ҚР Президентінің тапсырмаларын сапалы әрі уақытылы орындау мақсатында Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың өкімімен арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Оның құрамына құқық қорғау органдарының, министрліктер мен әкімдіктердің өкілдері кірді.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде пайдаланылмай жатқан және заңнаманы бұза отырып берілген 10 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды. Сондай-ақ жайылымдық жер тапшылығы мәселесінің өзектілігін ескере отырып, қайтарылған жерлерді тиісті елді мекендерге бекіту арқылы басым тәртіппен шаруалардың қажеттіліктері үшін берілуде.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауда «AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының қоғамдық-партиялық бақылауы маңызды факторға айналды. Атап айтқанда, аталған комиссия қайтарылатын жерлерді қайта бөлуді бақылаумен айналысты.
Жерді халық арасында одан әрі әділ бөлу мәселелері ҚР Үкіметінің ерекше бақылауында болады.