spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-7.3 C
Kokshetau

Мемлекеттік қызмет – менің таңдауым!

Сондай-ақ...оқыңыз

Мемлекеттік қызметші болу – менің көптен бергі арманым еді. Алайда адам арманына бірден жете қоймайтыны бар ғой..

Мен екі жоғары оқу орнын бітіріп, алғашқы мамандығым – орман ісі бойынша Көкшетау университетінде оқытушылық қызметке орналасып, екі жылдай студенттерге дәріс бердім. Сол оқу орнында жүріп, заңгерлік мамандыққа оқып бітіріп, «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесіне референттік қызметке кірдім. Бірте-бірте білімім мен тәжірибемді шыңдадым. Жылдар өте ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің консультанты, одан соң партиялық бақылау инспекторына дейін көтерілдім. Дәл осы жылдары саясатқа араласып, өмір мектебінің шыңдалу жолдарынан өтіп, мол тәжірибе жинадым деп шегелеп айтар едім.

Біраз 6-7 жылдай осы «үлкен мектепте» қызмет істеп, өзімнің көп жылғы арманыма жетуге қол создым. Сөйтіп, мемлекеттік қызметшілікке өту сынағын жоғары ұпаймен тапсырып, алға бір қадам басқаным әлі есімде…

Уақыт өте келе, Көкшетау қалалық әкімдігінің ұйымдастыру-бақылау бөліміне бас маман болып орналастым. Содан кейін Қорғалжын аудандық әкімдігіне әкімнің кеңесшісі лауазымына қызмет орнымды ауыстырдым. Ол жерде бір жылға жақын қызмет етіп, сәтін салған күні Ақмола облыстық әкімдігінің ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөліміне бас маман болып оралдым.

«Патриот – Отанға қызмет етуші адам, ал Отан дегеніміз, ең алдымен,
халық». Бұл кемелді пікірді данқты бабамыз, ел қорғаны Бауыржан Момышұлы айтқан екен. Шынымен де, Отанға қызмет ету, оны сүйіп, ардақтау Қазақстан Республикасында туған әр азаматтың ел алдындағы парызы мен азаматтығының белгісі. Өз туған еліме Зеренді ауданы әкімінің көмекшісі болып қызмет ауыстыруымның негізгі себептерінің бірі – өз елімнің дамуына теңізге тамған тамшыдай болса да үлесімді қосу болып табылады.

Осы жылдар аралығында көп жыл армандаған арманыма қол жеткізгеніме қуанамын. Бұл қызметтің қыр-сырына қанықтым.

Мемлекеттік қызметкер болу – зор құрмет, сондықтан да кәсібилікпен бірге жоғары адамгершілік қасиеттерге ие болу абзал екенін түсіндім. Елдің сенімді өкілдері қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға тиіс екенін бойыма сіңіре білдім.

Мемлекеттік қызметте өз ісін жетік меңгерген кәсіби білікті, адал да талантты және құқықбұзушылықтарға төзбейтін азаматтар ғана қызмет етуі тиіс деп есептеймін.

Қазақта «Ел қуатты болмай, бақ тұрақты болмайды» деген нақыл сөз бар. Осы орайда мемлекеттілікті нығайтып, халқымыздың әл-ауқатын арттыру үшін маңызды бастамалар қолға алынуда. Ең алдымен, қоғамның береке-бірлігі бекем болуы керек. Бұған билік пен халық арасында тұрақты диалог орнату арқылы қол жеткізуге болады.

Мемлекеттік қызметшілердің міндеті – ең алдымен, халыққа қызмет ету. Олар ел-жұрттың мұң-мұқтажына құлақ аспағанда кімге құлақ асады?! Осы қағидатты барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің санасына сіңірген жөн.

Ең алдымен, ұлттық құндылықтарымызды қорғай білген жөн. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдағы татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді. Әсіресе, мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек.

Мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқы, қызметтен тыс уақыттағы жүріс-тұрысы қоғамның мемлекеттік органдарға деген сеніміне әсер етеді, мемлекеттік қызметкердің қызметінен тыс кезде де өзінің адалдығына, ар-ұятына, әдептілігіне қатысты жұрттың күмәнін тудырмау және оның әрекеттері, қылықтары және жүрісі мемлекеттік қызметкер деген атаққа кір келтірмеуі керек, сондықтан, әрбір мемлекеттік қызметкер қашанда жоғары моральдық әдеп нормаларын сақтаулары тиіс. Барлық мемлекеттік қызметкерлеріміздің одан әрі өркендеуіне аянбай еңбек етіп, күш-жігерін егеменді еліміздің дамуына жұмсап, қоғамға жат мінез-құлыққа жол бермей, халық игілігі үшін жауапкершілікпен қызмет атқаруы керек. Мұны мен жақсы түсінемін.

Мен мемлекеттік қызметші болуды таңдаған едім. Оған еш өкінбеймін!

Канафин Дархан Бүркітұлы,

Зеренді ауданы әкімінің көмекшісі.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img