spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-7 C
Kokshetau

Киелі Түркістаннан жеткен «Ұлы дала мұрасы» жылжымалы көрмесі Көкшетау төрінде

Сондай-ақ...оқыңыз

18 мамыр – Халықаралық музей күніне орай, киелі Түркістан қаласының «Ұлы дала елі» орталығының қорынан жинақталған «Ұлы дала мұрасы» жылжымалы көрмесі көрікті Көкшетауға жетіп, үш күн бойы Мәлік Ғабдуллин музейінде қазақ хандығынан сыр шертетін көне жәдігерлерді қала тұрғындарының назарына ұсынды. Көрменің ашылу салтанатына облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова қатысып, құттықтау сөз сөйледі.  

Тасын түртсе тарихы сайрайтын қазақ хандығының астанасы болған, шар тарапқа кеткен Ұлы Жібек жолының  орталығына айналған киелі Түркістаннан  ат терлетіп жеткен  «Ұлы дала мұрасы» атты тарихи-танымдық көрменің ашылуында жоғарыда аталған екі мәдени ұйым арасында өзара тәжірибе алмасу, өңіраралық әріптестікті, рухани-мәдени шығармашылықты нығайту мақсатында екіжақты ынтымақтастық меморандумға қол қойылды.

–Бүгін Көкшетауға бір жарым мың жылдан асатын тарихы бар қасиетті Түркістаннан жәдігерлері қазақ хандығы дәуіріне бойлататын үлкен көрме келіп жатыр. Бұл көрмеге біздің жастарымыз бен қала тұрғындары қызығып, ел тарихына құныға түседі деп ойлаймын, – дей келе Ақмола облысының мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Баубекқызы облыс әкімі Марат Ахметжановтың атынан «Ұлы дала елі» орталығына зор алғыс білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Өз кезегінде «Ұлы дала елі» орталығының ғылыми қызметкері Айжан Ибраимова жылжымалы көрмеде құнды артефактілерді насихаттау мақсатында қазақ хандарының алтын жіппен кестеленген мөрлері, жүзік мөрлері, Абылай ханның Ресей патшайымы Анна Иоановнаға жазған хаты секілді құнды жәдігерлерін әкеліп отырғанын айта келе, Айгүл Сәбитоваға орталық директоры Гүлжанат Дүйсенбаеваның атынан ықылас хатын таптырды.

Көрменің мақсаты – киелі Түркістан мен көрікті Көкше өңірінің арасында рухани, мəдени жəне музейаралық қарым-қатынасты нығайту, ұлттық құндылықтарымыз бен халқымыздың тарихын таныту, музей қызметі және ондағы жауһар жәдігерлерді көкшетаулықтар мен қала қонақтарына кеңінен насихаттау.

«Ұлы дала мұрасы» атты тарихи-танымдық жылжымалы көрмесін экскурсовод Қарашаш Иманбаева таныстырып, тарихи маңызы бар 30-ға жуық жәдігердің сыр-сипатын баяндады. Көрмедегі тарихи құнды жәдігерлердің бір парасы – тасқа қашалған, кірпішке күйдірілген, ағашқа ойылып сақ, руна, араб, латын қаріптерінде жазылған хаттар. 1969 жылы Алматы облысының Есік обасынан табылған сақ жазбасы, қыз баланың жауынгерлік және әскербасшы болғандығын айқындайтын көзтартарлық белгі де қойылыпты. Алтын орданың сақиналы мөрі, Көне түркі заманындағы мөр түрі, әр кезеңде билік жүргізген хандардың мөрлері, Қожа Ахмет Яссауидің мөрі де орналастырылыпты.

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушылары  – тарих ғылымдарының кандидаты Аманай Сейітқасымов, филология ғылымдарының докторы Аян Қажыбай, Ақмола облыстық тарихи өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек, тіл жанашыры Қаратай Төлекеев қатысып, көрме туралы ой пікірлерін білдіріді. Қазақ хандығы дәуірінде ерекше орын алған Түркістан мен Көкшетаудың ежелден келе жатқан тарихи, рухани байланыстарына тоқталып, тарихи-тағлымдық көрменің көрермен үшін маңызды екенін ерекше атап өтті.

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті, Жанайдар Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінің студенттері, Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының тыңдаушылары мен қала қонақтары «Ұлы дала мұрасы» атты тағылымы мол көрмені үш күн бойы қызыға тамашалады.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img