Әрбір елдің тарихында патриотизмнің өшпес бөлігі – Отан қорғаушы әскери қызметкерлердің жасаған ерлігі мен әскери жолын болашақ ұрпаққа насихаттау, мұра етіп қалдыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жолдауында әлемдік жағдайда Отан қорғау мәселесі әрқашан алдыңғы қатарда болуы тиіс, біздің әскерилер жаңа әскери технологиялармен қамтамасыз етілуі тиіс, – деп әскер әлеуетінің аса назарда екеніне тоқталып өткен болатын. Дәл осындай сеніммен жуырда өткен «Батыл-Тойтарыс 2023» әскери оқу – жаттығу алаңында ел Президенті «әрбір әскери қызметші барлық жағдайда дайын болуы тиіс» деп атап өткен болатын, мұның өзі басшымыздың әскери қызметшілердің еңбегін бағалап, көзқарасының оң екенін білдіреді. Әскери қызмет алуан түрлі қиындық пен батылдыққа толы, өзінің емес өзгенің жанын арашалауға бағытталған, тыныштық күзетіндегі мемлекеттік қызметтің ерекше түрі. Әскери салада әрдайым арқа сүйер, алға жетелейтін жарсыз қызметтің шыңына жету оңай емес. Талай белесті бағындырып, тапсырмасын орындау жолында отбасының қамына уайымдамай, бала тәрбиесі – ел тәрбиесін жарына тапсырып ерең еңбегі сіңген сардарлар мен келісім шарт бойынша әскери қызметшілер елімізде өте көп, солардың бірі – Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығында жиырма жылдан астам қызмет етіп жүрген Атантаевтар әулеті.
Отағасы полковник Атантаев Қайрат Кесікбайұлы Аягөз қаласындағы танкылық дивизияда екі жылдық әскери қызметін бастаған болатын. Әскерді тәмәмдап қызметін Қарағанды қаласына ішкі әскер (Ұлттық ұланның) 5451 әскери бөліміне шақыртылды. Алғашында рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, кейін рота командирі, РХБҚ қызметінің бастығы, дәл сол әскери бөлімнің жауынгерлік дайындық бөлімшесінің бастығы, бөлім командирінің орынбасары, 6505 әскери бөлімі командирінің орынбасары, кейіннен өңірлік қолбасшылығы жедел басқармасының аға офицері, әскер қызметі және әскери қызмет қауіпсіздігі қызметінің бастығы, Ұлттық Бас қолбасшылығында аға офицері, аналитикалық орталығының бастығы лауазымынан 2021 жылдан бастап «Орталық» өңірлік қолбасшылығының кезекші бөлімінің бастығы лауазымына тағайындалды. Атап өтсек жас лейтенанттан полковник шеніне дейін Қайрат Кесікбайұлының қызметтік өтілімі аз емес, тәрбиеші лауазымынан штаб, жауынгерлік дайындықтың қырын шыңдап, қызметтестеріне бас, отбасында үш ұл Бақдәулет, Руслан, Бақбергенді тәрбиелеп үлгілі әке атанып отыр.
- Қайрат Кесікбайұлы қызметте өте талапты, адам, барлық құжаттамаларды жүргізу, ақпараттардың дәлме – дәл және жедел өтуін қатаң қадағалайды. Біздің қызметте ең алдымен ақпараттың тез қабылдануы мен бірден жеткізілуі ғой, жедел кезекшіліктегінің көбі шын дер, уақытылы ұйықтап, уақытылы қызметін қырағы атқарады, тәулікке бірге түскен көмекшілері түсінбеген жағдайда түсіндіріп бере алады, жалпылама айтқанда өзіне берілген тапсырмасына жауапкершілікпен келеді, – дейді кезекші бөлімінің офицері подполковник Жанат Тәшімбетов.
- Қайрат Кесікбайұлын мен лейтенант кезімнен танимын, сол кезде Қарағандыдағы 5451 әскери бөліміне жаңа тағайындалған едім. Кесікбаевичпен көптеген белестерді бірге көріп, бірге бағындырғанбыз. Қызмет десе ішкен асын жерге қоятындардың бірі, әр қойылған тапсырмаға адалдығымен келіп аяқтамайынша тыным таппайтын, әр қадамына нағыз ер жігіттей жауаптылықпен келетін, – деп есіне алады «Орталық» өңірлік қолбасшылығының кадр басқармасының бастығы подполковник Денис Шарабхан.
