кәсіпкерлік субъектісін анықтадық. Оның 52-сіне жалпы сомасы 1,5 миллион теңгеден астам айыппұл салынды», – деді Самат Сайдалин.
94 кәсіпкерге ресми ескерту берілді. Бұл жұмыс өңірде құрылған делдалдық тізбекті қысқарту жөніндегі арнайы комиссиямен бірлесіп жүргізілуде.
Брифинг барысында 17 маусымнан бастап Көкшетау қаласында іске қосылған пилоттық жоба туралы да хабарланды. Жоба аясында атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматтар азық-түлікті жеңілдікпен алу мүмкіндігіне ие болады.
«Цифрлық ваучер – бұл заманауи әрі адресті қолдаудың жаңа тетігі. Жоба eGov Mobile қосымшасы арқылы автоматты түрде жұмыс істейді, азаматтардан ешқандай өтініш талап етілмейді», – деп атап өтті спикер.
Жоба 17 қыркүйекке дейін жалғасады. Ваучер тек әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке қолданылады және тауарларға делдалдық үстеме қосылмайды. Департамент алдағы уақытта тұтынушылармен тікелей байланыс орнату мақсатында облыс аудандарына шығып, қабылдаулар өткізуді, сондай-ақ цифрлық кері байланыс құралдарын енгізуді жоспарлап отыр.
«Біздің басты мақсат – азаматтардың тұтынушылық құқығын қорғап қана қоймай, әділетті сауда қатынасын қалыптастыру. Бұл үшін алдын алу, түсіндіру және жүйелі бақылау жұмыстары қатар жүргізілетін болады», – деді қорытындылады спикер.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

145 жас офицер Қазақстан ТЖМ қатарын толықтырды

20 маусымда Көкшетау қаласындағы «Абылай хан» алаңында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының күндізгі...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img
Яндекс.Метрика