spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-12.8 C
Kokshetau

Еліміздің диқандары 16,4 млн тонна астық бастырды

Сондай-ақ...оқыңыз

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров егін жинау науқанының аяқталу барысы туралы мәлімдеді. Егін орағының нәтижелері туралы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов және Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов баяндады.

Биыл диқандар үшін оңай жыл болған жоқ. Ұзақ уақытқа созылған аптап ыстықтан кейін еліміздің негізгі астықты аймақтарында 25 күннен астам толассыз жаңбыр жауды. Нәтижесінде жауын-шашын мөлшері орташа жылдық көрсеткіштен үш есеге артық болды. Дегенмен, еліміздің барлық өңірлерінде егін орағы науқаны аяқталды десе де болады.

Сонымен қатар бүгінгі таңда Үкімет осы салдарларды барынша азайту бойынша барлық қажетті шараларды қабылдады. Барлық туындаған мәселелерді жедел шешу мақсатында Министрлік жанынан жедел штаб құрылды, оған жергілікті атқарушы органдардың, мүдделі мемлекеттік органдардың, ұйымдардың өкілдері кірді. Бұдан басқа республикалық және өңірлік деңгейлерде барлық мүдделі тараптардың өкілдерімен жұмыс топтары құрылды.

«Биыл жалпы ауыл шаруашылығы дақылдары жиналатын алаң 24 млн гектарды құрады. Оның ішінде астық жиналатын алаң 17,1 млн га құрайды. Биылғы егін жинау науқанына шамамен 150 мың бірлік трактор, 39 мың астық жинайтын комбайн, 14 мың орақ және 140 мың басқа техника қатысты. Бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірлерінде астық жинау аяқталуда. Облыстар әкімдіктерінің деректері бойынша орташа өнімділігі 9,7 ц/га бастапқы салмақта 16,4 млн тонна астық бастырылды, оның 11,4 млн тоннасы бидай», — деп мәлімдеді АШМ басшысы.

Министрдің айтуынша, дәнді дақылдарды алып қарағанда, бидай егілген алқап 13,4 млн гектарды құрайды, өнімділігі гектарына 8,6 центнер 11,4 млн тонна астық бастырылған. Майлы дақылдар 1,9 млн га немесе 68%. Орташа өнімділігі 8,4 ц/га болғанда 1,6 млн тонна майлы дақылдар жиналды. Оның ішінде күнбағыстың орташа өнімділігі 11,6 ц/га болып, 747 мың тонна бастырылды.

Сонымен қатар 158 мың га аумаққа егілген картоп толығымен жиналды, жалпы өнімділігі 206 ц/га болып, 3,5 млн тоннаны құрады. Көкөніс дақылдары 162 мың га алаңнан жиналып, жалпы түсім 263 ц/га өнімділікте 4,3 млн тоннаны құрады.

«Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жалпы жиналатын астық – 16 млн тоннаны құрайды. 3 млн тонна көлеміндегі ауыспалы астық қалдықтарын ескерсек, елді нан, ұн және макарон өнімдерімен толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 4,7 млн тонна астық құйылды, оның ішінде 1,8 млн тонна – 3-сыныпты астық немесе 35%», — деді А. Сапаров.

Келтірілген ақпаратқа сүйенсек, егін жинау жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құралымдарына литріне 250 теңге бағамен 426 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген. Сонымен қатар ағымдағы жағдайды ескере отырып, дәнді және майлы дақылдарды кептіруге литріне 250 теңгеден аспайтын бағамен қосымша 62,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отынын бөлу туралы шешім қабылданды.

Қазіргі уақытта облыстар операторлары астық қабылдау кәсіпорындарына және кептіру жабдығы бар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дизель отынын жеткізу және өткізу шараларын жүргізуде.

«Үкімет заңнамада белгіленген тәртіппен субсидияларға қажеттілікті толық жабу мәселелерін пысықтауда, сондай-ақ зардап шеккен фермерлердің қаржы институттарының желісі бойынша алынған несиелерінің өтеу мерзімдерін жеке тәртіппен ұзартады. Бастапқы кезеңде 30 млрд теңге мөлшерінде субсидиялар бойынша берешек өтеледі, Үкіметтің тиісті қаулысы қабылданды, ал қалған қарыздар жыл соңына дейін жабылады», — деп атап өтті министр.

Баяндама барысында спикер қазіргі уақытта несие мерзімдерін ұзартуға қатысты «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «ҚазАгроҚаржы» АҚ желісі бойынша 7,2 млрд теңге сомасына 147 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден міндеттемелерді орындауды ұзартуға арналған құжаттардың толық пакетімен өтініштер келіп түскенін жеткізді.

