Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық бақылауды күшейту мәселелері Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қабырғасында дөңгелек үстелде талқыланды, деп хабарлайды «AqmolaNews» ақпараттық агенттігі.
Отырысқа өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствосының басшылығы, облыстық Қоғамдық кеңес жанындағы заңдылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы, өңірдің Қоғамдық кеңесінің, «Әділдік жолы» РҚБ филиалының, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалының, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Сөз сөйлеу барысында Департамент басшысының бірінші орынбасары Айдос Жақиялин Ақмола облысының Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасында көрсетілген проблемалық мәселелерді айтты.
Мәселен, өңір тұрғындары алдында тұрған сыбайлас жемқорлықпен байланысты негізгі проблемалардың қатарында ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, жолдар мен инфрақұрылым, сондай-ақ экология салалары мәселелері болды. Осы салалар бойынша Департамент құқықтық статистика мәліметтеріне, азаматтардың өтініштеріне, БАҚ жарияланымдарына талдау жүргізеді. Кейіннен, атап айтқанда, құқық бұзушылықтарды анықтау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау, сондай-ақ ұсынымдар әзірлеу жөнінде тиісті шаралар қабылданады. Мұның бәрі аймақтағы әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге жан-жақты қарауға мүмкіндік береді.
«Бұл жұмысқа жергілікті мемлекеттік органдарды, жұртшылық пен азаматтарды белсенді тарту өте маңызды. Күшейтілген өзара іс-қимылдың арқасында біз мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын неғұрлым жүйелі және тиімді іске асыра аламыз. Мұнда Қоғамдық кеңестер мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл саласындағы басқа да қоғамдық ұйымдар маңызды рөл атқарады», – деп атап өтті Айдос Жақиялин.
Кездесу барысында Заңдылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы Сәуле Құсайынова 2022 жылға арналған Облыстық Қоғамдық кеңестің жұмыс жоспарын орындау шеңберінде қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.
Бұдан басқа, «Әділдік жолы» РҚБ және «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық қозғалыс» РҚБ филиалдарының басшылары Алмат Исмағулов пен Игорь Плюснин Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасын іске асыру шеңберінде жүргізіліп жатқан қоғамдық мониторингтер туралы хабардар етті.
Талқылау қорытындысы бойынша дөңгелек үстелге қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың маңызды мәселелері бойынша тиімді ынтымақтастық құрудың алдағы жоспарларын анықтады.