Көкшетауда Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығының 20 жылдығына арналған «Мемлекеттік тіл – мерейім» деп аталған салтанатты іс – шара өтті.
Мерекелік кездесуге зиялы қауым, аудан орталықтарының қызметкерлері мен әдістемелік орталықтың ардагерлері қатысты.
Орталықтың басшысы Куаныш Кажиахметовтың айтуынша, Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі 2003 жылы 17 сәуірде Ақмола облысы әкімдігінің қаулысы негізінде құрылды.
– 2023 оқу жылында Ақмола облысы бойынша оқыту орталықтарында мемлекеттік тілде 276 топта 3140 тыңдаушы, ағылшын тілін оқитын 66 топта 736 тыңдаушы, барлығы 342 топта 3876 тыңдаушы оқып жатыр. Жалпы 2003-2023 жылдар аралығында барлығы 5 717 топ құрылып, 56 314 тыңдаушы, оның ішінде 25 277 мемлекеттік, 31 037 азаматтық қызметші оқыды. Осы уақыт аралығында мемлекеттік тілден 15121 тыңдаушы, ағылшын тілінде 4295 тыңдаушы, барлығы 19 416 тыңдаушыға сертификат табысталды, – деп хабарлады Куаныш Қайыргелдіұлы.
Оның берген ақпаратына сүйенсек, орталық 200-ге тарта түрлі оқу-әдістемелік көмекші құралдар әзірлеп, кітапша түрінде және, электронды диск нұсқасында шығарылды.
Салтанатты жиын барысында Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы орталық ұжымына алғыс хат пен құны үш миллион қаржылай сертификат табыстады. Куаныш Кажиахметов ішкі саясат басқармасына алғысын білдірді
– Тіл саясатын іске асыруда және тіл мәртебесін асқақтату жолында аянбай еңбек етіп жүрген облыстық оқу әдістемелік орталығына және барша қолдау көрсеткен адамдаға көп рахмет! Орталығымыз үлкен жұмыс атқарып келеді, жыл өткен сайын жаңа оқыту әдістері қолданылады. Бірігіп атқарған жұмысымыз мемлекеттік тілді насихаттауда оң ықпалын тигізеді деген үміттемін , – деп айтты Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығының басшысы.
Салтанатты рәсімге келген зиялы қауым орталық ұжымына жылы лебіздерін білдірді.
– Қазақ тілін дамытып, қолдану аясын кеңейтудегі қуатты, ең керемет ұжым – бұл біздің орталық. Әрбір аудан мен қалада орталықтар жұмыс істеп жатыр, сіздердің бюджеттеріңізді ұлғайтып, әр ауданда он оқытушыға дейін болуы керек. Орталық ұжымына зор табыс тілеймін, қазақ тілі өркендей берсін, – деп құттықтады Қоғамдық келісім ұйымының басшысы Ермек Нұғыманов.
ҚР қоғам қайраткері, жазушығ жраматург Жабал Ерғалиев қазақ халқы өмір сүргенде мемлекеттік тілдің жойылмайтынына кәміл сенетінін айтты.
– Құрметті әріптестер, бүгінгі мереке құтты болсын! Осы отырған бәріміз тіл жанашырымыз. Тіл мәселесі қазақ ұлтының жаны, бұл туралы сонау Алаш қайраткерлері айтқан, ең бірінші Сәкен Сейфуллин көтерген мәселені біз айтып келе жатырмыз. Қазақ барда қазақ тілінің жойылмайтындығына сенімдімін, бірақ тілдің қазіргі тазалығы үшін, байлығын таныту мәселесіне келгенде әлі де атқаратын істеріміз бар, – деді өз сөзінде Жабал Ерғалиев.
Салтанатты іс-шарада «Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Тіл саясаты комитеті» және «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми практикалық орталығының құттықтау хаттары табысталады. Қоғамда қазақ тілінің мәртебесі дамып келе жатыр, орталықтың мемлекеттік тілді насихаттуға бақытталған жұмысы халыққа оң нәтижесін береді деген сенімдеміз.