Қолайсыз ауа-райынан зардап шеккен басқа қарыз алушылар тарапынан шарттар, ұсынылатын құжаттар тізбесі және міндеттемелерді қайта құрылымдау мәселелері бойынша өтініштер әлі де келіп түсіп жатыр. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «ҚазАгроҚаржы» АҚ филиалдарының қызметкерлері осы мәселелер бойынша қажетті кеңес беру қызметін көрсетеді, міндеттемелерді жеке тәртіппен ұзартуға өтінімдер қабылдайды және қарайды.

«Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында берілген Сіздің хаттамалық тапсырмаңызға сәйкес, «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның 350 мың тонна көлеміндегі бидайды тікелей сатып алуға қаражат бөлу бойынша жұмыс жүргізіліп келеді, нарық деңгейінде астық сатып алудың әділ бағасы белгіленді», — деді ол.

Сонымен қатар биылғы жылдың негізгі міндеттерінің бірі – елді тұқымдық материалмен қамтамасыз ету. Бұл тұқымдар Азық-түлік корпорациясының қолда бар ресурстары есебінен қалыптастырылатын болады, бүгінгі күні 400 мың тоннаға жуық жұмсақ бидай тұқымдық материал ретінде пайдалануға жарамды.

Бүгінгі таңда облыстар әкімдіктерінің ақпараты бойынша жоспар бойынша 2 млн тонна болса, 1 505 мың тонна немесе 72% астық тұқымы себілген.

«Айта кету керек, биыл тұқымдық егістіктер құрғақ ауа-райы болған кезде жиналды және бүгінгі күні сараптама деректері бойынша дайындалған тұқымдардың 90%-ы себу стандартының 1 және 2-сыныптарына сәйкес келеді.Сонымен қатар жоғарыда аталған барлық мәселелер Министрліктің тұрақты бақылауында, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау үшін барлық қажетті шаралар қабылданып отыр», — деп түйіндеді сөзін ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Қостанай облысында дәнді дақылдар алқабының 98%-ы жиналды. Өңір әкімі Құмар Ақсақалов биыл облыс бойынша 4,4 млн га алқаптан дәнді-дақыл, 661 мың гектардан майлы дақыл жинау жоспарланғанын мәлімдеді. Дәнді дақылдар 4 млн 288 мың гектар алқапта жиналып, 3 млн 945 мың тонна астық бастырылды, орташа өнімділігі – 9,2 ц/га.

«Биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты, орақ маусымы созылып кетті. Егер ауа райы жауын-шашынсыз қолайлы болса, алдағы 3-4 күнде бұл жұмыс толығымен аяқталады. 2024 жылғы егіске 389 мың тонна тұқым әзірленді, бұл қажетті мөлшердің 75,6%-ын құрайды. Жұмыс ары қарай жалғасатын болады», — деді Қ.Ақсақалов.

Форвардық сатып алу шеңберінде астық қабылдау кәсіпорындарына 12 мың тонна өнім тапсырылды. Бүгінгі күні 1,7 мың тонна ресімделді. Ақшалай қаражатпен 335 млн теңге қайтарылды. Бұл бағытта жұмыс жалғасады. Тауар несиесі бойынша міндеттемелерді орындау үшін 86 мың тонна астық қабылдау кәсіпорындарға тапсырылды.

Облыс басшысының айтуынша, «Аграрлық несие корпорациясы» 833 млн теңге сомасына 16 өтінім берілген. Сондай-ақ «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы желісі бойынша облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 2 млрд теңге сомасына несие мерзімін ұзартуға 49 өтінім берді. Өңір әкімі егін жинау науқанын аяқтау мәселелері әкімдіктің тұрақты бақылауында екенін жеткізді.

Өз кезегінде Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірде дәнді және бұршақ-дәнді дақылдарды жинау науқаны аяқталды. Оның мәлімдеуінше, орташа өнімділігі гектарына 6,4 центнерден болғанда шамамен 3 млн тонна астық бастырылды.

«Өңірде астық қабылдауға 70 астық қабылдау кәсіпорны қатысады. Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына жаңа түсімнен 1,9 млн тонна астық жеткізілді, оның ішінде 483 мың тоннасы 3-класқа жатады. Майлы дақылдар 145 мың га немесе жоспарланған көлемнен 78%-ы жиналды. Гектарынан 5,6 центнер өнімділігінде 82 мың тонна майлы дақылдар алынды», — деді өңір әкімі.