Отбасының отын жаққан сержант Ақкенже Атантаеваның айтуынша әлі толығымен танымаған болашақ жары Қайрат Кесікбаевич танысқан 1999 жылдары 5451 әскери бөлімінде аға лейтенант шенінде автомобиль рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарып жүрген болатын. Қыс мезгілі, кезекті демалысқа ауылға келген екен жас офицер ата – анасының үйлену керек, жасың болса жиырма беске келді деген шытырман оқиғасына толы сынына түседі. Аға лейтенант Қайрат Атантаевқа жар таңдауға күллі ауыл болып ат салысып, анасы Ақжарқын, ұлына жан-жақтан қыз қарастырады. Бұл кезде болашақ ішкі әскер сержанты (қазіргі Ұлттық ұлан) Ақкенже Амангельдиевна да ауылдың тәрбиелі, инабатты қыздарының қатарында мектепте мұғалім болып жұмыс жасап жүрген болатын. 1999 жылы үшінші қаңтар күні екеуміз болашақ жарлар танысып, қаңтардың төртінші жұлдызында жас отбасы бас қосуға шешім қабылдайды.
Педагогикалық кеңеске бара жатқанымда алып қашып кетті. Танысқанымыз әлі есімде, бойшаң, тік мінезді, көшеде қасыма келіп «Сізбен танысуға бола ма?!» әдепке сай рұқсатын сұрап келді, сол кезде сезгенім бе әрбір айтып жатқан сөзі ісіне сай, көп сөзді емес, тіпті қалжының өзіне тәрбиелі сезілді маған, содан бері міне 25 жылға жақындап қалыпты, құрдастарымен бас қосқанда барлығы әлі күнге дейін таң қалады… отағасы да достарына «пришел увидел, украл и победил» деп күлдіртіп айтатыны бар, деп әзілдейді Ақкенже Амангелдиевна.
2000 жылы ақпан айында Атантаевтар әулетіне тұңғыштары Бақдәулет дүниеге келеді. Ұл үшке толған соң, болашақ сержант ол кездегі мұғалім жұбайының жолына бел буып, Отан қорғаушылар – әскер қатарына қосылуға шешім қабылдайды. Ақкенже Амангелдіқызы алғашқы қызметін тәртіпке сай қару алып, ант қабылдап, Қарағанды қаласындағы Ішкі әскердің (қазіргі Ұлттық ұлан) 5451 әскери бөлімінің 1 жедел мақсаттағы батальонында аға хатшы лауазымына тағайындалады.
«Әскерде алғашқы күнімнен бастап, әскери тәрбие, жарғы талаптары кішігірім қыспаққа алды, себебі әрдайым өзіңе өзің бастық, бос уақытына өзім жауапты едім ендігі кезекте командирлерім бар, тапсырмалардың барлығы жедел және жауапкершілікпен орындалу керектігін сезіндім. Бірақ қиындыққа мойынсынбай тез үйреніп кеттім, жолдасым қызметте өте қатал болды. Алғашында бір сапта тұрып, ол кісінің қатаңдығына үйрену қиындау болды маған, әлі есімде әскери сәлемдесуді бермегендіктен бірнеше рет «Атантаева, на исходную» пәрменін беретін, басында ренжитін едім, бірақ күйеуім үшін бұл тек қызмет емес өмірлік мағынасына айналғанын сезіп, одан басқа әскери өмірді де жан жүрегіммен қатты ұнатып кеттім. Алғаш әскери форма кигенімді өзіме сондай мәртебе көріп, аяқ киімімді күнде жылтыратып тазалап киетінмін, – деп есіне алады Ақкенже Атантаева.
Бір қызық оқиға есіме түсіп отыр, 2007 жылдары жолдасым 5451 әскери бөлім командирінің орынбасары лауазымында болатын. Ал мен сол жылдары бөлім штабының аудармашысымын. Бірде келісім шарт бойынша әскери қызметші әйелдерге жауынгерлік дайындықтан дәріс болмайтын болды деп хабар естідік, мемлекеттік тілге аударатын құжаттар дәл сол күні өте көп түсті. Сабақтың болмайтынына мен «урааа» деп қуаныштан штаб бойына мәз болып келе жатсам, жолдасым естіп қойып, «сен қайта сабақтың «срыв» болғанына уайымдауың керек деп түсініктеме жазғызғаны бар. Әттең сол түсініктемені естелікке көшірмесін алып қойғаным да ғой, деп қояды анда санда еске алу үшін.
Отбасы салауатты өмір салтын ұстанып, күн батысына қарай отбасы әрдайым серуендеуді, уақытқа жүгіруді, классикалық өлең тыңдауды дағды бірнеше жылдар бойы дағды етіп келеді. Ақкенже Атантаеваның есінде қалған оқиғаларының бірі де спорт жайлы еді, 2006 жылы 5451 әскери бөлімінде «Президентская миля» деп аталатын 1000 метрге жүгіруден жарыс өткізілген болатын. Ол кезде де Ақкенже Амангельдиевна әскери әйел адамдардың жүректерінде от жалын бар екенін көрсеткен болатын.
