Ақмола облысында Республика күніне орай мыңнан астам түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылды. Оларға облыс тұрғындары мен қонақтары, шығармашылық-зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер қызметкерлері, жастар мен оқушылар тартылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Нариман Әбдірахмановтың айтуынша, өңірде 100-ден астам түрлі форматтағы іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Осылайша «жас өлкетанушылардың, экологтардың және табиғат зерттеушілерінің облыстық форумы», «Мұратымыз-Мәңгілік Ел!», өз елі туралы «Отаным-алтын бесігім» атты шығармашылық конкурстар, сарапшылар мен ғалымдардың қатысуымен әділ Қазақстанды құрудағы мемлекеттік модель мен саяси мәдениетті жаңарту мәселелеріне арналған ғылыми-практикалық конференциялар өтеді.
«Облыстың барлық мектептерінде саябақтар, табиғатты қорғау аймақтары бойынша танымдық экскурсиялар, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша дәрістер мен сынып сағаттары өткізіледі, өзін-өзі басқару органдары мен балалар ұйымдарының көшбасшылары арасында «Мен-елімнің ертеңімін!». «Егемендік – елдің баға жетпес игілігі!» , студенттер мен оқушылардың қатысуымен «Менің кішкентай Отаным» дөңгелек үстелі. Білім беру ұйымдарының кітапханаларында Егемен Қазақстанның қалыптасуы мен жетістіктеріне арналған тақырыптық көрмелер ұйымдастырылады», – деп мәлімдеді Нариман Әбдірахманов.
Ақмола облысы өзінің терең тарихымен және мәдени құндылықтарымен елге танымал. Сондықтан да болар, өзге өңірлерден және шетелден келген қонақтар қатысатын ірі мәдени және шығармашылық іс-шаралардың орталығына айналады. Мысалы, Көкшетауда «Республика әні» авторлық музыкалық байқауы, «Ұлы даланың ұлттық тілі» облыстық форумы, «Қазақстан – мақтанышым» балалар вокалдық ұжымдарының облыстық фестивалі, «Ұлттың ұлы ұстазы» өңірлік ақындар айтысы өтеді. Республика күніне орай өтетін мәдени-бұқаралық іс – шаралар туралы осылай деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова.
«Бізде Алматы, Қызылорда, Ақтау қалаларынан үздік өнерпаздардың қатысуымен Республикалық театрлар фестивалі, жас таланттарды анықтау және қолдау мақсатында жыл сайынғы «Ақмола жұлдыздары» шығармашылық байқауы ауқымды шара болмақ. Қазір еліміздің еңбек сіңірген қайраткерлерімен бірлескен жұмыстар қарқынды жүргізілуде», – деп атап өтті Айгүл Баубекқызы.
Сондай-ақ, өңірде экологиялық, жастар, патриоттық және қайырымдылық акциялары өтіп жатыр. Республика күніне бірқатар жаңа нысандардың ашылуы орайластырылды. Бестөбе ауылының №2 мектебінде өлкетану мұражайы ашылады және Балкашино ауылындағы 36 пәтерлі екі үйдің жаңа қоныстанушыларына кілт табыс етіліп, Целиноград ауданында жаңа медициналық орталық және тағы бірнеше жаңа нысандар ашылады деп күтілуде. Басты іс – шара-25 қазан күні, өңірдің барлық орталық алаңдарында, саябақтар мен скверлерде жаппай халықтық мерекелер, жәрмеңкелер, көрмелер, мерекелік концерттер ұйымдастырылады.
Камила Әбделманова