Сонымен қатар картоптың жалпы түсімі, тиісінше 148 мың тоннаны, ал пен көкөністер 19,5 мың тоннаны құрады. Астық және майлы дақылдарды кептіруге 20 мың тонна дизель отыны және қосымша 1 мың тонна сұйытылған мұнай газы (егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін – 90,5 мың тонна) бөлінді.

Марат Ахметжанов агро құрылымдарды субсидиялауға бюджет қаражатын бөлу және айыппұл сакциясынсыз несиелік міндеттемелердің мерзімін ұзарту мәселелерін жедел шешу бойынша диқандарға қолдау уақытында көрсетілгенін атап өтті.

«Қолданылған шаралар жиналған астықты сақтауға, несиелік міндеттемелерін өтеу үшін фермерлерге субсидия төлеуге мүмкіндік береді. Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда», — деп қорытындылады сөзін өңір әкімі.

Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысында егін жинау науқаны толығымен аяқталды. 3,4 млн гектар алқаптан дәнді дақылдар жиналды. Бұл туралы өңір әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Үкімет отырысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, өңірдегі жиналған астықтың жалпы түсімі 3,7 млн тоннаны құрады, орташа өнімділік гектарына – 11,1 центнер. Майлы дақылдар 685 мың гектар алқапта жиналды. Түсімділік – 458 мың тонна, орташа өнімділік гектарына 6,7 центнер. Картоп пен көкөністің 100%-ы жиналды.

«2024 жылғы егіс жұмыстарына 437,6 мың тонна тұқым немесе қажеттіліктің 95%-ы бастырылды. 2,6 млн гектарға 190 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізілді. Жерді жырту бойынша жұмыс 3 млн гектар алқапта жүргізілді. Ұйымдасқан және жеке шаруашылықтар мал азығымен толық қамтамасыз етілді. 235 мың тонна пішендеме, 278 мың тонна сүрлем, 940 мың тонна шөп, 867 мың тонна сабан әзірленді», — деді Ғ.Нұрмұхамбетов.

Ауа-райының қолайсыз жағдайы астықтың сапасына әсер етті. Астық қабылдау кәсіпорындары 1 млн 255 мың тонна жаңа өнімді қабылдады. Оның ішінде 991 мың тонна бидайдың жартысы – үшінші класты құрады.

Облыста сыйымдылығы 6,9 млн тонна болатын астық қоймалары және тәулік бойы жұмыс істейтін, қуаттылығы 233 мың тоннаны құрайтын 317 астық кептіргіш бар. Ауа-райы жағдайын ескере отырып, астық кептіру үшін 19,7 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны қосымша бөлінді. Бір литр бағасы 250 теңгені құрады.

Сондай-ақ Азық-түлік корпорациясының алдындағы міндеттемелердің орындалуы әкімшіліктің тұрақты бақылауында.

«Форвардтық сатып алу бойынша міндеттеме сомасы 8 млрд теңгені құрайды. Оның 117 млн теңгесі қаражатпен, 10,2 мың тоннасы астықпен қайтарылды. Тауарлық несие бойынша, 196 мың тоннаның 5,6 мың тоннасы қайтарылды. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда. Облыс диқандары жыл басынан 72 млрд теңгеге 2,5 мың техника сатып алды, бұл – жоспардың 102%-ын құрайды. Қажетті шараларды уақытында әрі толық жүргізудің арқасында, астықты жинау оңтайлы мерзімде аяқталды», — деді спикер.

Қарағанды облысында қолайсыз ауа райына байланысты егін жинау жұмыстары әлі де жалғасуда. Облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов осы жылдың 6 қарашасына 935 мың гектар немесе егіс алқабының 94,2%-ы орылып, орташа түсімділігі гектарына 6,5 центнерден 600 мың тонна астық бастырылғанын, 16 мың гектар алқаптан, 393 мың тонна картоп, 2,3 мың гектар алқаптан, 72 мың тонна көкөніс жиналғанын мәлімдеді.

«Облыстағы астық өңдеу кәсіпорындары күшейтілген режимде жұмыс істеуде, олардың барлығы дизельдік отынмен толық қамтамасыз етілген. Егін жұмыстарын жүргізуге литрі- 250 теңгеден арзандатылған дизель отынын тасып алу кестеге сәйкес жүргізіліп келеді, астықты кептіру үшін қосымша 2700 тонна бөлінді», — деді Б.Асанов.

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img