Ата көрген оқ жонар демекші, ортаншы ұл Руслан әкесі, анасы сияқты әскери қызметті таңдап, қазіргі уақытта Ресей Федерациясы Санкт-Петербург қаласындағы маршал С.М. Буденный атындағы әскери байланыс академиясының екінші курсында оқиды. Кішкене жасынан спортқа ширақ келген Руслан өзінің 19 жасында біраз жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді, мәселен қазіргі таңда Руслан Атантаев Қазақстан спорттық құрама командасының мүшесі, онымен қоса түрлі спорт түрлерінде еліміздің Туын биіктетіп, жүлделі орындардың иегері, 2020 жылғы Қарағанды қаласында өткен облыстық каратэ «Ашихара» спорт түрінен жүлделі 2 орын, 2021 жылы ел ордасы Астана қаласында өткен Республикалық «Айбын – 2021» әскери оқу – жаттығуында бас жүлденің иегері, 2022 жылы Ресей Федерациясында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына кіретін елдер арасында «арқан тартудан» жеке біріншілікте 2 орынды қанжығасына байлаған болатын. Болашақта мұрагер оқуын тәмәмдап, әкесі сияқты Ұлттық ұлан қатарында офицер болуды мақсат етіп отыр.
Әкем мен анам әскери қызметшілер болған соң, отбасымызда белгілі бір тәртіп пен қағидамыз бар. Ер азамат болсақ та анамызға әрқашан көмектесіп отырамыз, өйткені әр адам баласына өмірдегі басты жан, қымбаты – анасы. Кішкентай күнімді есіме алсам, көбіне әкеммен жұмыста болатынмын, тіпті бірнеше жыл бойы жаңа жыл мерекесін оқу пунктінде сарбаздармен бірге қарсы алатынбыз, сарбаздар әскери жанрда КВН көрсететіп барша қауымды риза қылатын, өте қызық болатын. Казарма, сарбаздар өмірін көрген сайын, еліме қызмет етемін, болашақта әкем сияқты офицер боламын шешім қабылдадым. 5–ші сыныптан бастап Қарағанды қаласындағы №77 Б.Момышұлы атындағы мектебінде кадет сыныбында оқыдым. Сөйтіп 2022 жылы Петропавлдағы Ұлттық ұлан Академиясындағы далалық оқу-сыңынан үздік өтіп, Санкт-Петербург қаласына оқуға түсуге жолдама алдым. Сол кезден есімде қалғаны бар, бірде түнгі кезекшілікте бекетте тұрғанымда танымайтын полковник келіп «дневальный фамилия?!» деп сұрады менен, мен «курсант Атантаев» деп бірден жауап бердім, сонда жаңағы кісі «ооо, жарайсың, Қайратович! сенің әкең өте абыройлы нағыз офицер, әкеңнің атына сөз келтірме!» деді, сол кезде әкемнің сенімін қаншалықты ақтау қажеттігін ұқтым», – дейді болашақ офицер Руслан Атантаев.
Үйдің үлкені Бақдаулет жеке меншік таңдау жасап, тағдырын WOPPEY IT компаниясымен жалғап, қазіргі кезде IT маманы болып жұмыс жасауда, қаншалықты болмысы бөлек таңдау болса да, ағайындылар өзара тату, біріне бірі жаға, тыныс болып, бауыр тартып әрдайым көмекке келуге дайын.
Кенже ұлдары Бақберген қазіргі уақытта Қарағанды қаласының орта мектебінің 3 сынып оқушысы, әлі алдына «кім боламын» деп мақсат қоймаса да алдына жан салмас, әрдайым ата-анасына көмекші болып жүр.
Әскери тақырып дамыған техноголиялар заманында түрлі сыңнан өтіп келеді, себебі ел қорғау жолында сардарлар мен келісім шарт бойынша әскери қызметшілердің, сарбаздардың еңбегі біреуге оң жағынан көрінсе, өзгеге сың сияқты, тарихымызды біле білсек еліміздің ел болуына аттасып, болашағымыз үшін қорған болған ата-бабаларымыздың ерлігін айтатын болсақ кең байтақ жерімізге сыймайды, солардың мұрагерлері қазіргі Ұлттық ұлан әскери қызметшілері өз міндеттерін адал да батылдық танытып атқарып келеді. Қазіргі таңда әскери отбасы құрғандар саны өте көп, атадан балаға династия қуалап, офицер ғана емес, сержант қатарынан таңылып жатқандар да аз емес, мұның өзі еліміздің іргесі әлі де мызғымас болатынына, Тәуелсіздігіміз баянды, жерін қорғау жолында тәрбиенің әлі де барына дәлел.
Аспанымыз ашық, болашағымыз жарқын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деп тілеймін!!!
Капитан Алияр Дүйсенбай, Қарағанды қаласы.