2022 жылғы 9 қараша күні Көкшетау қаласында медицина саласындағы өзге этнос өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» атты облыстық байқауы өтті.
Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту.Шараға облыстың аудандары мен қалаларынан медицина саласында білім алып және қызмет істеп жүрген 13 үміткер қатысты.
Байқау төрт кезеңнен тұрды. Алғашқысында қатысушылар өз өнерлерін көрсетсе, екінші бөлігінде қазақтың мақал-мәтелдері бойынша білімдерін сынады. Бұдан кейін экрандағы ұяшықтарда көрсетілген тақырып төңірегінде ой өрбітті. Ең соңында бір минут ішінде жиырма сұраққа жедел жауап беру бойынша сайысты.
«Қазақ тілінің жаһандану кезіндегі рөлін күшейтудің негізгі шарттарының бірі – этнос арасында мемлекеттік тілдің қолданыс рөлін кеңейту. Үміткерлердің осындай байқауға қатысып, бақ сынауы – мемлекеттік тілдің әлеуметтік мәртебесін жоғарылату ісіне, мемлекеттік тілді рухани-мәдени құндылық ретінде дәріптеуге қосқан үлесі деуге болады. Денсаулық саласы – халық жиі баратын сала болғандықтан, этнос өкілдерін әрі қолдап, әрі ынталандыратын осындай шараларды жиі өткізіп отыру керек»,- деді қазылар алқасының төрағасы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қауымдастырылған профессоры Қасиет Молгаждаров.
Қазылар алқасы байқау қатысушыларының тілді меңгеру деңгейін, жауаптарының мазмұндылығы мен ерекшелігін, қазақ тілінде таза сөйлеуін бағалай отырып, жүлделі ІІІ орынға Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Фания Гиниятуллина лайық деп шешті. Ал ІІ орын «Viamedis Stepnogorsk» емханасының маманы Наргиз Адахамоваға, жүлделі І орын Көкшетау жоғары медициналық колледждің 1-курс студенті Наргиз Махсуталиеваға бұйырды.
«Байқау өте қызықты өтті. Мемлекеттік тіл – барлық этносты топтастыратын байланыс құралы. Сондықтан еліміздің әрбір азаматының мемлекеттік тілді білуі, қазақ тілінде сөйлегені дұрыс деп ойлаймын. Бүгінгі байқауға қатысып, жүлдегер болғаныма қуаныштымын. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылса, қазақша сөйлейтіндер саны арта түседі деп ойлаймын», – дейді байқау жеңімпазы Н.Махсуталиева. Байқау нәтижесі бойынша барлық қатысушыларға тиісті дипломдар мен алғыс хаттар және бағалы сыйлықтар табыс етілді.