spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-12.8 C
Kokshetau

Өткенсіз болашақ жоқ

Сондай-ақ...оқыңыз

Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жариялан сұхбатында ел Президенті 2024 жылға жоспарланған біршама іс-шаралар мен айтулы тарихи даталарға тоқтала келе, биыл Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл толатынын айтып өтті.
Тарихшы ретінде мен осыған ерекше зейін қойдым. Мемлекет басшысының тарихи тақырыптарға қатысты кез келген пікірі, сөздері, шын мәнісінде аса маңызды оқиға болып табылады. Соңғы жылдары, мемлекет тарапынан Жошы ұлысы тарихына айрықша көңіл бөлінуде. Мемлекеттің осы тарихи кезеңге, әсіресе, Жошы Ұлысы мемлекетіне назар аударуының әр жағында ғылыми-танымдық мақсат-мүддеден бөлек, практикалық мән бар екенін де айту керек. Осы бағытта идеологиялық жұмыс, тарихи өткеннен символдық капитал іздеу, оны бүгінгі күн тәртібіне бейімдеп қолдану ишараты байқалады.

Барша Әлем бүгінде ХХІ ғасырдың заманауи сын-тегеуріндерімен кезіккен кезеңде Тәуелсіз Қазақстан кез-келген қоғам сияқты, тығырықтан шығудың жолдарын, болашаққа бағыт-бағдарды, күш-қуатты тарихи өткеннен іздейді. Себебі, өткенсіз болашақ жоқ. Мәселен, этносаралық, конфессияаралық мәселелер, ұлт құрылысы (Nation building) мәселелеріне қатысты жауаптарды нақ осы Жошы Ұлысы кезеңдерінен табуға болады. Жошы Ұлысында адамдардың тіліне, нәсіліне қатысты ешқандай қысым болмағаны белгілі, ол кезде діни толеранттылық, төзімділік, еркіндік өріс алды. Былайша айтсақ, кейбір өткір мәселелер бойынша Жошы ұлысы жас Қазақстан мемлекетіне role model (үлгі болатындай) бола алады.
Кеңестік кезеңде Алтын Орда тақырыбы ғылым социологиясының терминімен айтсақ, перифериялық тақырыптардың бірі болғаны белгілі. Яғни, ресми советтік тарих ғылымы айналысатын, зерттейтін басты орталық (ядро-центр) тақырыптардың қатарында болмаған. Бұл тақырыппен академиялық ғылыми мансап құру, өсу мүмкін емес еді. Сондықтан, Кеңес Одағы кезеңінде Алтын Орда тақырыбымен айналысқан ғалымдар некен-саяқ еді. Олардың ғылыми өмірі де ешкімге білінбей беймәлім өтіп жатты. Мысалы, В.П.Юдиннің ғылыми шығармашылығын айтуға болады. 1969 жылы «Материалы по истории Казахских ханств» атты жинақтың басты авторларының бірі болған ол, тіпті ғылым кандидаты болмаған еді.

Қазір Жошы Ұлысы тақырыбы перифериялық тақырыптан орталық тақырыптарға айналып жатқанына тірі куәгерміз. Оған дәлел, 2019 жылы Жошы Ұлысы мемлекетінің 750 жылдығы тойланды, бірнеше халықаралық конференциялар мен ғылыми семинарлар өткізілді. Алтын Орда тақырыбына қатысты зерттеулер – мақалалар, ғылыми жинақтар және диссертациялық жұмыстар тақырыбы бекітіліп, жазылуда…
Осы жерде Президент айтқан Жошы ұлысы іргетасының құрылғанына 800 жыл, және 2019 жылы 750 жылдығы тойланды деген екі түрлі санға түсініктеме бере кетсем, алдыңғысы бойынша Шыңғыс хан үлкен ұлы Жошыға 1224 жылы жер береді, ол жер – Қазақстанның аумағы, ал, екіншісі – 1269 жылы Жошы мемлекеті пайда болады.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жаңа жылдың алдыңғы аптасында республикалық газетке берген сұхбатында бірқатар саяси тақырыптарға өз ойын ашық жеткізгені құптарлық. Оған саясаткер әріптестерім кеңінен тоқталар, ал мен тарихшы ретінде ондағы айтылған ойлар, тың идеяларды қолдаймын және алдағы уақытта оның жүзеге асырылып, қоғамда кең қолдауға ие боларына сенемін.

Талапкер УӘЛИЕВ,
Ш.Уәлиханов атындағы
Көкшетау университетінің
Қазақстан тарихы, география және
әлеуметтік-гуманитарлық пәндер
кафедрасының аға оқытушысы,
Жошы ұлысын зерделеу
ғылыми институтының
ғылыми қызметкері.

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img