АВТОР : Жабал ЕРҒАЛИЕВ. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Сенаторлар кеңесінің мүшесі.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару – популистік қадам емес, керісінше, әділдік қағидасы негізінде Қазақстанды жаңғырту стратегиясы!
(«Ана тілі» газетіне берген сұхбатынан,
3 қаңтар 2025 жыл.)
————————
«ҚАЙТҚАН МАЛДЫҢ ҚАЙЫРЫ БАР!»
Бүгін (20 қаңтар 2025 жыл) Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң шеңберінде арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен еліміздің өңірлерінде әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру бойынша тапсырмасына сәйкес, Ақмола облысының әкімі Марат АХМЕТЖАНОВ Зеренді ауданының орталығында жалпы құны 2,1 миллиард теңге болатын балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ірге тасының алғашқы қазығын қақты.
Осы салтанатты рәсімге қатысып, осы бір қайырлы істің куәсі болып, қайран қазағымның «қайтқан малда қайыр бар» деген осы бір даналығына тағы бір көз жеткендей болды.
*
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 20 қарашасында өткен кезектен тыс президент сайлауында «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» жалпы халыққа ұсынған сайлауалды бағдарламасында «Заңсыз иемделінген және шығарылған активтерді елімізге қайтару бойынша жұмысты жандандырамыз. Олар халықтың игілігі үшін жұмыс істейтін болады», – деп қазақстандықтарға уәде берген болатын.
Осы бағдарлама негізінде 2025 жылғы 20 қаңтарда «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойған еді.
Қазақстандықтар бұған қуанды, сонымен бірге «жеген, ұрлаған, шет елге апарып тығып қойған ақшасын кім оңайлықпен қайтара қоюшы еді?» деген пікірлер де айтылып жүрді.
Қуану да орынды, күдік те орынды болатын!
Бір үміт, бір күдік билеген халқымыздың қазір шет елге заңсыз шығарылған активтер Мемлекет басшысының ұдайы айтуымен, талап етумен , бақылап, қадағалауымен қайтару басталды да, сол қайтқан қаржыны Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға тапсырма да берген болатын.
Міне, шет елге заңсыз шығарылып, қазіргі уақытта елге қайтарылып отырған активтердің есебінен 2,1 миллиард теңге қаржы республика бойынша бірінші болып, алғашқы кезекте Ақмола облысына бөлініп отыр.
Енді осы қаражат есебінен Зеренді аудан орталығында жалпы аумағы 6 мың шаршы метрден асатын және де бір аусымда 80 адам қабылдай алатын балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі салынатын болады.
Осы мектептің ірге тасының алғашқы қазығын қағуға арналған салтанатты шараға сортшылар, еңбек ардагерлері, жастар, зиялы қауым өкілдері қатысты.
-Сіздермен бірге мен де қуанып тұрмын, -деді Ақмола облысының әкімі Марат АХМЕТЖАНОВ салтанатты жиын мінбесінен.- Осы орайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа сіздердің аттарыңыздан және өз атымнан алғыс айтамын. Республика бойынша елге қайтқан активтердің алғашқы қаржысы біздің облысымызға берілді. Шетке шығарылған активтердің есебінен біздің Зерендіде, мына тамаша қарағайлы алқаптың ашық алаңында осы заманғы талапқа толық сай болатын және су жаңа спорт мектебі салынып, ол бүгінгі және келер ұрпақтарымыздың игілігіне жаратылады, қызмет ететін болады.
Әкім өз сөзінде бұл мектептің құрылысын салуды Манат Мусин басқаратын «Көкше-Құрылыс-Р» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыратындығын айтты. Бұл компания өзіміздің жергілікті сенімді құрылыс ұйымы. Олар Көкшетау қаласында екі бірдей «Жайлы мектеп» салған болатын. Осы арада облыс әкімі Марат АХМЕТЖАНОВ өз сөзінде Зеренді ауданы халықтың мүддесіне сай боларлық осы заманғы жаңа құрылыс нысандарын салуда алда келеді, «өзгелер осы ауданнан, мына аудан әкімі Әсен Жақсылықовтан үлгі алуалары» керек деген пікірін, зеренділіктер жалынды жақсы ниетпен қарсы алды.
-Биыл осы жылдың басынан бері Қазақстанда «Мемлекеттік сатып алу» туралы Заңның толықтырылыған, бұрыннан айтып жүрген ұсыныстар негізінде жасалған жаңа нұсқасы қолданысқа енді. Осы Заңға сүйене отырып, біз конкурсты бір жұманың ішінде ғана өткізіп, құрылыс салатын жергілікт құрылыс ұйымына басымдық беріп отырмыз,-деді Ақмола облысының әкімі Марат АХМЕТЖАНОВ.- Шарт бойынша бұл нысан 10 (он) айда салынып бітуі керек болса, біз 8 (сегіз) айда бітіруді ұйғарып отырмыз. Әрине, жұмыстың сапасы әрдайым бақылауда болады.
“Қайтқан малдың қайыры бар» деген міне, осы болар! Әлдекімдердің халқымыздың несібесін аузынан жырып, шет елге апарып жасырған ақшасының есебінен енді міне, Зерендінде балалар мен жасөспірімдердің мектебі бой көтермекші! Құтты болсын!
R.S. Алдағы уақытта бой көтерер осы жаңа мектептің тап іргесін қиялай қалың қарағайдың арасына тартылған шаңғы жолына шығып тұрған жергілікті шаңғышылардың қатарына облыс әкімі Марат АХМЕТЖАНОВ та, Ақмола облыстық сотының төрағасы Арман ЖҮКЕНОВ те, Зеренді ауданының әкімі Ә. Д. Жақсылықов та тұрып, әлгіндей болмай шаңғылы топ ұзап кетіп бара жатты.
АППАҚ ҚАРЛЫ АҚ ЖОЛМЕН БОЛАШАҚҚА ЖОЛ САЛЫП ЖАТҚАНДАРДЫҢ АРАСЫНДА БАЛАЛАР МЕН ЖАСТАР ДА БАР ЕДІ…